Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев жастардың ЖИ жобаларын өндірісте сынауға мүмкіндік беруді тапсырды

Тоқаев Жасанды интеллект
Фото: Ақорда

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысы өтті. Жиында жастарды жасанды интеллект саласына тартып, олардың жобаларын өнеркәсіпте сынауға мүмкіндік беруді тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президент Қазақстан үшін басты міндет еңбек өнімділігін арттыру екенін алға тартты. Бұл ретте жасанды интеллект өндіріс тиімділігін үлкен көмек болады. Осыған орай 2029 жылға дейін Қазақстанда экономикалық нәтиже беретін жасанды интеллектінің ұлттық экожүйесі құрылып жатқанын да жеткізді.

“Биылғы сегіз айда өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 46 триллион теңгеге жуықтады. Өңдеу өнеркәсібі былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда 8,4 пайызға өсті. Дегенмен экономикалық өсімнің жоғары қарқынын сақтау үшін еңбек өнімділігін арттырып, өнеркәсіп базасын жаңғыртуға және қосылған құны жоғары өнім өндіруге мән беру қажет. Бұл мақсатқа жетуде жасанды интеллектінің атқаратын рөлі айрықша. ЖИ-дің шынайы құндылығы сол – адам әлеуетін күшейтеді. Яғни ЖИ инженерлерге нақты қадамдар жасауға, жұмыс тиімділігін ұлғайтуға, басшылыққа қажет кезінде дереу талдау деректеріне сүйеніп, жедел әрі дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Өнеркәсіптегі саясатымыз осы қағидатқа негізделген, – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев Үкіметке ұлттық компаниялар мен жеке бизнеспен бірлесіп, өндірістегі өзекті жасанды интеллект міндеттерін анықтап, оларды үнемі жаңартып отыруды тапсырды.

“Бізге жасанды интеллектіні пайдалана отырып, өндірістік үдерістерді кешенді түрде трансформациялау қажет. Қазіргі кезде көптеген кәсіпорында цифрландыру жұмыстары шашыраңқы жүргізіліп жатыр. Жекелеген операцияларды автоматтандырып, жаңа қызметтерді енгізгенімізге қарамастан, өндіріс моделі көп жағдайда өзгеріссіз қалады. Мұндай тәсіл өзін өзі ақтамайды. Кәсіпорындар бүкіл өндіріс тізбегін қайта қарап, қай тұста ЖИ көмегімен тиімділікті барынша арттыруға болатынын айқындауы керек. Үкімет "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, негізгі бизнес-үдерістері жасанды интеллект арқылы жан-жақты трансформацияға ұшырайтын кәсіпорындарды анықтағаны жөн. Жаңа технологиялар өндірісті басқару жүйесіне тікелей кірігуге тиіс. Анағұрлым сәтті модельдерді бүкіл ел аумағында таратуға болады”, – деп қосты ол.

Осы тұста президент Qazaq AI Research University-дің жоғары санатты мамандар даярлайтын орталық қана емес, қолданбалы зерттеулер жүргізілетін алаңдардың бірі болуға тиіс екенін алға тартты. Айтуынша, ЖИ жобаларын дамыту үшін талантты жастарды тартып, өндірісте сынауға мүмкіндік беріп, бастапқы кезеңдегі тәуекелдерді азайтуға Үкімет қолдау көрсетуі керек.

Тоқаев AI-Sana бағдарламасын өндірістегі нақты мәселелермен байланыстырып, сәтті сынақтан өткен ЖИ жобаларын артық кедергісіз өндіріске енгізіп, кеңінен таратудың тиімді жолын әзірлеуді тапсырды.

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 02 Қазан, 2026 17:00