Қазақстанда 2026 жылы той жасау қанша тұрады: Қонақтардың сыйлығы шығынды жаба ма
Тойға миллиондаған теңге жұмсап, оның бәрін қонақтардың сыйлығымен қайтаруға бола ма? Қазақстанда той өткізу тек мейрамхана жалдап, асаба шақырумен шектелмейді. Қыз жасау, құдалық, беташар, қалыңмал беру, алтын бұйымдар, киіт пен түрлі салт-жоралғыларға да қомақты қаражат кетеді. Ал тойға жиналған ақша осы шығындардың қаншасын жабады? Stan.kz Ақтөбе, Алматы және Шымкент қалаларында биыл ұзатылған үш қыздың тәжірибесіне сүйеніп, той жасауға қанша қаражат жұмсалғанын және оның қаншасы қайтқанын есептеп көрді.
Қазақстанда тойдың құны шақырылған қонақ санына, мейрамхананың бағасына, мерекелік қызметтер мен әр өңірдің салт-дәстүріне байланысты өзгереді. Бұған қоса, тойдың жалпы шығынын есептегенде қыз жасауына, құдалыққа және туыстарға берілетін сыйлықтарға кеткен қаражатты да ескеру қажет. Кейде қонақтардан жиналған ақша мейрамхананың шығынын жапқанымен, отбасының өз қалтасынан бірнеше миллион теңге жұмсалады.
Үйлену той
Алматылық 27 жастағы Санжардың отбасы ұл үйлендіруге шамамен 13 миллион теңге жұмсаған. Оның айтуынша, тойға 360 қонақ шақырылып, мейрамханада бір адамға арналған мәзір 20 мың теңгеден есептелген. Тек тойхананың өзіне 7 миллион 200 мың теңге кеткен.
Бұдан бөлек, тойдағы ойын-сауық бағдарламасы, асаба, фото-видео түсірілім мен басқа да қызметтер қосымша шығынды қажет еткен.
"Тойда видеограф, бишілер мен ансамбльдің қызметі қымбатқа түсті. Оларға шамамен 600 мың теңге төледік. Сонымен қатар қонақтар суретке түсіп, фотосын бірден QR-код арқылы көре алатын қызмет ұйымдастырдық. Оған 50 мың теңге жұмсалды", – дейді Санжар.
Той жүргізушісін Санжардың ағасы таныстары арқылы тауып берген. Соған қарамастан асабаның қызметіне шамамен 600 мың теңге төленген. Ал тойға келген алты әншіні әпкесі мен жездесі сыйлық ретінде шақырған.

Алайда ұл үйлендірудің шығыны мейрамхана мен тойдағы қызметтермен шектелмеген. Санжардың айтуынша, қыз жақ күткен құдалықта алтын бұйымдар мен сырт киімдерге де қомақты қаражат жұмсалған.
"Құдалықта алтын тағуға шамамен 4 миллион теңге кетті. Ал қыздың ата-анасына арналған сырт киімдерге бір миллион теңгедей жұмсадық", – дейді ол.
Ал жігіт жағы құдаларды Алматы облысындағы ауылда орналасқан өз үйлерінде қарсы алған. Бұл рәсімге арнайы екі баннер жасалып, оған 100 мың теңге төленген. Сондай-ақ дастархан әзірлеу үшін аспаз жалданған. Оның қызмет ақысы адам басына 4 мың теңгеден есептелген. Ал азық-түлікке шамамен 300 мың теңге жұмсалған.
Бұдан бөлек, жігіт жағы қалыңмал ретінде 2 миллион теңге берген.
Осылайша, Санжардың айтуынша, үйлену тойы мен құдалық рәсімдеріне жалпы шамамен 13 миллион теңге жұмсалған. Ал тойға келген қонақтардың сыйлығы шығынның басым бөлігін өтегенімен, барлық қаражат қайтпаған.
