Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

13 қылмыстық іс қозғалды: Каспийдегі сарбаздар өлімінен кейін Қорғаныс министрлігіне қатысты тексерудің алғашқы қорытындысы жариялады

 
Тоқаев Қорғаныс саласы есеп
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады. Кездесуде Қорғаныс министрлігінің бюджеті қайда және қаншалықты тиімді жұмсалып жатқаны талқыланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаевқа Қорғаныс министрлігінде бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігіне қатысты жоспардан тыс жүргізіліп жатқан аудит туралы есеп берілді.

“Ауқымды тексеріс 50 нысанды, соның ішінде 48 әскери бөлімді қамтиды. Осы мақсатта мемлекеттік аудит жүйесінің жетекші мамандарынан, сондай-ақ IT және байланыс саласы сарапшыларынан арнайы топ жасақталды. Аудит аясында Қарулы күштер қызметінің барлық негізгі бағытындағы ахуалға баға беріледі. Атап айтқанда, әскери бөлімшелердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, жеке құрамның даярлығы, әскери оқу-жаттығу жиындарының өткізілуі, әскери инфрақұрылымның дамуы, қару-жарақ пен техниканың жаңғыруы, цифрлық жүйелердің ақаусыз жұмыс істеуі түгел тексерілмек”, – делінген есепте. 

Сонымен қатар президентке мемлекеттің қорғаныс саласындағы тапсырысына жүргізілген аудиттің нәтижелері де таныстырылды. Тексеру қорытындысымен Үкімет пен мемлекеттік органдарға заң бұзушылықтарды жою бойынша 57 ұсыным мен тапсырма берілді. Сондай-ақ Президентке экономикалық және әлеуметтік салалардағы аудиттің барысы баяндалды.

Президент сонымен қатар Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия мүшелерімен кеңес өткізді. Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева тексерістің негізгі бағыттары жөніндегі қорытындыны баяндады. Жиын барысында Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға Қарулы күштерде қордаланған жүйелік проблемаларды әшкерелегені атап өтілді.

“Алдын ала тергеу нәтижесі әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде өрескел қателіктер жіберілгенін және бұған дейінгі басшылық тарапынан тиісті қадағалау болмағанын көрсетті. Мемлекет басшысы алғашқы кадрлық шешімдер қабылданғанын, алайда әскери қызметшілердің қазасына кінәлі лауазымды тұлғалардың барлығы заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуға тиіс екенін мәлімдеді. Аталған мәселе Президенттің жеке бақылауында болады”, – делінген хабарламада.

Тексерудің бірінші кезеңінде бірқатар заң бұзушылық анықталды. Соның негізінде мемлекет мүлкін жымқыру, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдардағы басқа да заң бұзушылықтар бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды.

“Маңғыстау облысындағы трагедияның жай-жапсарын зерттеу барысында оқу-жаттығу жиындарын дайындау және жоспарлау кезінде тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскерилердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты елеулі кемшіліктерге жол берілгені анықталды. Қолбасшылық құрамның қылмысқа парапар салғырттығы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Бес лауазымды тұлға тұтқындалды. Тергеу аяқталған соң олардың әрекетіне түбегейлі құқықтық баға беріледі. Сонымен қатар әскери тәртіп пен алдын алу жұмыстарында біршама кемшілік бары анықталды. Әскерилерге әлімжеттік жасау, жарғыға қайшы әрекет ету фактілері әшкереленіп, қылмыстық істер қозғалды. Қауіпсіздік талаптарын, әскери қызметті өткеру шарттарын сақтау, тылды қамтамасыз ету және жеке құраммен тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселелеріне айрықша мән беріліп отыр”, – делінген хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаев Комиссияға Қорғаныс министрлігінің жаңа басшылығымен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды Тексеріс нәтижесі Қарулы күштерді реформалау жоспарын дайындау кезінде ескерілуге тиіс.

“Жиында қазіргі заманның сын-қатерлеріне қарсы тиімді әрекет ететін жаңа тұрпатты армия қалыптастыру қажеттігіне баса мән берілді. Жаңғыру белгілері әскери тәртіптің күшеюінен, әскери қызметшілерге борышын өтеу кезінде тиісті жағдай жасаудан және қауіпсіздік деңгейінің артқанынан байқалуға тиіс. Сонымен қатар кешенді тексеріс объективті түрде жүргізіліп, әскердің жауынгерлік әзірлігіне нұқсан келтірмеу қажеттігі атап өтілді. Қарулы күштер қатарында Конституциядағы "Заң мен тәртіп" қағидаты мүлтіксіз сақталуы керек”, – деді Ақорда. 

Кездесу соңында Президент Қорғаныс министрлігіндегі аудитті жалғастырып, мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев қорғаныс министрлігіндегі үш жоғары лауазымды қызметкерді босатқан еді.

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 05 Қазан, 2026 17:20