БЖЗҚ-ның инвестициялық кірісі 800 миллиард теңгеге дейін азайды
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық кірісі қыркүйек айынан кейін 1,1 триллион теңгеден 800 миллиард теңгеге дейін азайды. Ұлттық банк мұны теңгенің долларға шаққандағы нығаюымен байланыстырды. Реттеуші сонымен қатар салымшыларға зейнетақы активтерін жеке басқарушы компанияларға беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, инвестициялық кірістің азаюына зейнетақы активтерінің бір бөлігі шетел валютасында сақталуы әсер еткен. Теңге нығайған кезде шетел валютасындағы активтердің ұлттық валютаға шаққандағы құны төмендейді.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұны мысалмен түсіндірді. Егер 10 мың доллардың бағамы 500 теңге болса, оның құны 5 миллион теңгеге тең. Ал доллар бағамы 460 теңгеге дейін төмендесе, сол ақша 4,6 миллион теңге болады. Бұл ретте доллармен есептегендегі сома өзгермейді, тек теңгеге шаққандағы құны азаяды.

Оның сөзінше, мұндай қайта бағалау валюталық активтері бар кез келген инвесторда болады. Сондықтан зейнетақы жинағының тиімділігін бағалағанда бір жылдағы нәтижемен шектелмей, ұзақ мерзімді кірістілікті ескеру қажет. Негізгі мақсат – инвестициялық кірістің инфляциядан жоғары болуы.
Ұлттық банк басшысы жеке басқарушылардың табысы жоғары болғанын мойындады
Брифинг барысында журналистер БЖЗҚ-ның инвестициялық нәтижелері мен салымшыларға жеке басқарушы компанияларды қарастыру туралы ұсыныстардың жиі айтылуы зейнетақы қаражатын басқару тиімділігіне күмән келтірмей ме деп сұрады.
Тимур Сүлейменов мұндай пікірмен келіспейтінін айтты. Дегенмен кейбір жеке басқарушы компаниялардың кірістілігі жоғары болғанын да жоққа шығармады.
“Кірістілік жоғары болуы мүмкін бе еді? Иә, мүмкін еді, өйткені кейбір жеке басқарушылар жоғары кірістілік көрсетті”, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның айтуынша, көлемі шамамен 27 триллион теңге болатын зейнетақы активтерін басқару 15–20 миллиард теңгелік портфельді басқаруға қарағанда күрделірек. Себебі ірі портфельді басқарғанда нарықтық, елдік және валюталық тәуекелдерді шектеу маңызды.
Сүлейменов зейнетақы активтері біріктірілген сәттен бергі жинақталған инвестициялық кіріс жинақталған инфляциядан жоғары екенін де атап өтті. Алайда бұл көрсеткіш тек биылғы жылдың нәтижесін емес, ұзақ кезеңді қамтиды.
Салымшыларға жеке басқарушы компанияларды зерттеу ұсынылды
Ұлттық банк басшысы салымшыларға жеке басқарушы инвестициялық портфель компанияларының нәтижелерін, инвестициялық декларацияларын және қаражатты орналастыру тәсілдерін зерттеуге кеңес берді.
Оның пікірінше, активтер көлемінің шағын болуы жеке басқарушыларға инвестициялық шешімдерді жылдамырақ қабылдауға мүмкіндік береді. Дегенмен қаражатты кімге сеніп тапсыру керегін әр салымшы өзі шешуі керек.
“Ешкімді ұстап қалмауымыз керек, бұл әрқайсымыздың жеке таңдауымыз болуы тиіс”, – деді Тимур Сүлейменов.
Инвестициялық кірістің төмендеуі нені білдіреді?
БЖЗҚ-ның инвестициялық кірісі жыл басынан бері оң мәнде қалып отыр. Алайда теңге нығайған кезеңде шетел валютасындағы активтерді қайта бағалау салдарынан кіріс көлемі азаюы мүмкін.
Салымшылар үшін маңыздысы – зейнетақы жинағының ұзақ мерзімді кірістілігі инфляцияны басып оза ма, жоқ па деген мәселе. Өйткені инфляциядан төмен кірістілік жинақтың сатып алу қабілетін төмендетуі мүмкін.
Зейнетақы жинағын басқарудың тағы бір нұсқасы – сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитетін рәсімдеу. Бұл жағдайда салымшы жинағының бір бөлігін немесе тиісті талаптарға сай сомасын сақтандыру ұйымына аударып, оның орнына өмір бойы төленетін зейнетақы төлемдерін ала алады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарды 50 жастан бастап алуға болатыны туралы жазған едік.
Зейнетақы жинағын аннуитетке аудару тиімді ме, әлде БЖЗҚ-да қалдырған дұрыс па? Сарапшы түсіндірді