Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы әуежайындағы оқиғадан соң Данияр Елеусіновке бес әкімшілік хаттама толтырылды

боксшы
Фото: Видеодан скрин

Алматы әуежайында FlyArystan әуе компаниясының Алматы – Астана бағытындағы рейсіне отырған жолаушы ұшудан бас тартып, ұшақтан шығып кеткен. Осыдан кейін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналист Михаил Козачковиың мәліметінше, жолаушы ұшақтан шыққан соң борттағы өзге жолаушылар да түсірілген. Олардың жүгі қайта тексеру үшін ұшақтан шығарылып, әуе кемесі қосымша тексерілген.

Ер адам Алматы әуежайындағы желілік полиция бөліміне жеткізілген.

Козачковтың жазуынша, оған бірден бес әкімшілік хаттама толтырылған. Атап айтқанда, ұсақ бұзақылық жасағаны, қоғамдық орында мас күйде болғаны және темекі шеккені, ұшу қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны және әуе кемесіндегі тәртіп ережелерін сақтамағаны бойынша хаттамалар рәсімделген.

Журналистің мәліметінше, жолаушы 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусінов болған. Оқиғаға отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін екенін жазды.

Оқиға салдарынан FlyArystan-ның Алматы – Астана рейсі елордаға шамамен үш сағат кешігіп жеткен.

Айта кетейік, бұған дейін Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Алматыдан Астанаға ұшатын рейстің кешігуіне себеп болғаны туралы жазған едік. 

Stan.kz
Сенбі, 26 Қыркүйек, 2026 14:07