Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ауыл тұрғындарына интернет арқылы табыс табу жолдары үйретіледі

табыс
Фото: Pexels

Қазақстанда ауыл тұрғындарына интернет пен цифрлық платформалар арқылы табыс табуды үйрету жоспарланып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, смартфонды тек байланыс пен ойын-сауық үшін емес, ақша табудың құралы ретінде де пайдалану қажет. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Тоқаев ауыл тұрғындарына қандай мүмкіндік ұсынды?

Мемлекет басшысы бұл туралы 26 қарашада Мәскеуде жасанды интеллект саласындағы жас таланттармен кездесуде айтты. Оның сөзінше, интернет бар жерде ауылда отырып та табыс табуға болады. Ол үшін тұрғындарға цифрлық құралдарды дұрыс пайдалануды үйрету қажет.

“Қазір бәрі смартфон қолданады. Бірақ оны тек қоңырау шалу, хат алмасу, фильм көру немесе TikTok қарау үшін қажет деп ойлайды. Ал смартфонды дұрыс пайдаланса, интернет бар ауылда отырып-ақ ақша табуға болады”, – деді Президент.

Тоқаев мұндай тәсілді “халықтық цифрлық экономика” деп атады. Оның пікірінше, цифрлық дағдыларды меңгерген азаматтар өз еңбегімен табыс тауып, мемлекеттік қолдауға тәуелділігін азайта алады.

Ауыл тұрғындары интернет арқылы не сата алады?

Президенттің бұл мәлімдемесі бұған дейін қол қойылған “Халықтық цифрлық экономиканы дамыту және азаматтар мен бизнестің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі шаралар туралы” жарлықпен де байланысты.

Құжатқа сәйкес, Үкімет ауыл шаруашылығы өнімдерін электронды сауда алаңдары мен сауда желілері арқылы өткізу тетіктерін әзірлеуі керек. Ол үшін өнімді қабылдау, дайындау, сақтау, жеткізу және сатып алушыға сату жүйесі ұйымдастырылмақ.

Сонымен қатар ауыл кәсіпкерлері мен өндірушілеріне тауарларын электронды сауда алаңдарына орналастыруға көмектесу, оларды оқыту және тәжірибелік кеңес беру көзделген.

Жарлықта ауыл өндірушілеріне тауарын кейін сатқаннан түсетін кіріс есебінен алдын ала қаржы беру тетіктерін қарастыру да тапсырылған. Бұл жұмысқа әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, өңірлік даму институттары мен қаржы ұйымдары тартылуы мүмкін.

Интернет арқылы жұмыс істейтіндерге қандай өзгеріс болады?

Жарлықта цифрлық платформалар арқылы ақылы тапсырмалар орындайтын азаматтарға қатысты да жаңа тәртіп қарастырылған.

Үкіметке 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін әзірлеу тапсырылды. Ол азаматтық-құқықтық, еңбек, салық және әлеуметтік қатынастарды қамтуы керек.

Бұған қоса, ұйымдар мен кәсіпкерлерге цифрлық платформаларда қысқа мерзімді ақылы тапсырмаларды тұрақты жариялау міндеті жүктеледі. Азаматтардың орындаған жұмыстары олардың тәжірибесін растауға негіз бола алады.

Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілетін қызмет түрлерінің тізімін кеңейту мүмкіндігі қарастырылмақ. Бірақ бұл тізімнің қазірдің өзінде өзгергенін білдірмейді: Үкіметке мәселені пысықтау тапсырылған.

Жаңа жобалар қашан іске қосылады?

Жарлықта тапсырмаларды орындау мерзімдері де көрсетілген:

  • 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін Үкімет халықтық цифрлық экономиканы дамыту жөніндегі кешенді жоспарды бекітуі керек;

  • 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимі әзірленуі тиіс;

  • 2027 жылғы 15 қаңтарға дейін Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдіктері өңірлік жоспарларын бекітеді;

  • 2027 жылғы 1 сәуірге дейін жекелеген өңірлерде цифрлық даму жобалары іске қосылуы керек;

  • 2027 жылғы 1 қыркүйекке дейін пилоттық жобалардың нәтижесі бағаланып, тиімді тәжірибені басқа өңірлерге тарату мәселесі шешіледі.

Осылайша, бастама ауыл тұрғындарын онлайн саудаға, цифрлық қызметтерге және интернет арқылы жұмыс істеуге тартуды көздейді. Алайда оның нақты нәтижесі интернет сапасына, оқытуға, өнімді жеткізу жүйесіне және цифрлық платформалардағы ақылы тапсырыстардың қолжетімділігіне байланысты болады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ауыл кәсіпкерлерін қолданыстағы маркетплейстерге қосып, өнімдерін интернет арқылы сатуға көмектесу жоспарланғаны хабарланған еді. Жоба аясында шалғай ауылдарда тапсырыстарды қабылдау және беру пункттерін ашу, тауар жеткізу қызметін дамыту, сондай-ақ кәсіпкерлерді электронды сауда платформаларымен жұмыс істеуге үйрету көзделген. 

Айнура Дарибаева
Жұма, 27 Қараша, 2026 09:31