"Сені сүйемін": Сөйлеу қабілетінен айырылған ер адам миындағы чип арқылы әйеліне тіл қатты
ALS дерті салдарынан сөйлеу қабілетінен айырылған Терри Мандабл миына орнатылған тәжірибелік Neuralink чипінің көмегімен қайтадан ойын сөзге айналдыра алды. Ең әсерлі сәттердің бірінде ол әйелі Лориге “Сені сүйемін” деген үш сөзді жеткізген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Терридің миына Neuralink компаниясының тәжірибелік құрылғысы орнатылған. Чип мидың сөйлеуге жауап беретін моторлық аймағындағы нейрондық белсенділікті тіркейді. Ал жасанды интеллект сол сигналдарды талдап, адамның айтқысы келген сөздерін мәтінге және дыбысқа айналдырады.
Сынақ кезінде Терри әйеліне қарап, іштей үш-ақ сөз ойлаған.
“Сені сүйемін”.

Алдымен бұл сөздер компьютер экранында пайда болып, артынша дыбысталып шыққан. Күйеуінің ойын компьютер арқылы естіген Лори қатты толқыған.
“Сен жай ғана сөздерді ойлап отырсың ба? Ал олар экранда пайда болып жатыр ма?” – деп таңданысын жасырмаған ол.
Лоридің сөзінше, Терри бұрын өте ашық-жарқын, көп сөйлейтін адам болған. Алайда ALS дертінің асқынуына байланысты оның сөйлеу қабілеті біртіндеп нашарлаған.
“Терри – өте ашық адам. Ол сөйлескенді жақсы көреді. Оның басынан өтіп жатқан жағдайды көру өте ауыр”, – дейді әйелі.
Дерт анықталғанға дейін Терри мансабында айтарлықтай жетістікке жеткен. Ол өз компаниясында серіктес дәрежесіне көтеріліп, әйелі айтқандай, кәсіби жолының ең биік кезеңінде жүрген.

Алайда көп ұзамай алғашқы күмәнді белгілер пайда болған. Лори күйеуінің іскерлік кешкі астан кейін үйге келіп, сөздерін анық айта алмай қалғанын еске алады.
“Алғашында әзілдеп “Кешкі ас кезінде қанша шарап іштің?” деп сұрайтынмын. Ал ол маған қарап “Мен мүлде шарап ішкен жоқпын” дейтін”, – дейді Лори.
Уақыт өте келе Терридің жағдайы нашарлап, клиенттермен және әріптестерімен сөйлесу қиындай түскен. Ақырында ол ұзақ мерзімді еңбекке жарамсыздыққа шығып, жақсы көретін жұмысын тастауға мәжбүр болған.
Дерт оның отбасындағы күнделікті қарым-қатынасқа да әсер еткен.
“Қазір оның айтқанын түсіну барған сайын қиындап барады. Менің ең үлкен қорқынышымның бірі – бір күні онымен сөйлесе алмай, не қажет екенін де түсінбей қалу”, – дейді Лори.
Терридің өзі де дауысынан айырылудың өміріне қатты әсер еткенін айтқан.
“Дауысымнан айырылу өмірімнің көптеген қырына әсер етті. Бұл технология маған қайтадан әңгімеге араласуға мүмкіндік береді деп үміттенемін”, – деді ол.
Осы үміт оны Neuralink компаниясының Voice деп аталатын тәжірибелік зерттеуіне қатысуға алып келген. Терри жобаға қатысқан үшінші адам болған.

Илон Маскқа тиесілі Neuralink компаниясы адамның миынан шығатын сигналдарды анықтап, алгоритмдер арқылы оның не айтқысы келетінін түсіндіретін ми-компьютер интерфейсін әзірлеп жатыр. Құрылғы әзірге тәжірибелік деңгейде және АҚШ-тың Азық-түлік пен дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы – FDA тарапынан жаппай қолдануға мақұлданбаған. Сондықтан технология кеңінен қолданысқа енуі үшін әлі де ауқымды зерттеулер қажет.
Терри операцияға келісіп, оның миына Neuralink құрылғысы орнатылғаннан кейін зерттеушілер нейрондық сигналдарды зерттей бастаған.
Жүйе мыңдаған арна арқылы ми белсенділігін тіркейді. Мамандар әсіресе сөйлеуге жауап беретін моторлық аймақтағы өзгерістерге назар аударған. Терриден “hello world” деп айтуға тырысу сұралғанда, оның ми белсенділігі бірден күшейген.
“Бұл өте әсерлі. Сіз әртүрлі әрекет жасауға тырысқанда қаншалықты көп белсенділік пайда болатынын көрудің өзі ерекше”, – деген зерттеушілердің бірі.
Одан кейін мамандар Терридің ми сигналдарын сөзге айналдыратын арнайы декодерді үйретуге кіріскен. Оған түрлі сөйлемдер көрсетіліп, оларды айтуға барынша тырысу сұралған. Бұл жерде оның даусын айналасындағылар түсінуі маңызды болмаған.
“Біздің түсінуіміз маңызды емес. Маңыздысы – сіздің ми сигналдарыңыз бен не айтқыңыз келгені”, – деп түсіндірген зерттеушілер.
Біртіндеп жүйе Терридің миындағы үлгілерді ажыратып, түсінікті сөйлемдер шығара бастаған. Сынақтардың бірінде компьютер: “Сәлем, бүгін халің қалай?” деген сөйлемді дыбыстаған.
Сол кезде зерттеушілер Терриге:
“Сіз даусыңызды қайта алдыңыз”, – деген.

Тәжірибенің келесі кезеңінде Терри сөздерді физикалық түрде айтуға тырыспай-ақ, оларды тек ойлау арқылы жеткізе алған.
“Қалыпты өмірге қайта оралу – Neuralink мен үшін осыны білдіреді”, – деді ол.
Ал Лори үшін бұл жай ғана технологиялық жетістік емес.
“Оның сөйлеу қабілетін қайтарудың әсері керемет. Бұл оның өмірінің бір бөлшегін қайта бергендей”, – дейді ол.
Әйелінің айтуынша, ALS диагнозынан кейін адам өмірдегі ең қарапайым дүниелердің өзі қаншалықты маңызды екенін түсіне бастайды.
“Күйеуіммен жай ғана сөйлесе алу бұрын мен үшін қалыпты нәрсе еді. Оның қадірін білмеппін. Ал қазір бұл біз үшін бүкіл әлеммен тең. Қайтадан бір-бірімізбен сөйлесе алу – біз үшін өте маңызды”, – деді Лори.

Еске салайық, бұған дейін 21 жасында сал болып қалған ер адам Илон Масктің ми чипімен қалай өмір сүріп жатқанын айтып бергені хабарланған еді.
"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді
