Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Атыраулық хакерге" алаяқтық ісі бойынша сот үкім шығарды

сот отырысы
Фото: Ашық дереккөз

"Атыраулық хакер" атымен танымал 32 жастағы Нұрлан Жаңбырбаев бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның әрекетінен 12 адам зардап шегіп, келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 13 миллион теңгені құраған.

Соттағы соңғы сөзінде Жаңбырбаев өзін колонияға жібермеуді сұрап, жәбірленушілерге қалған ақшаны қайтаруға уәде берген.

Нәтижесінде сот оны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Алайда жаза шартты түрде тағайындалды.

"Ер адам азаматтарға инвестициялық жобаларға ақша салуды, IT курстарынан өтуді ұсынған. Сондай-ақ аккаунттарды бұғаттан шығаруға көмектесуге уәде беріп, түрлі техника сатқан. Алайда адамдар оған ақша аударғанымен, уәде етілген қызметтер мен тауарларды алмаған", – делінген тергеу мәліметінде.

2026 жылдың басында Нұрлан Жаңбырбаев Атырау облысы Жангелдин ауылында бір отбасының жоғалып кетуіне қатысты жариялаған видеолары арқылы танылды. Ол өз бетінше тергеу жүргізіп, күдікті болуы мүмкін адамның қозғалысын бақылағанын мәлімдеген.

Оның жарияланымдары әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Алайда полиция ер адамның қылмысты өз бетінше ашқаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Кейінірек полиция атыраулық хакерге халықаралық іздеу жарияланғанын хабарлады. Жаңбырбаевтың алаяқтық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде жүргені белгілі болды. Артынша ол Түркияда ұсталып, Қазақстанға жеткізілді. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол Instagram арқылы Атыраудың екі тұрғынын алдап, 3 миллион теңгеден астам қаржысын иемденген.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 26 Қараша, 2026 19:44