Алматы облысындағы мешітте ұстаз шәкірттерін аяусыз ұрып-соққан: ҚМДБ мұғалімнен жұмыстан шығарды (видео)
Алматы облысы Қарасай ауданындағы мешітте сабақ кезінде жасөспірімдерді ұрған ұстаз жұмыстан шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде мешіттегі оқу сыныбына орнатылған бейнебақылау камерасына түсірілген видео тарады. Кадрлардан оқытушының жасөспірімдерді бірнеше рет ұрып, қамшыға ұқсас затпен сабағынын көруге болады.
ҚМДБ оқиғаның маусым айының басында "Түркістан-1" мешітінде "Имани жаз" атты діни сауаттылық бойынша жазғы сабақтар кезінде болғанын растады.

ҚМДБ мәліметінше, оқушылар арасында жанжал туындаған. Мешіт оқытушысы Дүйсехан Нұрберді балаларды тәртіпке шақыруға тырысқан. Алайда ол "эмоцияға беріліп, педагогикалық әдепке сай келмейтін әрекетке жол берген".
Оқиға туралы ақпарат тарағаннан кейін мешітте арнайы жиын өткізілген. Оқытушы өз қателігін мойындап, оқушылардың ата-аналарынан кешірім сұраған.
Сондай-ақ ҚМДБ ата-аналардың оқытушыға қатысты шағымы жоқ екенін жазбаша түрде растап, тиісті бейнежазбаларды ұсынғанын хабарлады.
ҚМДБ бұйрығымен Дүйсехан Нұрберді мешіт оқытушысы қызметінен босатылды.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбенің бас мешітінде жасөспірімдерді соққыға жыққан ер адам сот залынан түрмеге жіберілгені туралы жазған едік.
"Өзімізді дәлелдедік": Олимпиадада жүлделі орын алған таэквондошылар Қазақстанға оралды