Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Садраддин Алматыдағы концертінде Маңғыстауда қаза тапқан сарбаздарға ән арнады

Садраддин
Фото: Instagram.com/sadraddinn

Танымал әнші Садраддин Болат Алматыдағы концертінде Маңғыстауда әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған сарбаздарды еске алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

27 қыркүйекте әнші Алматының Орталық стадионында жеке концертін өткізді. Кеш барысында ол сахна төрінен қаза болған әскери қызметшілердің рухына тағзым етіп, арнайы сөз арнады.

Одан кейін Садраддин әскери қызметшілерге арналған “Ант” әнін орындады. Бұл сәт концерттің ең әсерлі бөліктерінің біріне айналды. Әнші бұдан бөлек “Ана”, “Түн” секілді лирикалық әндерін де шырқады.

Концерт шамамен екі сағатқа созылып, Садраддин көрерменге 20-ға жуық ән ұсынды. Кеште оның бұрыннан белгілі туындыларымен қатар жаңа әндері де орындалды. Сондай-ақ сахнаға шетелдік өнерпаздар шығып, әншімен бірге дуэт шырқады. Олардың арасында ливандық Махер Зейн, украиналық Adro және қырғызстандық рэпер Bakr бар.

Садраддин сахнаға ерекше образбен шығып, концертті “Үйге” және “Грустный танец” әндерімен бастаған.

Айта кетейік, бұған дейін әншінің Алматыдағы концерттері 26 және 27 қыркүйекке жоспарланған еді. Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде сарбаздардың қаза болуына байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Осыған байланысты Садраддин концерт күндерін 27 және 28 қыркүйекке ауыстырды.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек, 2026 12:57