Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үш жыл бұрынғы қасірет қайталана жаздады: "Семей орманындағы" өрт сөндірілді

Семейдегі орман өрті
Фото: ТЖМ

2023 жылғы алапат өрттен кейін тағы да отқа оранған "Семей орманы" резерватындағы ірі өрт оқшауланды. Құтқарушылар бірнеше күн бойы жүздеген маман мен авиацияның көмегімен тілсіз отпен күресті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Абай облысындағы "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының Бородулиха филиалына қарасты Қамышен орманшылығы аумағында шыққан ірі орман өрті оқшауланды.

Өрт 16 шілдеде тұтанған. Тілсіз отпен күреске ТЖМ, ІІМ, ҰҚК, Қорғаныс министрлігі, орман шаруашылығы мекемелері, жергілікті атқарушы органдар және Денсаулық сақтау министрлігінің күштері жұмылдырылды.

Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, өртті сөндіруге 769 адам, 191 арнайы техника және 8 тікұшақ тартылған. Авиация 319 рет су төгіп, жалпы 709 тонна су жеткізген. Өрт сөндіру жұмыстарына аптап ыстық, өрт қаупінің өте жоғары деңгейі және жер бедерінің қолайсыздығы кедергі келтірді

Премьер-министрдің тапсырмасымен оқиға орнына төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев барды.

Бұған дейін өрттің ашық жалыны толық сөндірілгені, алайда мамандар әлі де бықсып жатқан ошақтарды жою жұмыстарын жалғастырып жатқаны хабарланған еді.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, өрт шарпыған жалпы аумақ 370 гектарға жеткен. Өрттің нақты шығу себебі әлі анықталған жоқ. Алдын ала болжам бойынша, тілсіз от найзағайдың түсуінен тұтанған болуы мүмкін.

Еске салайық, 9 маусымда Абай ауданында 30 мың гектарға жуық аумақты шарпыған өрт шыққаны белгілі болды. Алайда кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Сондай-ақ орман шаруашылығының 14 қызметкерімен байланыс үзілгені айтылды. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.

9 маусымда түн ортасына таман президенттің баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға сапарын кейінге қалдырып, Абай ауданындағы өрт аймағына ұшатынын хабарлады. Сондай-ақ президент Абайдағы өртпен күресу үшін бар мүмкіндікті пайдалануды тапсырды. Төтенше жағдайлар министрлігі 10 маусымға қараған түні Абайдағы өртті сөндіруге Алматы мен тағы төрт облыстан қосымша күштер мен құралдар жіберілетінін мәлімдеді.

"Семей орманы" табиғи резерватында болған ірі өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты.

Адамдардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

13 маусымда Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірдегі өрт алаңы айтарлықтай қысқарғанын мәлімдеді.

14 маусымда төтенше жағдайлар министрлігі орман өртінің толығымен ауыздықталғанын айтты.

Айым Атамбаева
Сенбі, 18 Шілде, 2026 12:39