"Тойдың барлық кірісі мен шығынын есептегенде, шамамен 1 миллион 800 мың теңге өз қалтамыздан кетті", – дейді Санжар.
Демек, Санжардың отбасы ұл үйлендіруге 13 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсағанымен, соның шамамен 11,2 миллион теңгесі тойдан түскен ақша және басқа түсімдер есебінен өтелген. Нәтижесінде отбасы 1,8 миллион теңге шығынға шыққан.
Қыз ұзату той
Алматыда той жасауға 12 миллион теңгеге жуық қаражат кеткен
Алматылық 24 жастағы Айлин Серікова 2026 жылғы 17 қыркүйекте ұзатылған. Бастапқыда отбасы қыз ұзату тойын өткізбеуді жоспарлаған. Алайда кейін шешімін өзгертіп, дайындыққа бір айға жуық уақыт жұмсаған.
Айлиннің айтуынша, қыз ұзату, құдалық, қыз жасауы мен дәстүрлік сыйлықтардың барлығын қосқанда, шамамен 12 миллион теңге кеткен. Оның ішінде мейрамхана мен мерекелік қызметтерге 6,3 миллион теңгедей қаражат жұмсалған.
Отбасы бастапқыда 280 адам шақырғанымен, мейрамханада 260 орын брондаған. Бір адамға арналған мәзір 20 мың теңге болып, тойхананың өзіне 5,2 миллион теңге төленген. Ал тойға нақты 240–250 адам келген.
“Біздің асабамыз тек той жүргізіп қойған жоқ. Ол фото-видео түсірілімді де ұйымдастырды. Сонымен қатар тойдың әр кезеңін бақылап, уақытылы өтуін қадағалайтын үйлестірушіні алып келді. Бірнеше қызметті бір жерден алғандықтан, тиімді баға шықты деп ойлаймын”, – дейді Айлин.
Отбасы тойға танымал әншілерді шақырмаған. Оның орнына әкесі, анасы, ағасы, жеңгесі, сіңлісі мен құрбылары ән арнаған. Ал мейрамхана жаңадан ашылғандықтан, залды қосымша безендірудің қажеті болмаған.

Ұзату көйлегін жалға алуға 170 мың теңге, шаш үлгісі мен макияжға 40 мың теңге жұмсалған.
Бұдан бөлек, сырға салу рәсімі үйде өткен. Есік алдына киіз үй жалдауға 40 мың теңге, үйді безендіруге тағы 40 мың теңге, ал қонақтарға үстел мен орындықтарды жалға алуға 150 мың теңге төленген.
Тойдағы ойындарға берілетін сыйлықтарға 200 мың теңге, тойбастарға 320 мың теңге жұмсалған. Ал ақ жол, қыздарға арналған үкі, аксессуарлар мен құдаларға тағылатын белгілерге тағы 50 мың теңге кеткен.

Айлиннің айтуынша, отбасы той алдында нақты бюджет белгілемеген.
“Мен отбасымдағы да, әулетіміздегі де үлкен қыз немеремін. Сондықтан менің ұзатуым бәрі үшін көптен күткен қуаныш болды. Әркім қолынан келгенше көмектесуге тырысты. Біз өзімізді шектеген жоқпыз, тойды абыроймен өткізуді ойладық”, – дейді ол.
“Қоржын тойда 100 мың теңге берген адам ұзатуға ақшасыз келуі мүмкін”
Айлиннің отбасында қыз ұзатудан бөлек, ағайын-туыс арасында қоржын той өткізілген. Оның айтуынша, Алматы облысында мұндай жиында жақындар өзара сыйлық беріп, қаржылай қолдау көрсетеді.
Қоржын тойдан шамамен 3 миллион теңге жиналған. Алайда бұл соманы мейрамханадағы ұзату тойынан түскен қаражатпен шатастыруға болмайды.
