Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көзі көгеріп, қолы сынған": Тараздағы арнайы мектептің қыздары сабаққа барудан бас тартты

оқушы ата ана мектеп
Фото: magnific.com

Тараз қаласында тәртібі қиын жасөспірімдерге арналған арнайы мектептің тәрбиеленушілері жоғары сынып оқушыларынан әлімжеттік көргенін айтып, шағымданды. Мекемеден қашып кеткен үш қыз ұсталған кезде өздеріне қысым көрсетіліп, қорлық жасалатынын жеткізіп, мектепке барудан бас тартқан. Олардың ата-аналары да қыздарының соққыға жығылып, ақша беруге мәжбүр болғанын айтады. Алайда облыстық білім басқармасының өкілдері бұл айыптауларды жоққа шығарып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ата-аналардың айтуынша, арнайы мектепте тәрбиеленіп жатқан үш қыз оларға мекемеде жоғары сынып оқушыларының кішілерді ұрып-соғып, ақша бопсалайтынын айтқан. Қыздар мектептен қашып шыққаннан кейін аналарына өздері көрген қорлықтың мән-жайын баяндап беріпті.

Татьяна Лонкинаның сөзінше, жоғары сыныптың қыздары кішілерді түрлі әрекеттер жасауға мәжбүрлеп, бағынбаған жағдайда ұрып-соғады. Бұған қоса, олардан ақша талап етіп, тіпті ата-аналарына хабарласып, ақша сұрататын көрінеді.

"Бұл барып тұрған қорлық деп ойлаймын. Мұндағы үлкен қыздар балаларымызды еденде секіруге, жүгіруге мәжбүрлейді екен. Оларды ұрып-соғып, ақша талап етеді. Тіпті аналарыңа қоңырау шалып, ақша сұра дейді. Фируза есімді үлкен қыз тәрбиеленушілердің бірінің қолына әдейі секіріп, сындырып жіберген", – дейді Татьяна Лонкина.

Балаларының басынан өткен жағдайды естіген аналар қыздарының қатты қорқып қалғанын айтады. Олардың сөзінше, қыздар денелеріндегі көгерген жерлерді көрсетіп, көрген қорлықтарын жылап жеткізген. Соған қарамастан, мектептегі әлімжеттік туралы ашық айтуға әлі де жүрексінеді.

Елена Михайлова қыздарын көргенде шошып кеткенін жасырмады. Оның айтуынша, бір қыздың көзі, екіншісінің қолы көгеріп қалған. Ал қызы анасына өзі кеткеннен кейін мектептегі жағдай одан сайын қиындайтынын айтқан.

"Мен мұнда келгенде қыздардың түрін көріп шошып кеттім. Біреуінің көзі, біреуінің қолы көгерген. Қатты жаным ашыды. Қызым: “Анашым, сен кеткен соң мұнда тіпті қиын болады”, – дейді", – деп бөлісті ол.

Қыздарының қауіпсіздігіне алаңдаған аналар мектептегі мұғалімдердің де әрекетіне наразылық білдіріп отыр. Олардың пайымдауынша, педагогтер тәрбиеленушілер арасындағы әлімжеттік туралы біле тұра, тиісті шара қолданбаған. Тіпті кейбір мұғалімдер жоғары сынып оқушыларымен бірге кішілерді ұрып-соққан деген айып та айтылды.

Ал Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының өкілдері мектепте балаларды ұрып-соғу фактілері анықталмағанын мәлімдеді. Басқарма бөлімінің басшысы Еркебұлан Тәткеевтің айтуынша, оқиғаға байланысты полиция мен жедел медициналық жәрдем қызметкерлері шақырылып, тексеру жүргізілген.

"Осыған байланысты полиция және жедел медициналық жәрдем қызметкерлері шақыртылып, тиісті тексеру жүргізілді. Бейнебақылау жазбаларын зерделеу кезінде ұрып-соғу фактілері анықталған жоқ. Медициналық тексеру нәтижесінде аталған тәрбиеленушілердің денсаулығына елеулі зиян келтіретін жарақаттар табылмады", – деді Еркебұлан Тәткеев.

Қазір ата-аналардың шағымынан кейін арнайы мектепте тексеру жұмыстары басталған.

Айта кетейік, тәртібі қиын жасөспірімдерге арналған мекемеде еліміздің әр өңірінен келген 43 бала білім алып жатыр. Тәртіп бұзған жасөспірімдер сот шешімімен арнайы мектепке бір жылға жіберіледі. Осы мерзім аяқталғанға дейін олардың мекеме аумағынан шығуына рұқсат жоқ.

Бұған дейін қазақстандық студенттер ЖОО жатақханаларында көрген әлімжеттігі туралы айтқан еді. ҚазҰУ жатақханасында бірінші курс студентінің қаза табуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның туыстары оның жоғары курс студенттері тарапынан әлімжеттік көргенін айтқан. Әлеуметтік желіде де университет жатақханаларындағы күш көрсету туралы бұрынғы студенттер жазып, өздері куә болған оқиғаларды бөлісті.

Айым Болатқызы
Жұма, 27 Қараша, 2026 08:25