32 келі салмақ тастап, АҚШ армиясында жұмыс істеген: "Ғалам аруы – 2026" атанған Дженнифер Баррето туралы не белгілі?
Пуэрто-Рикода өткен 75-ші “Ғалам аруы” байқауында аралдың атынан шыққан 27 жастағы Дженнифер Баррето жеңіске жетті. АҚШ-тың Техас штатындағы әскери базада психолог болып жұмыс істеген ол сұлулық байқауларына биыл ғана қатыса бастаған. Дайындық кезінде 32 келіге жуық салмақ тастаған Баррето байқау тарихында тәж иеленген алғашқы ана атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дженнифер Баррето бала кезінде анасымен бірге “Ғалам аруы” байқауын теледидардан көретін. Бірақ өзі сұлулық байқауына қатысуды армандамаған. Мектепте волейболмен айналысқан ол қызы дүниеге келгеннен кейін психологияға қызыға бастады.
Барретоның айтуынша, босанғаннан кейінгі кезең оған ауыр тиген. Сол қиындықтан өтуіне психолог көмектескеннен кейін ол психикалық денсаулыққа көңіл бөлудің қаншалық маңызды екенін түсініпті.
Баррето психология бойынша магистр дәрежесін алып, 2021 жылы Техастағы әскери базада жұмыс істей бастады. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға қолдау көрсетіп, америкалық әскери қызметшілердің отбасыларында тәуелділіктің алдын алуға арналған бағдарламалар әзірледі.
Бірде ол әскери дала жаттығуына шақырылған психологтар тобына ерікті ретінде қосылған. Сол тәжірибеден кейін көмекке мұқтаж адамдарға өзі барғанды жөн көріп, клиникалық әлеуметтік жұмыс бойынша екінші магистр дәрежесін алу туралы шешім қабылдаған.

Байқауға дайындық кезінде 32 келіге жуық салмақ тастаған
Барретоға сұлулық байқауына қатысып көруді туысы ұсыныпты. Ол бұған дейін модель болып жұмыс істемеген, сұлулық байқауына да қатыспаған. Дайындық кезінде тамақтану тәртібін өзгертіп, спортзалға бара бастаған. Осы уақытта ол 32 келіге жуық салмақ тастаған.
2026 жылғы ақпанда Баррето алғаш рет подиумға шықты. Төрт айдан кейін, 26 маусымда, “Пуэрто-Рико аруы” атанып, аралдың атынан халықаралық байқауға жолдама алды. Алайда оның ұлттық байқаудағы жеңісі дау тудырды. Қатысушылардың бірі Нэшли Париенте жеңімпаз алдын ала таңдалды деп, ұйымдастырушыларды біржақтылық танытты деп айыптады. Алайда оның бұл сөзі дәлелденген жоқ.
Баррето үшін байқаудағы ең қиын нәрсе жұрттың сынын қабылдау болған.
“Психолог ретіндегі тәжірибеме сүйеніп, жағымсыз пікірлерді сабырмен қабылдай аламын деп ойлаған едім, бірақ өзімді асыра бағалаппын”, – дейді ол.
Ұлттық киімін туған аралына арнады
Ұлттық киімдер көрсетілімінде Баррето мимоза өсімдігін бейнелейтін киіммен шықты. Бұл өсімдіктің жапырағы қол тигенде жиырылып, біраз уақыттан кейін қайта ашылады.
Баррето мимозаны Пуэрто-Рико халқының төзімділігінің белгісі ретінде таңдаған. Оның айтуынша, арал тұрғындары дауыл, жер сілкінісі, қуаңшылық, пандемия мен электр қуатының үзілуі сияқты қиындықтарды бастан өткерген. Ол осы киімді қиындықтан кейін қайта еңсе тіктеген жерлестеріне арнады.
Байқаудың бұл кезеңінде өзге қатысушылар да ерекше образдарымен көзге түсті. Норвегия өкілі халық аңыздарындағы орман троллін бейнеледі.
Чехия аруы католиктер қастерлейтін Прагадағы сәби Иса мүсінінен шабыт алған киіммен шықты.