“Бізде қоржын той деген бар. Мысалы, бір отбасы сол жерде 100 мың теңге берсе, мейрамханадағы тойға сыйлықсыз келуі мүмкін. Өйткені ол өзінің тойанасын алдын ала берген болып есептеледі”, – дейді Айлин.
Бұдан бөлек, әкесінің екі бауыры 2 миллион теңге сыйлаған. Анасының туыстары да 400 мың теңгеден жинап, тойға көмектескен.
Айлиннің айтуынша, оның достары мен әріптестері көбіне 30–40 мың теңге немесе 100 доллар көлемінде сыйлық әкелген. Дегенмен тойдан жиналған ақшаның нақты сомасын білмейді.

“Той өзін-өзі ақтайды деп сену қате деп ойлаймын. Арзанырақ мейрамхана тауып, шығынды барынша азайтпасаң, барлық ақшаның қайтуы қиын. Біз той үшін несие алған жоқпыз. Ата-анамның жинаған ақшасы мен туған-туыстың көмегінің арқасында бәрін қарызсыз өткіздік”, – дейді ол.
Айлиннің сөзінше, тойдан кейін отбасында қаржылық қиындық болмаған.

“Тек ыдыс-аяқтың өзіне 700 мың теңге жұмсадым”
Айлиннің отбасында қыз жасауына, алтын бұйымдар мен құдалықтағы киітке шамамен 6 миллион теңге жұмсалған.
Құдалықта Айлинге, анасы мен сіңлісіне гауһар тасты зергерлік жиынтықтар тағылған. Ал екі жақтың басқа да жақын туыстарына алтын бұйымдар мен сырт киімдер сыйланған.
Жігіт жағы қалыңмалға 2 миллион теңге, өлі-тіріге 200 мың теңге берген. Бірақ Айлиннің айтуынша, мұндай сыйлықтар екі жақта да болғандықтан, алынған қаражаттың бәрін шығынды жабатын табыс деп қарастыруға болмайды.
“Менің ата-анам жігіт жақтың құдалығына барғанда дәл сондай алтын мен сырт киімдер сыйлады. Сондықтан мұндай алыс-беріс екі отбасыға да қымбатқа түседі”, – дейді ол.
Қыз жасауының өзіне күнделікті тұрмыста және қонақ күткенде қолданылатын заттар алынған. Айлин тек ыдыс-аяққа 700 мың теңге жұмсағанын айтады.
Бұдан бөлек, шаңсорғыш, киім булағыш, Kenwood асүй комбайны, микротолқынды пеш, көрпе-төсек, қазан-аяқ пен сандық сатып алынған. Ал ыдыс жуғыш және кір жуғыш машиналарды туыстары сыйлаған.
Жас жұбайлардың әзірге жеке баспанасы болмағандықтан, жиһаз бен жаңа төсек алынбаған.

Киім-кешек те шектеулі мөлшерде сатып алынған. Айлин әр маусымға бір сырт киім, бір аяқ киім алуды жеткілікті санаған.
“Бірнеше белдемше, бірнеше аяқ киім, бірнеше көйлек сатып алуды ысырапшылдық деп ойлаймын. Өзіме күнделікті қажет болатын заттарды ғана таңдадым. Қазір жасауыма алынған дүниелердің бәрін қолданып жүрмін. Әсіресе асүй комбайны қонақ күткенде қатты көмектеседі”, – дейді ол.
Айлиннің сөзінше, қыз жасауындағы заттардың шамамен 80%-ын ата-анасы алып берген. Дегенмен ол құдалықта қымбат алтын мен сырт киім сыйлау дәстүріне қатысты ойын жасырмайды.
“Егер менің еркіме салса, ағайын-туысқа алтын тағу, қымбат киім кигізу сияқты шығындарды қысқартар едім. Оның орнына сол ақшаны жас жұбайларға берген дұрыс. Әсіресе олардың жеке баспанасы болмаса, бұл үлкен көмек болар еді. Ата-анамды бұған көндіруге тырыстым, бірақ қолымнан келмеді”, – дейді Айлин.
