Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"I am Jane Doe": Қазақстандықтар бастан өткерген зорлық-зомбылықтары туралы айтып берді

Зорлық жасау
Фото: Magnific.com

Кейінгі күндері Threads желісінің қазақстандық сегментінде “I am Jane Doe. I am from Kazakhstan” деген жазбалар жиіледі. Алғашында АҚШ-та сексуалдық зорлық көрдім деп мәлімдеген студенттің жеке басын қорғау үшін басталған науқан Қазақстанға жеткен соң басқа сипат алды. Әйелдер бұл тіркестің астында бала кезінде, жасөспірім шағында немесе ересек өмірінде бастан өткерген зорлық пен қысым туралы ашық жаза бастады. Stan.kz бұл қозғалыстың неден басталғанын және қазақстандықтар не туралы айтып жатқанына шолу жасады.

Jane Doe деген кім?

“Jane Doe” – нақты адамның аты-жөні емес. АҚШ-та сот және құқық қорғау тәжірибесінде жеке басын жариялау қауіп тудыруы мүмкін әйелдерге осындай шартты есім беріледі. Ер адамдарға қатысты осыған ұқсас “John Doe” атауы қолданылады.

Қазіргі #IAmJaneDoe флешмобының басталуына Корнелл университетінің бұрынғы студентіне қатысты іс түрткі болды.

Әйел 2024 жылы, 20 жасында, ол Chi Phi студенттік ұйымының үйінде өткен кеште сексуалдық зорлыққа ұшырағанын мәлімдеді. Кейін ол жеті бұрынғы студенттің және бірқатар ұйымдардың үстінен азаматтық талап арыз түсірген.

Бұл іс бірден үлкен қоғамдық резонанс тудырмаған. Әйел сол кезде полицияға жүгінгенімен, қылмыстық қудалау айып тағуға дейін жетпеген. Алайда 2026 жылы ол азаматтық талап арыз бергеннен кейін оқиға АҚШ-та қайта талқылана бастады. Нью-Йорк билігі де іске қайта назар аударды.

Айып тағылған ер адамдар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарады.

Jane Doe бойынша күдіктілер
Фото: Әлеуметтік желі

Флешмоб қалай басталды?

Науқанның шығуына істің өзі ғана емес, әлеуметтік желілерде Jane Doe-дің шынайы есімін анықтауға әрекет жасалғаны да әсер етті.

Америкалық журналист әрі саяси комментатор Майкл Трейси әлеуметтік желіде сот құжаттарында Jane Doe деп көрсетілген әйелдің кім екенін анықтауға тырысып жүргенін жазып, оның жеке басына қатысты ақпарат білетіндерден хабарласуды сұраған.

Осыдан кейін желіде оған қарсы реакция басталды.

Әйелдер мен қоғамдық тұлғалар жаппай:

“I am Jane Doe” – “Мен – Jane Doe”, – деп жаза бастады.

Яғни олар жүздеген, тіпті мыңдаған әйел өзін “Jane Doe” деп атаса, нақты әйелді әлеуметтік желі арқылы іздеу әлдеқайда қиындайды деген идеяны ұстанып отыр. Бастапқыда бұл сексуалдық зорлық көрдім деп мәлімдеген адамның анонимдігін қорғауға бағытталған цифрлық қарсылық болды.

Науқанға америкалық журналистер, жазушылар, комиктер және қоғам белсенділері де қосылған.

“I am Jane Doe. I am from Kazakhstan”

Флешмоб Қазақстанға жеткен соң оның форматы тағы өзгерді. Көптеген әйел өз өміріндегі ауыр тәжірибені бөлісе бастады. Олардың арасында бала кезінде болған оқиғалар да, жасөспірім шақтағы жыныстық қысым да, жұмыс орнындағы харассмент те, дәрігер тарапынан жасалған әрекеттер де бар.

"Маған небәрі алты жаста еді"

Флешмоб аясында қазақстандық әйелдер бала кезінде бастан өткерген ең ауыр оқиғаларын да ашық жаза бастады.

Threads қолданушыларының бірі алты жасында көршісінің үйінде қалған кезде жыныстық зорлыққа ұшырағанын айтты. Оның сөзінше, көршінің 13-14 жастағы ұлы оған бірнеше рет зорлық жасаған.

Әйел бұл жағдайды анасына айтқысы келгенімен, жылдар бойы батылы жетпегенін жеткізді. Ол анасы балалық шақтағы кейбір естеліктерін жоққа шығарып, "бұл сенің бала күнгі қиялың" деп қабылдайтынын жазған.

