Қазақстанда тағы бір сайлау өтеді: Тоқаев мәслихаттарды мерзімінен бұрын таратуды тапсырды
Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұны мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістердің қорытынды кезеңі деп атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қорытынды кезеңде барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтеді. Қазіргі жергілікті өкілді органдардың депутаттары Конституция мен заңдарда көзделген негіздер бойынша өкілеттігі тоқтатылғанға дейін өз қызметін жалғастырады", – деді президент.
Тоқаев мәслихат депутаттарының басым бөлігі AMANAT партиясынан сайланғанын айтты. Оның сөзінше, қазір партия "Әділет" партиясына қосылғандықтан, заңдық рәсімдер аяқталған соң депутаттар корпусының басым бөлігінің легитимдігіне қатысты мәселе туындайды.
"Алайда мәслихаттар азаматтардың жергілікті жердегі мүддесін білдіру, бюджетті бекіту және өңірлердің дамуын бақылау жөніндегі міндеттерін толық атқаруы керек. Бір сөзбен айтқанда, олар жергілікті жердегі халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге белсенді атсалысуы қажет. Өкілді органдардың қызметі заңға сәйкес жүргізілуге тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі бойынша консультация өткізетінін мәлімдеді.
" Оның қорытындысы бойынша тиісті жарлыққа қол қоямын. Бұдан кейін Орталық сайлау комиссиясы алдағы сайлаудың күнін белгілеуі керек", – деді Президент.
Конституцияда мәслихат өкілеттігін Президент Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен консультациядан кейін мерзімінен бұрын тоқтататыны көрсетілген.
Аптап ыстық 450 мың адамның өмірін қиюы мүмкін: Эль-Ниньо Қазақстанға қалай әсер етеді?