Тонналаған есірткіден жасырын зертханаларға дейін: Қазақстанда есірткі бизнесімен қалай күресіп жатыр
Қазақстанда есірткі бизнесімен күрес бұрынғыдай қарасора алқаптарын анықтап, заңсыз өнімді тәркілеумен ғана шектелмейді. Қазір тәртіп сақшылары жасырын зертханаларды іздеумен қатар, интернет арқылы есірткі сататындардың ізіне түсіп, күмәнді ақша аударымдарын да бақылауға алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Есірткі қылмысына қарсы күрес десе, көптің ойына алдымен Жамбыл облысындағы Шу алқабы оралары анық. 60 мың гектардан астам аумақты алып жатқан өңірді бақылау үшін биыл полиция дрондар мен авиацияны, тіпті ғарыштық мониторинг мүмкіндіктерін де пайдаланған.
Алайда есірткі бизнесінің ауқымы табиғи алқаптардан әлдеқайда кең. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, операцияның алғашқы үш айында 2 мыңнан астам есірткі құқықбұзушылығының жолы кесіліп, төрт ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылған. Осы аралықта 21 тонна есірткі тәркіленіп, заңсыз өсірудің 256 дерегі мен 25 фитозертхана анықталған.
Мәселенің қаншалықты күрделі екенін Алматы облысындағы операция да аңғартады. Өңірдегі полицейлер жаздың басынан қазан айының соңына дейін есірткіге қатысты 83 қылмысты анықтап, заңсыз айналымнан 12 674 келіден астам тыйым салынған затты алып шыққан. Сонымен қатар, синтетикалық есірткі жасайтын төрт жасырын орын анықталып, оның жұмысы толық тоқтатылды. Арнайы операция кезінде осы іске қатысы бар 32 адам ұсталған.
Алматы облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағдат Әшімовтің сөзінше, қазір есірткіні тәркілеумен қатар, оның қайда өндірілгенін, кімдер арқылы таралғанын және заңсыз сауданы кім ұйымдастырғанын анықтау маңызды болып отыр.
"Біздің басты міндетіміз – есірткіні өндіру, тарату және қаржыландыру арналарын жабу, қылмысты ұйымдастырушыларды анықтап, оларды заң аясында жауапкершілікке тарту", – деді Бағдат Әшімов.
Өйткені жасырын зертхананы табу бір мәселе болса, өнімнің интернетте қалай жарнамаланатынын, ақшаның кімге түсетінін анықтау – өз алдына бөлек жұмыс. Алматы облысында есірткіні жарнамалаған 695 интернет-ресурс бұғатталып, заңсыз айналымға қатысы болуы мүмкін 20 470 төлем деректемесі Антифрод орталығының жүйесіне енгізілгені осыны аңғартады.
Мұндай жағдай Ақмола облысында да байқалған. Өңірде жүргізілген жұмыстардың нәтижесіне үңілсек, мұнда да есірткінің заңсыз айналымы аз емес. Мәселен, өңірде тәркіленген 331 келіден астам есірткінің 142 келісі синтетикалық заттардың үлесіне тиесілі екені белгілі болды. Бір қызығы, мұндай есірткіні сырттан тасымалдап қана қоймай, облыс аумағында да дайындаған. Целиноград ауданындағы жасырын зертхананы анықтаған тәртіп сақшылары осы іске қатысы бар деген күдікпен Астананың екі тұрғынын ұстаған. Ал Астрахан ауданында есірткіні шетелден жеткізіп отырған арнаның ізіне түскен. Жалпы бүгін өңірде есірткіні тасымалдау мен саудалаудың осындай алты арнасына тосқауыл қойылып отыр.
Одан бөлек, тәртіп сақшылары есірткі таратуға қатысы бар деген күдікпен 18 адамды ұстағаны белгілі болды. Ғаламтор кеңістігін де назардан тыс қалдырмаған мамандар есірткі жарнамаланған 440 сілтемені анықтап, жолын кескені мәлім болды. Бұл мәселенің ауқымын ІІМ-нің бұған дейін жариялаған деректері де толықтыра түседі. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы бес айында есірткі саудасына қатысы бар 12 мыңға жуық интернет-ресурс бұғаттауға жолданып, 107 миллион теңгеден астам күмәнді транзакция тоқтатылған.
Биылғы "Қарасора-2026" операциясы есірткі бизнесіне қарсы күрестің бірнеше бағытта жүріп жатқанын көрсетті. Бір жағында қарасора алқаптары мен жасырын зертханалар болса, екінші жағында интернеттегі жарнама мен күмәнді ақша аударымдары тұр. Құқық қорғау органдары заңсыз айналымның осы арналарына тосқауыл қою үшін бақылау мен жедел іс-шаралар күшейтілгенін мәлім етті.
Төрт мезгіл тамақ, киім мен жатын орын: Қазақстан баспанасыздарға қандай көмек береді