Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құрылтайдан кеткен Татьяна Савельева Қорғаныс министрінің орынбасары болды

шенеунік
Фото: parlam.kz

Жаңа ғана Құрылтай депутаты лауазымынан босатылған Татьяна Савельева Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне кірісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлыққа қол қойды. 

“Мемлекет басшысының өкімімен Татьяна Михайловна Савельева Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды”, – делінген хабарламада. 

Бұған дейін бұл қызметте Әскер Құрманғалиұлы Бейсенов отырған еді. Ол президенттің бұйрығымен лауазымынан босатылды.

Татьяна Савельева туралы не белгілі?

Татьяна Савельева 1976 жылы 11 сәуірде дүниеге келген.

2001 жылы Ақмола аграрлық университетін “Экономика және менеджмент” мамандығы бойынша, ал 2007 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін “Экономика” мамандығы бойынша тәмамдаған.

Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 1999 жылы Астана қаласы Қаржы басқармасының жетекші маманы ретінде бастаған.

2002 жылы мамырдан қазанға дейін Қаржы министрлігі Мемлекеттік бюджет департаментінің Республикалық бюджетті әзірлеу басқармасында бюджетті әзірлеу бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеген.

2002 жылы қазаннан 2008 жылы қарашаға дейін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде түрлі қызметтер атқарған. Атап айтқанда, бас маман, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, бас сарапшы және Бюджет саясаты және жоспарлау департаменті директорының орынбасары болған.

2012 жылы маусымнан 2016 жылы сәуірге дейін Қаржы министрлігінің Бюджеттік жоспарлау және болжау департаменті және Бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры қызметін істеді.

2016 жылы 5 сәуірде Татьяна Савельева Қаржы министрінің орынбасары болып тағайындалған. Бұл қызметті 2023 жылы 28 наурызға дейін атқарған.

2024 жылы 6 ақпанда Мәди Такиевтің депутаттық өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылды. Осыдан кейін 14 ақпанда Татьяна Савельева Парламент мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы болып сайланды.

2026 жылы 1 шілдеде жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты Татьяна Савельеваның депутаттық өкілеті тоқтатылды. Аталған Конституцияға сәйкес, Парламент таратылды.

Ол биыл 27 тамызда “Әділет” партиясы арқылы сайланып, Қаржы және бюджет комитетінде жұмыс істеген. 

Істің мән-жайы

Еске салсақ, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Ресми мәлімет бойынша, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде 17 әскери қызметкер теңізге кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметкер қаза тапты.  

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. 24 қыркүйекте сағат 22:30-да премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен комиссия отырысы өтті. Тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу және жедел-іздестіру шаралары басталған. Қажетті сот сараптамалары да тағайындалған. 

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – "Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау" және 465-бабы – "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. 

Қайғылы жағдайға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. 

Кейін Қорғаныс министрі болған Дәурен Қосанов қызметінен кетті. Тоқаев оның орнына қорғаныс министрі қызметіне Айдос Мырзахметовті тағайындаған еді. Президент жаңа қорғаныс министріне әскердегі басқару жүйесін жетілдіруді тапсырды.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 07 Қазан, 2026 11:59