Қазақ тойына жаңа ереже керек: Қоғам белсендісі келінді төрге отырғызуға қарсы шықты
Жаңа түскен келінді тойдың төріне отырғызу – қазақ дәстүріне қайшы. Ал үйлену тойында үлкендер мен жастардың басын қосқанымен, оларға арналған отырыс бөлек ұйымдастырылғаны жөн. Қоғам белсендісі Мұрат Қазамбаев қазақтың той өткізу дәстүріне осындай өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мұрат Қазамбаевтың пікірінше, соңғы уақытта салт-дәстүрдің мәні ұмытылып, тойдағы даңғазалық шектен шығып барады.
Соңғы жылдары ысырапшылдықпен өтетін үйлену тойлары жиі сынға ұшырап жүр. Алайда мұндай пікірлер әзірге нақты өзгеріске ұласпаған. Ал Ұлытау өңірінің ақсақалдары той өткізуге қатысты ортақ ереже қабылдау қажет деп санайды. Олардың айтуынша, жаңа түскен келінді төрге шығару немесе үлкендердің жастардың алдында билеуі – қазақтың жөн-жоралғысына жат әрекет.
Мұрат Қазамбаевтың сөзінше, келін келгенде үлкендердің орындарынан тұрып, қол соғуы да дәстүрге сай емес. Оның орнына жастарға арнайы орын әзірлеп, төрді құдалар мен басқа да сыйлы қонақтарға ұсынған дұрыс.
“Келін келе жатыр, тұрыңдар, қол шапалақтаңдар” деп үлкендерді орындарынан тұрғызып, келіннің алдынан жүргізу – оған сәлем салғызумен бірдей. Жастарға шымылдықпен безендірілген арнайы орын дайындап, ал төрге құда мен құдағиды секілді қадірлі қонақтарды отырғызған жөн”, – деді Қазамбаев.
Қоғам белсендісі тойда алдымен үлкендерге арнап дастарқан жайып, олардың басын қосқан соң ғана жастардың ойын-сауығын бастауды ұсынады. Сонымен қатар қонақтарды орынсыз әзілмен ыңғайсыз жағдайға қалдыратын, шектен шығатын асабаларды тойға шақырмаған дұрыс деп есептейді. Ал тұрғындардың бір бөлігі мұндай ұсыныстарды қолдап, даңғазалыққа айналған тойлардан шаршағанын айтады.
Бастамашылардың пікірінше, үйлену тойын ұлттық дәстүрді дәріптейтін әрі көп шығынды қажет етпейтін мерекеге айналдыруға болады. Өйткені шаңырақ көтеру құрметіне арналған кештің мақсаты тек көңіл көтеру емес, ағайын-туыстың басын қосып, екі әулетті жақындастыру болуы керек. Айтуларынша, бұл бастаманы қолдаған асабалар мен той иелері де бар.
Айта кетейік, бұған дейін Қонақсыз қаламын деп қорыққан жігіттің тойына бір жазбадан соң мыңдаған адам жиналғаны туралы жазған едік.
Төрт мезгіл тамақ, киім мен жатын орын: Қазақстан баспанасыздарға қандай көмек береді
