"Қазатомөнеркәсіптің" екі топ-менеджері екі айға қамауға алынды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының екі басшысының қамауға алынғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
26 қарашада тергеу сотының санкциясымен компанияның өндіріс жөніндегі бұрынғы бас директоры Қуаныш Омарбеков пен департаменттің бас менеджері Е. Байқұловқа қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалған.
ҰҚК мәліметінше, мұндай шешім оларға тағылған айыптардың сипаты мен ауырлығын ескере отырып қабылданған. Сонымен қатар тергеу барысында ықтимал сыбайластар мен куәгерлерге қысым көрсету, дәлелдерді және қылмыстық жолмен алынған мүлікті жасыру қаупінің алдын алу көзделген.
Қазір іс бойынша барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
ҰҚК қылмыстық іс бойынша өзге ақпарат қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейтінін атап өтті.
Еске салсақ, ҰҚК "Қазатомөнеркәсіптің" топ-менеджерлерін ұстағаны туралы хабарлаған едік. Іс "Самұрық-Қазына" және ҚТЖ-ның экс-басшылығымен байланысты. Іс бойынша компанияның өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков және басқа да адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Осы оқиғадан бір күн өткен соң "Қазатомөнеркәсіп" оның және коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужиннің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанын мәлімдеді.
26 қарашада компанияның сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры Дархан Сағындықовтың өз еркімен қызметінен кеткені белгілі болды.
Пәтерақысын төлеуге көмек сұраған ақтаулық қызды ер адам зорлады деген күдікке ілінді