“Ата-анамыз үшін бұл тойдың қаншалықты маңызды екенін кейін түсіндім. Олар бізден де қатты қуанды. Барлық рәсімді ерекше ықыласпен атқарды. Бұл тек жас жұбайлардың емес, ата-ананың да үлкен қуанышы екенін түсіндім”, – дейді ол.
Шымкентте той өткізу қанша тұрады?
2026 жылғы 20 қазанда Шымкент қаласында ұзатылған Айсұлудың отбасы тойға екі ай дайындалған. 15 тамызда тәтті шай рәсімі өткеннен кейін мейрамхана іздеу мен басқа да ұйымдастыру жұмыстары басталған.
Айсұлудың айтуынша, ең қиыны той күнге сәйкес келетін мейрамхана табу болған. Өйткені қыркүйек пен қазан Шымкентте той көп өтетін мезгіл саналады.
“Ата-анам тойхананы бір аптадан астам уақыт іздеді. Шымкентте бір адамға арналған мәзір 12 мың теңгеден басталатын орындар бар. Бірақ 25–30 мың, тіпті 40 мың теңгелік мейрамханалар да кездеседі. Біз қарапайым отбасы болғандықтан, адам басына 15 мың теңгелік тойхананы таңдадық”, – дейді ол.
Бастапқыда қыз ұзатуға 230 адам шақырылған. Алайда алыстан келетін және қатыса алмайтын қонақтарды ескеріп, мейрамханада 192 орын брондалған.
Бұдан бөлек, дәл сол күні тойхананың кіші залында құдалық өткізіліп, шамамен 60 адамға дастархан жайылған.
Екі жиынның мейрамхана шығынын қосқанда, 3 миллион 780 мың теңге болған.
Асаба, этноансамбль, бишілер мен сыңсу айтып ұзататын әншінің қызметіне 470 мың теңге жұмсалған. Ал мейрамхананың дыбыс аппаратурасы, бейнежазба мен LED экрандары үшін 250 мың теңге төленген.
Тойхананы безендіруге 150 мың теңге кеткен. Оның ішінде баннер, үстелдерге қойылатын шамдар, гүлдер мен құдалық залының безендірілуі бар.
Фото-видео түсірілімге 130 мың теңге жұмсалған. Бұдан бөлек, Айсұлу қыз ұзатуға арнап арнайы бейнеролик түсіріп, оған өз қалтасынан 175 мың теңге төлеген.
Ұзату көйлегін 130 мың теңгеге жалға алған. Алайда оны бірнеше сағатқа кешіктіріп қайтарғаны және етегіне раушан гүлінен дақ тигені үшін тағы 20 мың теңге айыппұл төлеген. Осылайша, көйлекке 150 мың теңге жұмсалған. Ал макияж бен шаш үлгісі 40 мың теңге болған.
Қонақтарға арналған бонбоньеркаға шамамен 35 мың теңге кеткен. Ал тойдағы ойындарға берілген сыйлықтардың нақты шығынын Айсұлу есіне түсіре алмады.

Мейрамхана мәзіріне ет пен сусындар кірмеген. Сондықтан отбасы қыз ұзату мен құдалыққа 90 келі ет және қосымша қазы сатып алған. Оған шамамен 400 мың теңге жұмсалған. Бұл шығынды Айсұлудың ағасы көтерген. Ал сусындар мен ішімдікке тағы 230 мың теңге төленген.
“Асабаны ағамның досы арқылы таптық. Ол кісінің той ұйымдастыратын орталығы бар. Асабаны да, этноансамбль мен бишілерді де өзі әкелді. Тіпті құдалықты да жүргізіп берді. Танысымыз болғандықтан, тиімді баға ұсынды деп ойлаймын”, – дейді Айсұлу.