"Тіпті жыныстық зорлық көргенімді айтсам да, ол маған сенбейтін сияқты. Бірде анам “бірдеңе болды ма?” деп сұрады. Бірақ мен ештеңе айта алмадым", – деп жазды ол.

Автор бұл оқиғаның салдары әлі күнге дейін өміріне әсер етіп келе жатқанын да жасырмады.

"Бұл жағдай менімен бірге өмір бойы келе жатыр", – дейді ол.

"Сол күні менің балалығым аяқталды"

Ал заңгер Ләззат Ракишева өзінің оқиғасын аты-жөнін жасырмай жариялаған.

Оның сөзінше, оқиға 1980 жылдың жазында, өзі алты жасқа толмаған кезде болған. Әкесі іссапарда, өгей анасы туыстарына кеткен, ал ағасы достарымен жүргендіктен, ол үйде жалғыз қалған.

Ләззаттың айтуынша, көрші тұратын 18 жастағы жігітті бұрын жақсы таныған және оны өзіне қауіп төндіруі мүмкін адам деп ойламаған.

Бір күні әлгі жігіт оны көшеде тоқтатып, ұзақ қарап, "кездескенше, сұлуым" деген. Әйел сол сәттің өзінде оның көзқарасынан қорқып, үйіне қашып кеткенін еске алады.

Кейін үйде демалып жатқан кезде әлгі жігіт кіріп, оған күш қолданғанын жазған.

"Мен не болып жатқанын түсінбедім. Қарсыласуға тырыстым, бірақ тым кішкентай едім, өзімді қорғай алмадым. Ауырсыну мен қорқыныштан есімнен танып қалдым", – деп жазды ол.

Әйел сол оқиғадан кейін өзін мүлде басқа адамдай сезінгенін айтқан.

"Сол күні менің балалығым аяқталды…" – деп түйіндеді Ләззат Ракишева.

“Мен 10 жаста, ал ол шамамен 70 жаста болды”

Threads қолданушыларының бірі болған оқиғаның 10 жасында болғанын жазған. Оның сөзінше, сол кезде жасы шамамен 70-тегі, анасының туысы болып келетін ер адам оны үйдің қараңғы кіреберісіне алып шығып, қысып ұстап, еркінен тыс сүйген.

Қыз не болып жатқанын бірден түсінбегенін, қатты қорыққанын айтады. Кейін ер адамның әйелі шығып, оны тоқтатқан. Қолданушы бұл жағдайды анасына айтқан кезде, анасы әлгі адамның бұрыннан осындай әрекеттерге бейім екенін жеткізгенін жазды.

“Ер адамдарға мүлде сенбеймін. Балаларыңызды ешкіммен жалғыз қалдырмаңыздар. Адамның ішінде не барын білмейсіздер”, – деп жазды ол.

Jane Doe бойынша жазба
Фото: Threads / Скриншот

 

"Мен жігітпін. Мен де Jane Doe-мын"

Флешмобқа әйелдер ғана емес, ер адамдар да қосыла бастады. Threads қолданушыларының бірі бала кезінде көрген зорлығын алғаш рет ашық жазған.

Оның айтуынша, өзі алты жаста, ал көрші бала 14-те болған. Бір күні әлгі жасөспірім оны құрылыс алаңына ертіп барып, кейін қараусыз қалған бес қабатты үйдің төбесіне шығарған.

Автор сол сәттен кейінгі оқиғаларды толық есіне түсіре алмайтынын айтады. Оның сөзінше, қатты қорқыныштан "қатып қалғандай" болған.

"Келесі есімде қалғаны – кішкентай шортым шешілген, өзім шатырда жалғыз тұрмын. Аяғымнан сұйықтық пен аздап қан ағып жатты", – деп жазды ол.

Ол бұл жағдайды ешкімге айтпағанын, не болғанын бала кезінде түсіне алмағанын жеткізді.

"Осы күнге дейін бәрін анық есіме түсіре алмаймын. Психикам сол күнгі ғана емес, балалық шағымның бір бөлігін де жадымнан өшіріп тастаған сияқты", – дейді автор.

Оның сөзінше, кейін зорлық жасаған жасөспірімнің де өмірі ауыр болған. Бірақ автор үшін бұл оқиға өмір бойы іште қалған жараға айналған.

"288 сағат, 17 280 минут, 1 036 800 секунд"

Тағы бір қазақстандық студент кезінде бірнеше адамның зорлығына ұшырағанын жазған.

Оның айтуынша, өзі 2-3-курс студенті болған кезде үш студент тарапынан бірнеше рет зорлық көрген.

Автор бұл оқиғаны уақытпен есептеп көрсетуге тырысқан.