Ал Гондурас өкілі сахнаға екі себет балық алып шықты. Ол киімін Йоро қаласында нөсерден кейін жерден ұсақ балықтар табылатын “балық жаңбыры” құбылысына арнаған.

Тәж иеленген алғашқы ана
Дженнифер Барретоның жеті жасар Пенелопа есімді қызы бар. Жұбайы Жан Карлос Баррето оған байқаудың барлық кезеңінде қолдау көрсеткен. Ерлі-зайыпты тіпті Дженнифер жеңіске жетсе, оның жаңа міндеттерін отбасылық өмірмен қалай үйлестіретінін алдын ала талқылаған.
2023 жылға дейін “Ғалам аруы” байқауына тұрмыс құрған әйелдер мен баласы бар қатысушылар жіберілмейтін. Ереже өзгергеннен кейін Баррето осы байқаудың тәжін иеленген алғашқы ана атанды. Ол жаңа атағын Пуэрто-Рикодағы әлеуметтік мәселелерге назар аудару үшін пайдалануды жоспарлап отыр.
Финалда Барретоға жасанды интеллект туралы сұрақ қойылды
Мерейтойлық байқауға 110-нан астам ару қатысты. Қазылар әуелі 30 қатысушыны іріктеді. Суға шомылу киімімен өткен көрсетілімнен кейін олардың 12-сі жарысты жалғастырды. Финалға Пуэрто-Рико, Доминикан Республикасы, Венесуэла, Филиппин және Жаңа Зеландия өкілдері шықты.
Соңғы кезеңде Барретодан жасанды интеллект дәуірінде адамның қандай құндылығын сақтап қалу маңызды екенін сұрады. Ол технологияны жауапкершілікпен қолдануға және өз болмысыңа адал болуға үндеді.
Бірінші вице-мисс атағы Доминикан Республикасының өкілі Мелисса Нуньеске бұйырды. Венесуэлалық Клара Вегас үшінші, филиппиндік Беа Миллан-Виндорски төртінші, жаңазеландиялық Джорджия Уоддингтон бесінші орын алды.
Барретоға тәжді былтырғы жеңімпаз, мексикалық Фатима Бош табыстады. Байқаудың 75 жылдығына арнап ақ алтыннан жасалған жаңа тәжге 3 150 гауһар тас орнатылған. Бұл – Пуэрто-Риконың байқау тарихындағы алтыншы жеңісі. Арал өкілі бұған дейін 20 жыл бұрын “Ғалам аруы” атанған.
Кейбір елдердің өкілдері байқауға неге қатыса алмады?
Пуэрто-Рико АҚШ юрисдикциясына қарайтындықтан, байқауға келетін аруларға АҚШ-тың кіру талаптары қолданылды. Lenta.ru дерегіне сәйкес, Непал мен Африканың бес елінің өкілдері виза ала алмай, жарысқа қатыспады. Олардың арасында байқауға алғаш рет қатысуы керек болған Оңтүстік Судан мен Конго Республикасының арулары да бар.
Таиланд, Вьетнам, Индонезия, Малайзия, Сингапур және Лаос өкілдері де мерейтойлық байқауға жіберілмеді. Бұл жолы дау ұлттық сұлулық байқауларын өткізуге лицензияны кім беруге құқылы деген мәселеден шыққан.
“Ғалам аруы” байқауын 2022 жылы Таиландтың JKN компаниясы сатып алған. Кейін компания банкроттық туралы өтініш беріп, ұйымның жарты үлесін мексикалық кәсіпкер Рауль Роча Кантуға сатқан. Осы үлесті 25 миллион долларға сатып алмақ болған малайзиялық компания келісім шарттары орындалмады деп сотқа жүгінген. Басылым екі иесіне қатысты қылмыстық тергеу жүріп жатқаны 2025 жылғы қарашасында мәлім болған.
Ұйымдастырушылар арасындағы келіспеушілік келесі байқауға да әсер етті. Бір тарап “Ғалам аруы – 2027” Вьетнамда өтетінін жарияласа, екінші тарап байқау өтетін ел туралы түпкілікті шешім қабылданбағанын мәлімдеді.