Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы қашан өтетіні белгілі болды

сайлау алдын ала нәтиже
Фото: ЖИ

Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алдағы сайлауда қазақстандықтар облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың жаңа депутаттарын сайлайды.

Бұл туралы Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының отырысында белгілі болды.

"Қазақстан Республикасындағы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындау туралы қаулы жобасы ұсынылып отыр", – деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман.

Заң бойынша, мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылса, кезектен тыс сайлау екі айдан кешіктірілмей тағайындалуы керек.

Бұл жолы 228 мәслихаттың 3447 депутаты сайланады. Оның ішінде:

  • облыстық мәслихаттарға – 668 депутат;
  • қалалық мәслихаттарға – 626 депутат;
  • аудандық мәслихаттарға – 2053 депутат сайланады.

Мәслихат депутаттарын тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тұрғындары бес жыл мерзімге сайлайды. Сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өтеді.

Еске салсақ, 12 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 13 Қазан, 2026 17:26