Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өлім жазасына кесілген әйел екі өлім инъекциясынан кейін тірі қалды

Криста Пайк
Фото: TENNESSE DEPARTMENT OF CORRECTIONS

АҚШ-тың Теннесси штатында өлім жазасына кесілген 50 жастағы Криста Пайкке екі рет өлімге әкеп соғуға тиіс инъекция салынғанымен, ол тірі қалды. Әйел кейін медициналық мекемеге жеткізілген. Өлім жазасын орындауға АҚШ Жоғарғы соты рұқсат берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Өлім жазасы басталардан шамамен бір сағат бұрын федералдық апелляциялық сот рәсімді уақытша тоқтатқан. Судьялар Криста Пайктің қорғаушылары келтірген уәждерді жан-жақты зерттеу үшін қосымша уақыт қажет екенін мәлімдеген.

Алайда Теннесси штатының прокуроры бұл шешімге қарсы шығып, АҚШ Жоғарғы сотына жүгінді. Жоғарғы сот төменгі инстанцияның өлім жазасын кейінге қалдыру туралы шешімінің күшін жойды.

Бұл шешімді АҚШ Жоғарғы сотының судьясы Бретт Кавано қабылдаған. Ол шешімінің себебін түсіндірмеген. Ал соттың үш мүшесі – Соня Сотомайор, Елена Каган және Кетанджи Браун Джексон өлім жазасын орындауға қарсылық білдірген.

Жоғарғы соттың шешімі жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 18:00-де шыққан. Ал өлім жазасын орындауға берілген ордердің мерзімі сол түні сағат 00:00-де аяқталуға тиіс болған.

Кейін Пайктің адвокаттары оның екі рет жасалған өлім инъекциясынан кейін де тірі қалғанын хабарлады. Өлім жазасын орындау процесі жүріп жатқан кезде қорғаушылар рәсімді шұғыл тоқтатуды талап еткен.

“Пайк есінен танды, бірақ жүрегі әлі соғып тұр. Оның қорылдап жатқаны естіледі”, – делінген адвокаттардың өтінішінде.

Пайктің өкілдерінің бірі оған екі доза пентобарбитал енгізілгеннен кейін реанимациялық шаралар жасалып жатқанын айтқан. Пентобарбитал – күшті ұйықтататын препарат, АҚШ-тың бірқатар штатында өлім жазасын орындау кезінде қолданылады.

Өлім жазасына куә болған адамдар инъекциялар енгізілгеннен кейін де Пайктің тыныс алуын жалғастырғанын жеткізген. Біраз уақыттан кейін куәгерлер өлім жазасы орындалатын бөлмеден шығарылған. Артынша түрме аумағына бірнеше жедел жәрдем және төтенше қызмет көлігі келген.

Теннесси штатының түзеу мекемелері департаменті қызметкерлер өлім жазасын орындау хаттамасының барлық талабын қатаң сақтағанын мәлімдеді.

Қолданыстағы хаттамаға сәйкес, егер сотталған адам бірінші инъекциядан кейін қайтыс болмаса, оған препараттың екінші дозасы беріледі. Алайда құжатта екінші дозадан кейін де сотталушы тірі қалса, әрі қарай қандай әрекет жасалуы керегі көрсетілмеген.

Криста Пайктің қазіргі жағдайы нақты белгісіз. Сондай-ақ оның адвокаттары мен штат билігінің енді қандай құқықтық әрекетке баратыны да әзірге хабарланған жоқ.

Қорғаушылардың айтуынша, Пайк бұған дейін өлім жазасын орындау кезінде бірқатар проблема туындауы мүмкін екенін бірнеше рет ескерткен.

Оның адвокаттары сотталушының тамырына ине салуда қиындық болуы ықтимал екенін, ине енгізу кезінде тамырлардың зақымдануы, пентобарбитал препаратының сапасына қатысты мәселе туындауы және жағдай күрделенген кезде тиісті жедел медициналық көмектің көрсетілмеуі мүмкін екенін айтқан.

“Бүгін кешке Теннесси штаты заң аясында өлім жазасын тағы да орындай алмады. Бұл жерде өз сөзіміздің дұрыс шыққанына қуанып отырған жоқпыз. Алайда Пайк бұған дейін айтқан қауіптердің негізсіз болмағаны белгілі болды”, – делінген қорғаушылардың мәлімдемесінде.

Эмори университетінің медицина мектебінің профессоры Джоэл Зивот Пайктің ағзасында өлімге әкеп соғатын мөлшердегі пентобарбитал концентрациясы қалыптаспаған болуы мүмкін деп болжады.

Ол сондай-ақ реанимациялық көмек кеш көрсетілген жағдайда Пайктің миына зақым келуі мүмкін екенін жоққа шығармады.

Death Penalty Information Center ұйымының атқарушы директоры Робин Махер бұл жағдайды “бірегей әрі бұрын-соңды болмаған оқиға” деп атады.