"Олар үшеу болды. Зорлық алты рет қайталанды. Әр жолы екі күнге созылды. Жалпы – 12 күн. Бұл 288 сағат, 17 280 минут, 1 036 800 секунд", – деп жазды ол.

Оның сөзінше, сол кезде болған жағдайды ешкімге айта алмаған.

"Мен ешкімге айта алмадым. Өйткені қоғамның мені жақтамайтынын түсіндім", – дейді ол.

“Үйде ешкім жоқ еді”

Тағы бір қазақстандық өзінің 8-сыныпта оқып жүрген кезіндегі жағдайды бөлісті. Ол үйде жалғыз отырған кезде 50 жастан асқан көршісі баласын іздеп кіргенін айтады. Қыз еш күдіксіз оған жауап берген. Бірақ кейін ер адам оған жақындап, құшақтап, ары қарай сексуалдық сипаттағы әрекет жасауға тырысқан.

Қыз оны итеріп жіберіп, үйде ешкім болмаса да:

“Папа, келші!” – деп айғайлаған.

Осыдан кейін ер адам қашып кеткен, ал қыз болған жайтты ешкімге айтпаған. Ол жылдар өткеннен кейін ғана сол үнсіздіктің келісім болмағанын түсінгенін жазды.

“Сенің үндемей қалғаның – келісім емес. Сенің қорыққаның – әлсіздік емес. Сен ол кезде жай ғана қорқып қалған бала едің”, – деп жазды ол өткендегі өзіне арнап.

Jane Doe бойынша жазба
Фото: Threads / Скриншот

Жұмыс орнындағы қысым

Флешмобта ересек жаста болған оқиға да көп. Бір қазақстандық әйел 23-25 жас шамасында офис-менеджер болып жұмыс істеген кезінде басшысының танысы тарапынан сексуалдық қысым көргенін жазды.

Оның айтуынша, жасы шамамен 70-тегі ер адам алғашында өзін қалыпты ұстап, кейін рұқсатсыз денесіне қол тигізген.

Әйел сол сәтте не істерін білмей қалғанын, өзін қорғай аламын деп ойлап жүргенімен, шын жағдай туғанда денесі мен санасы басқаша әрекет еткенін жазды.

“Менің қорғану механизмім – сыпайы болуды жалғастыру екен”, – деп түсіндірді ол.

Кейін ол болған жағдайды басшысына айтқан. Бұл оқиғадағы маңызды ерекшелік – жұмыс орнындағы әріптестері мен басшылары әйелдің сөзін жоққа шығармаған. Керісінше, оны қолдап, әлгі ер адаммен өздері сөйлескен.

“Мен үшін шынымен ара түсті”, – деп жазған автор.

Оның сөзінше, сол күннен кейін ер адам кеңсеге сирек келетін болған. Әйел өзіне қолдау көрсетілгенін үлкен сәттілік деп бағалады.

Jane Doe бойынша жазба
Фото: Threads / Скриншот

“Ол менің дәрігерім еді”

Тағы бір қазақстандық әйел 17 жасында стоматолог тарапынан сексуалдық қысым көргенін айтты. Ол дәрігерге кәдімгі пациент ретінде барған. Бірақ оның сөзінше, маман өзінің кәсіби жағдайын пайдаланып, қыздың рұқсатынсыз денесіне қол тигізе бастаған.

Автор сол сәтте өзін өте қорғансыз сезінгенін жазды.

“Мен жай ғана медициналық көмек алуға келген пациент едім. Ал сенуге тиіс адам өз жағдайын пайдаланды”, – деп жазды ол.

Jane Doe бойынша жазба
Фото: Threads / Скриншот

“Мен 7-8 жаста едім”

Тағы бір Threads қолданушысы бала кезінде анасының туыстарының үйінде тұрғанын жазды.
Оның айтуынша, ата-анасы ажырасып кеткеннен кейін анасы балаларын асырау үшін вахталық жұмыс істеген. Сол кезде қыз бен оның бауырлары туыстарының үйінде қалған.

Үйде бірге тұрған ересек ер адам қызға бірнеше рет сексуалдық сипаттағы әрекет жасағанын айтады. Кейін қыздың денсаулығына байланысты анасы сұрай бастағанда, ол болған жағдайды айтып берген. Бірақ мәселе отбасы ішінде жабық күйде қалған.

Оның сөзінше, үлкендер әңгімені сыртқа шығармауды сұраған. Автор бұл оқиғадан кейін ер адамдардан қорқу сезімі 16-17 жасына дейін басылмағанын жазды.

 

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 07 Қазан, 2026 11:51