“Тойдың шығыны жабылып, 500 мың теңгедей артылды”
Айсұлудың айтуынша, олардың әулетінде той болса, ағайын-туыс болып көмектесу дәстүрі қалыптасқан.
“Анамның да, әкемнің де бауырлары той болса, тойана ретінде 100 мың теңгеден жинайды. Құдалыққа да бөлек ақша қосады. Ал қыз жасауына әркім өз қалауынша көмектеседі. Әкемнің бауырлары қыздың дүниесіне деп те қаражат жинап берді”, – дейді ол.
Қыз ұзату тойына келген қонақтардан нақты қанша ақша жиналғанын Айсұлу білмейді. Дегенмен оның айтуынша, әріптестері мен университеттегі топтастары 40–50 мың теңгеден сыйлаған. Алыстан келген кейбір туыстары 100 мың теңге және одан да көп қаражат берген.
Ал басқа қонақтардың сыйлығы шамамен 15–40 мың теңге аралығында болған. Тойға келе алмаған өзге қалалардағы туыстары да ақшалай сыйлықтарын жолдаған.
Айсұлудың айтуынша, қонақтардан жиналған қаражат тойдың негізгі шығынын жауып, шамамен 500 мың теңге артылған.

Дегенмен бұл есепке ағасының етке жұмсаған қаражаты, Айсұлудың жеке төлемдері және басқа да қосымша шығындар толық кірмейді.
“Тойдың барлық шығынын тиынына дейін есептеген жоқпыз. Бірақ қонақтардан түскен ақша негізгі шығынды жапты. Тіпті 500 мың теңгедей артылды. Ал ағамның етке жұмсаған қаражаты, өзімнің жеке шығындарым мен басқа да ұсақ-түйекті қосқанда, шамамен бір миллион теңгедей қосымша шығын болғанын айтуға болады”, – дейді ол.
Отбасы той өткізу үшін несие алмаған. Айсұлудың айтуынша, ата-анасы тойдан кейін қаржылық қиындыққа тап болмаған.
“Қыз жасауына үйіп-төгіп дүние апаруды дұрыс деп санамаймын”
Айсұлудың отбасында қыз жасауына кететін шығынның аз болуына оның тұрмысқа шықпай тұрып пәтер сатып алып, тұрмыстық техникамен жабдықтап қоюы әсер еткен.
Тоңазытқышты туған әпкесі мен жездесі, микротолқынды пешті басқа туыстары, ал пешті достары сыйлаған. Кір жуғыш машина, ас пісіру панелі, асүй сорғышы мен басқа да техниканы Айсұлу өзі сатып алып қойған.
Сондықтан қыз жасауына бұл заттарды қайта алудың қажеті болмаған.
“Менің үйімде күнделікті тұрмысқа қажетті заттардың басым бөлігі бар еді. Сондықтан қыз жасауына көп дүние алмадық. Бұл ата-анама үлкен көмек болды деп ойлаймын”, – дейді ол.
Айсұлудың анасы көрпе-төсекті өзі дайындау туралы шешім қабылдаған. Мақта, мата, тігіншілердің ақысы мен өзге де шығындарды қосқанда, оған шамамен 150 мың теңге жұмсалған.
Жас жұбайлар әзірге бөлек тұратын баспанасына көшпегендіктен, жаңа төсек жиһазын сатып алуды кейінге қалдырған. Ал күнделікті қолданатын ыдыс-аяқ бұрыннан болғандықтан, тек қонақ күтуге арналған сервиз алынған. Оның құны шамамен 100 мың теңге болған.
Киім-кешекке де артық қаражат жұмсалмаған. Айсұлу бірнеше сырт киім, аяқ киім, сөмке мен күнделікті қажет заттарды ғана таңдаған.
“Қыз жасауына төрт мезгілге арнап бірнеше көйлек, бірнеше аяқ киім сатып алуды қажетсіз шығын деп есептеймін. Уақыт өте келе сән өзгереді, киім ұнамай қалуы мүмкін. Оның үстіне тұрмысқа шыққаннан кейін де киім алуға болады. Сондықтан жақын уақытта киетін заттарды ғана алдым”, – дейді ол.
