Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халық қайғырып жатқанда": Қаралы күні жарнама жасаған блогер қазақстандықтарды ашуландырды

жарнама
Фото: Instagram скрин

Маңғыстауда әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тауып, елде қаралы күн жарияланды. Осы тұста блогер Эльмира Төлегенова Instagram парақшасында аэрогриль жарнамасын жасады. Осыдан кейін желіде жұрт оның бұл әрекетіне шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Блогердің сторизінде ол тұрмыстық техника туралы айтып, құрылғыны дауыспен басқару мүмкіндігін таныстырған.

Десе де жарнама әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызды. Кейбір қолданушылар елде қаралы жағдай болып жатқанда жарнама жариялауды орынсыз деп бағалады.

“Әрекетсіздік те – әрекет. Ал қаралы күні аэрогриль жарнамасын жариялау көпшілікке қызыл шүберекті бұқаға бұлғағандай әсер етті. Оның бұл әрекеті менің де ашуыма тиді. Салтанат Нүкенованың ісі кезінде де ол үнсіз қалды. Өзінің әдемі әлеміне кіріп, шыққысы келмейтіндей көрінді. Оның да үш ұлы өсіп келеді.  Қоғамның басына ауыр күн түскенде халықты қолдамасаң, ертең өзің де сондай жағдайға тап болғанда халықтан қолдау күтпе! Осы қаралы күндегі жарнамасы қатты ашуыма тиді. Меніңше, бұл өте орынсыз әрекет”, – деп жазды желі қолданушысы.

Оған қоса қолданушы блогердің қоғамдық резонанс тудырған оқиғаларға қатысты бұған дейінгі ұстанымын еске салды. Ол желіге блогер Эльмира Төлегеннің Айсәуле Бақытбекке берген сұхбатынан видео жариялады. 

Сол кезде Эльмира Төлегенова жағымсыз жаңалықтардан әдейі алшақ жүруге тырысатынын айтқан.

“Негатив ақпарат – құйғыш сияқты. Ол адамды өзіне тарта береді. Адамдар өте көп ақпаратты, әсіресе жағымсыз ақпаратты тұтынады. Ол тез тарайды. Мен әрқашан жағымсыз жаңалықтардан немесе басқа да дүниелерден алшақ болуға тырысамын. Оларды қарамаймын деген сөз емес. Бәрін біліп, тыңдап отырамын. Өзім үшін қорытынды жасаймын. Бірақ оған кіріп кетпеймін”, – деген блогер.

Ол Салтанат Нүкенованың ісіне қатысты процесті қарамағанын да айтқан.

“Сот процесін бақыламаймын. Мүмкін, бір жерде Reels-тен немесе басқа жерден үзінділерін көретін шығармын. Егер адам үнемі жағымсыз ақпараттың ішінде өмір сүрсе, ол өз өміріне де әсер етеді деп ойлаймын”, – деген Төлегенова.

Сұхбатта блогерге қоғамдағы мәселелерден осылайша алшақ жүру өзгеріске кедергі келтірмей ме деген сұрақ қойылған. Ол өз аудиториясындағы әйелдерге зорлық-зомбылық туралы белгілі бір ойды жеткізетінін айтқан.

“Бұл мәселелерді мүлде көтермеймін деп айтпаймын. Әйелдерге белгілі бір ойды жеткіземін. Мысалы, зорлық-зомбылыққа толы қарым-қатынаста өмір сүрудің қалыпты емес екенін айтамын. Егер ер адам сені сүймесе, әсіресе саған қандай да бір зорлық-зомбылық көрсетсе”, – деген ол.

Істің мән-жайы

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды. 

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметкерлердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.

Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажет сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.

Stan.kz
Сенбі, 26 Қыркүйек, 2026 17:30