Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Перулік отбасы ұлына Димаш Құдайбергеннің есімін берген

Димаш Құдайберген
Фото: Instagram.com/sholpantabaeva/kudaibergenov.dimash

Алыстағы Перуде бүлдіршінге қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің құрметіне есімі қойылған. Балақай анасымен бірге өнер иесін қарсы алу үшін Лима әуежайына келген. Кішкентай жанкүйердің қолына арнайы плакат ұстап, әншіні күтіп тұрған сәті әлеуметтік желіде таралып, көпшілікті сүйсінтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жүректебірентер бейнежазбаны әншінің жанкүйері Шолпан Табаева Instagram парақшасында жариялады. Ол қазақ өнерпазының мұхиттың арғы жағындағы елдерде де зор құрметке ие екенін атап өтті.

“Кейбір отандастарымыз Димаштың әлемдік деңгейдегі жұлдызға айналғанына күмән келтіріп, оның жетістігін жай ғана сәттілікке балап жүргенде, сонау шалғайдағы Перу елінде балаларына Димаштың есімін беріп жатыр!” – деп жазды ол.

Оның айтуынша, Лима әуежайына әншіні қарсы алу үшін жүздеген жанкүйер жиналған.

Олар Димашқа деген ыстық ықыласын білдіріп, өз қолдарымен әзірлеген плакаттарын ала келген. Олардың арасында арбаға таңылған жандар да болған.

“Әлем басынан күрделі кезеңді өткеріп жатқан шақта Димаш миллиондаған адам үшін жанына жақын жанға, көңілінің жұбанышына, тірегі мен үмітіне айналды. Димаш – жай ғана әнші емес, мәдени және әлеуметтік феномен”, – деді Шолпан Табаева.

Желі қолданушылары кішкентай Димашқа бақыт пен жарқын болашақ тілеп, қазақ әншісіне деген құрметтің осындай көрінісіне тәнті болды. 

Айта кетейік, Димаш Құдайберген бұған дейін Мексика, Колумбия және Чили елдерінде концерт берген еді. Әншінің Перу астанасы Лимадағы концерті 1 желтоқсанға жоспарланған.

Еске салайық, бұған дейін Димаш Құдайберген Мексика астанасы Мехикода Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) құрмет белдігімен марапатталғаны хабарланған еді. Беделді ұйым өнер иесінің әлемдік музыкадағы жетістіктері мен халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 27 Қараша, 2026 14:21