Сондай-ақ Айсұлу табиғи аң терісінен тігілген қымбат сырт киімдерді сатып алуға қарсы екенін айтады. Сондықтан қыз жасауына табиғи тон алынбаған.
Ал құдалықта екі жақтың келісімімен алтын бұйымдар, сырт киімдер мен түрлі қоржындар дайындалған. Шымкенттегі дәстүрге сай ағайын тоғыз, нан тоғыз, құрдас тоғыз және басқа да жөн-жоралғылар жасалған.
Қыз жасауы, киіт пен құдалықтағы сыйлықтарға жалпы 2,5–3 миллион теңге жұмсалған.
Жігіт жағы қалыңмал ретінде 2 миллион теңге берген. Өлі-тіріге арналған қой да осы соманың ішінде болған.

Айсұлу қыз жасауындағы кейбір дәстүрлік шығындарды қысқартуға болатын еді деп есептейтінін жеткізді.
“Меніңше, ата-ана онсыз да үйіндегі ең қымбат қазынасы – қызын ұзатып отыр. Оның артынан тағы бірнеше миллион теңгеге дүние апару міндеті дұрыс емес деп ойлаймын. Қажетті заттарды ғана алған дұрыс”, – дейді ол.
“Бұрын той жасауды қолдамайтынмын, қазір ойым өзгерді”
Айсұлу тұрмысқа шықпай тұрып үлкен той мен құдалық өткізуді аса қажет деп санамаған. Алайда өз ұзатуынан кейін бұл мәселеге көзқарасы өзгерген.
“Бұрын құдалық пен ұзатудың қажеті бар ма деп ойлайтынмын. Бірақ өз басымнан өткергеннен кейін көзқарасым өзгерді. Жолдасымның туыстары мен менің жақындарымның жиналып, танысқаны, сырға салу рәсімі, ата-анамның мені ақ жол тілеп шығарып салғаны ерекше әсер етті. Екі айдың ішінде түрлі сезімді бастан өткердім. Өмірімде бір рет болса да осы сәттерді сезінгеніме қуаныштымын”, – дейді ол.
Дегенмен Айсұлу тойдағы кейбір артық шығындардың қажеті жоқ деп есептейді.
“Әр нәрсенің өз орны, өз шегі болуы керек. Қарапайым құдалық пен ұзату да адамға ұмытылмас естелік сыйлайды. Ең бастысы, бәрі өз ретімен, ысырапсыз өтсе болғаны”, – дейді ол.
Ақтөбеде 60 адамға той өткізуге 1,5 миллион теңге жұмсалған
Ақтөбелік Мөлдір Таймағамбетова 2026 жылғы 19 маусымда ұзатылған. Отбасы тойға екі жарым ай дайындалып, сәуірден бастап мейрамхана іздеу мен ұйымдастыру жұмыстарын қолға алған. Оның айтуынша, 60 адамға арналған ұзату тойының өзіне шамамен 1,5 миллион теңге жұмсалған.
Мейрамханада бір адамға арналған мәзір 15 мың теңге болған. Осылайша, банкетке шамамен миллион теңге төленген. Асабаға 150 мың теңге, сыңсу айтып ұзататын әншіге 60 мың теңге жұмсалған. Қонақтарға арналған шағын сыйлықтар 30 мың теңге, баннер 15 мың теңге болған.
Ұзату көйлегін жалға алу 100 мың теңге, шаш үлгісі мен макияж 50 мың теңге тұрған. Ал фото-видео түсірілімге кеткен 30 мың теңгені туысы сыйлық ретінде төлеп берген.