Оның айтуынша, бұған дейін АҚШ-та өлім жазасын орындаушылар сотталған адамның тамырын таба алмай, рәсім аяқталмай қалған жеті жағдай тіркелген. Алайда өлім жазасына арналған препараттар ағзаға толық енгізілгеннен кейін сотталушының тірі қалуы бұған дейін болмаған.

Оқиғадан соң Теннесси штатының губернаторы Билл Ли штат аумағында жыл соңына дейін барлық өлім жазасын тоқтатуға тапсырма берді. Осы жылға жоспарланған тағы бір сотталушының өлім жазасы да орындалмайтын болды.

Губернатор болған жағдайдың нақты себептерін анықтау үшін тәуелсіз әрі жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырғанын айтты.

“Заңды сот үкімін орындау – штаттың ең маңызды міндеттерінің бірі. Теннесси тұрғындары бұл үдерістің заңға және Конституцияға сәйкес қана емес, тиімді түрде жүзеге асырылуын да күтеді”, – деді Билл Ли.

Криста Пайк не үшін өлім жазасына кесілді?

50 жастағы Криста Пайк 1996 жылдан бері өлім жазасын күтіп келген.

Ол 18 жасында сол кездегі жігіті Тадарил Шипппен бірге 19 жастағы Коллин Слеммерді аяусыз ұрып-соғып, азаптап, өлтіргені үшін кінәлі деп танылған. Олар бір-бірімен мінез-құлқында мәселелері бар жасөспірімдерге арналған кәсіби даярлық лагерінде танысқан.

Коллин Слеммер
Фото: FAMILY HANDOUT

Тергеу деректеріне сәйкес, Пайк Коллин Слеммер өзін қорлады және жігітін тартып алуға тырысты деп мәлімдеген.

Кейін лагерьдің тағы екі тәрбиеленушісі Пайктің қылмысқа дейін де, одан кейін де кісі өлтіру туралы мақтанып жүргенін айтқан. Сондай-ақ куәгерлер оның жәбірленушінің бас сүйегінің бір бөлігін өзге адамдарға көрсеткенін мәлімдеген.

Бұл қылмыс АҚШ қоғамында үлкен резонанс тудырған. Себебі марқұмның кеудесіне пентаграмма бейнесі ойылып салынған. Ол кезде бұл белгі сатанистік рәсіммен байланыстырылған.

Қылмыстан кейін бір жылдан соң Криста Пайк өлім жазасына кесілді. Ал қылмыс кезінде 17 жаста болған оның жігіті Тадарил Шипп шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу мүмкіндігі қарастырылған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын алды.

Егер Криста Пайкке қатысты өлім жазасы кейін қайта орындалса, ол Теннесси штатында кейінгі 200 жылдан астам уақыт ішінде өлім жазасына кесілген алғашқы әйел болмақ.

1970-жылдардан бері АҚШ-та барлығы 18 әйелге өлім жазасы орындалған. Осы уақыт аралығында өлім жазасына кесілген ер адамдар саны 1663 болған.

Бұған дейін АҚШ Жоғарғы соты Пайктің өлім жазасын кейінге қалдыру туралы өтінішін қабылдамаған. Сондай-ақ Теннесси губернаторы оны кешіру туралы өтінішті де қанағаттандырудан бас тартқан.

Қорғаушылар оның балалық шағын алға тартты

Кейінгі жылдары Криста Пайктің қорғаушылары оның бала кезінде сексуалдық зорлық-зомбылық көргені және қараусыз, қиын жағдайда өскені туралы құжаттар жинаған.

Адвокаттардың айтуынша, бұл мәліметтердің едәуір бөлігі 1996 жылы үкім шығарған алқабилерге белгісіз болған. Қорғаушылар егер Пайк дәл осындай өмірбаянмен қазір сотталған жасөспірім болса, оның кінәсін дәлелдейтін айғақтар болған күннің өзінде өлім жазасына кесілмеуі мүмкін еді деген уәж келтірген.

Олар Теннесси штатының өкілдері ұзақ жылдар бойы сотта Пайктің бала кезінде сексуалдық зорлық-зомбылық көргені туралы айтқан сөздерін жалған деп санағанын да атап өткен.

Алайда жақында оның өлім жазасын қандай әдіспен орындау керегіне қатысты сот отырысында штат өкілдері Пайктің бала кезінде сексуалдық зорлық-зомбылық пен зорлауға ұшырағаны туралы деректі енді жоққа шығармайтынын мәлімдеді.

Ал Апелляциялық сот судьялары Криста Пайктің ісіне қатысты қорғаушылар келтірген уәждерді қарауға қосымша уақыт қажет деген шешімге келді. Алайда кейін бұл шешімді АҚШ Жоғарғы соты жойып, өлім жазасын орындауға келісім берді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 02 Қазан, 2026 14:50