Берік Уәлиге асфальт пен жемқорлықпен күрес туралы әжуалы ән арнады: Әкімдік видеоны өшіруді талап етті
Әлеуметтік желіде Абай облысының әкімі Берік Уәлиге арнап түсірілген пародиялық ән тарады. Әнде әкімнің жаңа асфальт төселуі, қаланың көркеюі және жемқорлықпен күресі мақталып, оған қошемет көрсеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ән Мұхтар Түнқатардың әкесіне арналған "Әкеме қошемет" әнінің сөздері өзгертіліп, "Әкімге қошемет" деп аталған. Видеоны жариялаған асаба Ернұр Қуаныш кейін жазбаны парақшасынан өшіріп тастағанымен, оны желі қолданушылары сақтап үлгерген.
Әнмен қатар экраннан Берік Уәлидің түрлі жиындарға қатысқан сәттері, қаланың түнгі көріністері, жолға асфальт төсеу жұмыстары, көшелерді аралауы және Абай ескерткішіне гүл қою рәсімі көрсетіледі.
Әнде не айтылған?
Композицияда "Қамқоршым, қорғаным, байлығым, барым, әкімім..." деген жолдар айтылады. Осылайша ән авторлары әкімді қаланың дамуына үлес қосқан тұлға ретінде сипаттаған. Сондай-ақ Берік Уәлидің Семей қаласының дамуына қосқан үлесі, жолдардың жаңартылуы және жемқорлыққа қатысы бар шенеуніктердің қызметінен босатылуы мадақталған. Тіпті композицияда Абайдың өзі де әкімнің келуіне қуанар еді деген мазмұндағы сөздер айтылады.
Видеода әннің мәтіні де экранға шығарылған. Онда Берік Уәлидің Абай мұрасын ұлықтауы, қаланың көркеюі, көшелерге жаңа асфальт төселуі және жемқорлықпен күресі мақтау түрінде жырланады.
Атап айтқанда, әнде "Берік Уәли әкім үшін әніміз", "Ұлықтаған Абай Мұхтар данасын", "Көшелерге жаңа асфальт жайылған" деген жолдар бар. Сондай-ақ жемқорлықпен күрес тақырыбы да назардан тыс қалмаған.
Автор видеоны өшіріп тастаған
Әнді жариялаған асаба Ернұр Қуаныш кейін видеоны әлеуметтік желідегі парақшасынан алып тастаған. Алайда жазба өшірілгенге дейін оны қолданушылар жүктеп алып, сақтап үлгерген.
Видеоны өшіру туралы пікір білдірген желі қолданушыларының бірі автордың бұл әрекетін орынсыз деп санайды. Оның айтуынша, әнді орындап, бейнероликті дайындауға бірнеше адам атсалысқан.
"Өшіріп тастапты! Негізі, бекер жасаған. Мұнда тұрған не бар? Адамдар тырысып, ән айтып, видео монтаждаған. Бір адамға арналған шын көңілден шыққан арнау ғой. Асфальт үшін алғыс айтқаны несі, оны өздерін өсіріп-жеткізгендей етіп мақтағаны ма" – делінген пікірде.
Әкімдік түсіндірді
Осыдан кейін облыс әкімінің баспасөз қызметі арнайы түсініктеме беріп, әнді әкімдік тапсырыспен жасатпағанын мәлімдеді.
Бейнеролик 25 қараша күні кешке Instagram мен TikTok әлеуметтік желілерінде жарияланған. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Қасымның айтуынша, олар видеоны байқаған бойда авторлардан оны дереу өшіруді талап еткен. Кейін жазбалар әлеуметтік желілерден алынғанымен, видео бұған дейін мессенджерлер арқылы кеңінен тарап үлгерген.
"Бейнеролик авторлардың жеке бастамасымен дайындалып, жарияланған. Облыс әкімдігі тарапынан мұндай мазмұндағы материалдарды әзірлеуге немесе таратуға ешқандай тапсырма берілген жоқ", – деді Азамат Қасым.
Сондай-ақ ол әнді орындаушылардың мемлекеттік органдарда немесе мәдениет мекемелерінде жұмыс істемейтінін атап өтті.
Бұған дейін Садраддин Алматыдағы концертінде Маңғыстауда қаза тапқан сарбаздарға ән арнаған еді. 27 қыркүйекте әнші Алматының Орталық стадионында жеке концертін өткізді. Кеш барысында ол сахна төрінен қаза болған әскери қызметшілердің рухына тағзым етіп, арнайы сөз арнады. Одан кейін Садраддин әскери қызметшілерге арналған “Ант” әнін орындады. Бұл сәт концерттің ең әсерлі бөліктерінің біріне айналды.
Төрт мезгіл тамақ, киім мен жатын орын: Қазақстан баспанасыздарға қандай көмек береді