“Бастапқыда мейрамханаға 800 мың теңге жұмсаймыз деп жоспарладық. Бірақ шығын миллион теңгеге дейін өсті. Бізде ұзату мен сырға салу бірге өткендіктен, екеуіне бір баннер жасаттық. Тойға барлығы бір жарым миллион теңгедей кетті”, – дейді Мөлдір.
Алайда тойға дайындық кезінде күтпеген шығын да шыққан. Мөлдір алғашында бір ұзату көйлегін таңдап, салонға 100 мың теңге алдын ала төлем жасаған. Үш күннен кейін басқа көйлек ұнап, алғашқы тапсырыстан бас тартқан. Бірақ салон ақшаны қайтарудан бас тартқандықтан, ол сотқа жүгінген. Мөлдірдің айтуынша, іс бойынша әзірге шешім шықпаған.
Бұдан бөлек, қоржын, құдаларға арналған сыйлықтар мен басқа да салт-жоралғыларға шамамен 500 мың теңге жұмсалған.

“Тойдан кейін анамның қолында 30 мың теңге ғана қалды”
Мөлдірдің айтуынша, той шығынын көтеруге отбасының барлық мүшесі атсалысқан. Ол өзі шамамен жарты миллион теңге шығарса, туған бауырлары да миллион теңгеге жуық қаражат жинаған. Ал нағашы туыстары қыз жасауына 2,5 миллион теңге бөлген.
Қыз жасауына төсек-орын, ыдыс-аяқ, косметика мен тұрмыстық техника алынған. Кір жуғыш машинаны әпкесі сыйлаған.
“Қыз жасауын дайындау аздап қиын болды. Өйткені барлық затты бір жерден сатып ала алмайсың. Әр дүкеннен іздеуге тура келеді. Бірақ бұл жұмыстардың басым бөлігін туыстарым атқарды. Тойды ұйымдастыру туған бауырларымның мойнында болса, қыз жасауына нағашыларым жауап берді”, – дейді ол.
Тойға келген қонақтардан шамамен 1,6 миллион теңге жиналған. Мөлдірдің айтуынша, қонақтардың көбі 15 мың теңгеден жоғары ақша сыйлаған.

Бұл қаражат ұзату тойының негізгі шығынын жабуға жеткен. Дегенмен қыз жасауы мен басқа да рәсімдерге жұмсалған ақшаны қосқанда, отбасының шығыны әлдеқайда көп болған.
“Мейрамханамен есептескеннен кейін анамның қолында соңғы 30 мың теңгесі ғана қалды. Егер бауырларымыз ақша жинап бермегенде, айтарлықтай шығынға батар едік. Бірақ тойға несие алған жоқпыз. Өзім кейбір қажетті заттарды бөліп төлеуге сатып алдым. Қазір сол төлемдерімді төлеп жүрмін”, – дейді Мөлдір.
Оның айтуынша, тойға кеткен барлық қаражат пен қонақтардың сыйлығын, туыстардың көмегін есептегенде, ата-анасының өз қалтасынан шамамен 1 миллион теңге шыққан.
Мөлдір ең көп қаражат қыз жасауына жұмсалғанын айтады. Ол тойды қайта ұйымдастыру мүмкіндігі болса, құдаларға берілетін сыйлықтар мен киітке кететін шығынды қысқартатынын жеткізді.
Той өзін-өзі ақтауы үшін қанша ақша жиналуы керек?
Үш кейіпкердің тәжірибесі тойға жұмсалған қаражаттың қонақ санына ғана емес, мейрамхана бағасына, қыз жасауына және құдалықтағы салт-жоралғыларға да байланысты екенін көрсетеді.
Мәселен, Мөлдірдің 60 адамға арналған ұзату тойына шамамен 1,5 миллион теңге жұмсалып, қонақтардан 1,6 миллион теңге жиналған. Алайда қыз жасауы мен басқа шығындарды қосқанда, ата-анасының қалтасынан шамамен бір миллион теңге кеткен.
