Екі әйелді өлтірген қылмыскердің өлім жазасы соңғы сәтте тоқтатылды
АҚШ-тың Джорджия штатында екі әйелді өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген 53 жастағы Стейси Хамфристің үкімі орындалуына санаулы сағат қалғанда тоқтатылды. Сот мұндай шешімді оның бала кезінде зорлық-зомбылық көргені туралы жаңа деректерге байланысты қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Хамфриске 2003 жылы Атланта маңында 33 жастағы Синди Уильямс пен 21 жастағы Лори Браунды өлтіргені үшін өлім жазасы кесілген. Ол 17 қыркүйек күні жергілікті уақытпен сағат 19:00-де өлімге әкелетін дәрі егу арқылы жазалануға тиіс еді.
Алайда сотталған азаматтың адвокаты Брайан Каммер оның бала күнінен отбасындағы қатігездік пен зорлық-зомбылықтан зардап шеккенін мәлімдеді. Қорғаушының айтуынша, Хамфрис жылдар бойы соққыға жығылған, үш жасында бас сүйегі сынып, дер кезінде ем алмаған. Сондай-ақ ол жыныстық зорлық көріп, денесіне темекі басылғанын және есірткі мен ішімдікке тәуелді адамдардың ортасында өскенін айтқан.
"Бұл зорлық-зомбылық оның психикалық денсаулығына ауыр зақым келтіріп, кейінгі қылмыстық әрекеттеріне елеулі ықпал етті", – деді адвокат.
Осы уәждерді ескерген Кобб округінің судьясы Тайлер Браунинг өлім жазасын уақытша тоқтатып, істі қайта қарауға мүмкіндік берді. Кейін Джорджия Жоғарғы соты да апелляциялық талқылау аяқталғанша үкімді орындамау туралы шешім шығарды.
Қорғаушы тарап биыл қабылданған "Зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге әділеттілік туралы" заңға сүйеніп отыр. Бұл құжат бала кезінде немесе отбасында зорлық көрген адамның басынан өткен жағдайлары қылмыс жасауына әсер еткені дәлелденсе, жазасын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Адвокаттар өлім жазасын өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруды сұрап отыр.
Ал штат прокуратурасы жаңа заңның бұл іске қатысы жоқ екенін алға тартты. Прокуратура өкілдерінің пікірінше, заң сотталған адам өзі зиян келтірген жәбірленуші тарапынан зорлық көрген жағдайларға арналған және өлім жазасына кесілгендерге қатысты екені құжатта көрсетілмеген.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2003 жылғы 3 қарашада Хамфрис жылжымайтын мүлік агенті болып істейтін екі әйелдің кеңсесіне кірген. Ол оларды қорқытып, банк карталарының құпия кодтарын айтқызғаннан кейін атып өлтірген. Кейін әйелдердің есепшоттарынан 3 мың доллардан астам ақша шешіп алған. Ұсталған кезде қылмыскер бұл қаражатты көлігіне алған қарызын өтеу үшін қажет еткенін айтқан.
Енді Хамфристің өлім жазасы орындала ма, әлде өмір бойғы түрме жазасына ауыстырыла ма – оны алдағы сот талқылауы анықтайды.
Қазақстандық компания қазақ тілінде баяндама жасаған қызметкерді жұмыстан қуды деп айыпталды