Нұрайлымның отбасында ұзату, құдалық, қыз жасауы мен дәстүрлік сыйлықтардың жалпы шығыны 12 миллион теңгеге жуықтаған. Туыстардың көмегі мен қонақтардың сыйлығына қарамастан, отбасының есебі бойынша, 1–2 миллион теңге шығын болған.
Ал Айсұлудың Шымкенттегі тойында қонақтардан түскен қаражат негізгі шығынды жауып, шамамен 500 мың теңге артылған. Бірақ бұл есепке кейбір жеке шығындар мен туыстары көтерген төлемдер кірмеген.

Бұл мысалдарда тойдың өзін-өзі ақтауы әртүрлі тәсілмен есептелген. Сондықтан қонақтардан түскен ақшаны тойдың барлық шығынымен салыстыру үшін мейрамхананың ғана емес, қыз жасау, құдалық, киіт, алтын бұйымдар мен жеке дайындықтардың да құнын ескеру қажет.
Бұған қоса, туыстардың тойға дейін жинап берген ақшасы мен қонақтардың мереке кезінде сыйлаған қаражатын ажыратып қарастырған дұрыс. Өйткені отбасына жақындарының көмегі қаржылық ауыртпалықты жеңілдеткенімен, тойды ұйымдастырудың жалпы құнын өзгертпейді.
Қыз жасауы мен құдалықтағы шығынды азайтуға бола ма?
Үш кейіпкердің әңгімесінен байқалған ортақ мәселе – тойдағы ең ірі шығындардың бірі қыз жасауына және дәстүрлік рәсімдерге жұмсалады.
Мөлдірдің отбасында қыз жасауына 2,5 миллион теңге бөлінген. Нұрайлымның отбасында қыз жасауы, алтын мен киітке шамамен 6 миллион теңге жұмсалған. Ал Айсұлудың отбасында қыз жасауы мен құдалықтағы сыйлықтардың жалпы құны 2,5–3 миллион теңге болған.
Дегенмен бұл сомаларды тек қыз жасауының бағасы ретінде салыстыруға болмайды. Себебі кейіпкерлердің бірінде оған тек тұрмыстық заттар кірсе, басқаларында алтын, киіт пен дәстүрлік сыйлықтар да қосылған.
Кейіпкерлер құдалықтағы алтын, қымбат сырт киім мен кейбір сыйлықтарға кететін шығынды да қысқартуға болатынын айтады. Олардың пікірінше, мұндай қаражатты жас жұбайлардың баспана алуына немесе алғашқы тұрмысын ұйымдастыруына бағыттау пайдалырақ болуы мүмкін.
Тойға кеткен миллиондар қайтарыла ма?
Отбасылардың тәжірибесіне сүйенсек, тойға жұмсалған ақшаның бір бөлігі немесе негізгі шығын түгел қайтуы мүмкін. Бірақ қыз жасау, құдалық және өзге де рәсімдерді қосқанда, барлық қаражаттың қайтуына кепілдік жоқ.
Үш бойжеткен де той мен құдалықтың тек қаржылық есептен тұрмайтынын айтады. Олардың пікірінше, ата-ананың қуанышы, ағайынның бас қосуы мен салт-дәстүрдің сақталуы да маңызды. Дегенмен мұндай қуаныш үшін отбасының мүмкіндігінен тыс қаражат жұмсау міндет емес.
Осылайша, той шығынының өзін-өзі ақтауы мүмкін, бірақ оған алдын ала сеніп, қомақты қаражат жұмсау тәуекелді. Сондықтан мейрамхана мен мерекелік қызметтердің ғана емес, құдалық, қыз жасауы және дәстүрлік сыйлықтардың да шығынын алдын ала есептеу маңызды. Бір күндік тойдың қаржылық салмағы отбасының кейінгі тұрмысына әсер етпеуі керек.
Қазақстанда жекеменшік мектептер мен балабақшаларға жаңа салық енгізілді: Қызмет бағасы қымбаттай ма