Ұлттық банк зейнетақы жинақтарын басқарудағы табыстылық неге төмен екенін түсіндірді
Қазақстан Ұлттық банкінің басқаруындағы зейнетақы активтерінің табыстылығы жекеменшік инвестициялық компаниялардың көрсеткіштерінен төмен. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұны басқарудағы қаражат көлемінің үлкендігімен түсіндірді. Оның айтуынша, реттеуші шамамен 27 триллион теңгені басқарады, ал жекеменшік компаниялардың портфелі бұдан әлдеқайда аз. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Ұлттық банкте өткен брифингте журналистер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық нәтижелері төмен болғандықтан, азаматтардың жинақтарын жекеменшік басқарушы компанияларға аударуға шақырулар көбейгенін айтып, бұл Ұлттық банк пен қор мамандарының кәсібилігіне күмән келтіре ме деп сұрады.
Тимур Сүлейменов мұндай пікірмен келіспеді. Оның сөзінше, зейнетақы активтері инвестициялық табыс әкеліп жатыр, бірақ нәтиже бұдан да жоғары болуы мүмкін еді.
“Менің есімде қалғаны, біз шығынға ұшыраған жоқпыз. БЖЗҚ-дағы табыстылық шамамен 3,2% болды. Одан жоғары болуы мүмкін бе еді? Әрине, мүмкін. Өйткені кейбір жекеменшік басқарушы компаниялар жоғары табыстылық көрсетті”, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның түсіндіруінше, 27 триллион теңгеге жуық активті басқару 15-20 миллиард теңге көлеміндегі портфельді басқарудан әлдеқайда күрделі. Ірі портфель бойынша инвестициялық шешімдерді жылдам қабылдау қиын. Оның үстіне қысқа мерзімде жоғары табыс әкелетін инвестициялар кейін шығынға ұшыратуы мүмкін.

Сондықтан Ұлттық банк зейнетақы активтерін басқарғанда тәуекелдерді шектеуге басымдық береді. Бұл ретте нарықтағы, елдегі және валюта бағамындағы өзгерістерден туындайтын қауіптер ескеріледі.
“Портфельді байыппен, консервативті түрде бөлу арқылы нарықтық, елдік және валюталық тәуекелдерден қорғау – зейнетақы активтерін басқарушының негізгі міндеті”, – деп түсіндірді Сүлейменов.
Ол Ұлттық банк пен БЖЗҚ өз міндетін орындап отырғанын айтты. Сүлейменовтің сөзінше, зейнетақы активтері бір басқаруға шоғырландырылғаннан бергі жинақталған табыстылық осы кезеңдегі инфляциядан жоғары. Дегенмен ол инвестициялық нәтижелердің бұдан да жақсы болғанын қалайтынын және тәуекелдер азайған сайын табыстылық артады деп күтетінін жеткізді.
Ұлттық банктің зейнетақы активтерінен түскен нақты табысы қандай?
2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Ұлттық банктің басқаруында 26,6 триллион теңге зейнетақы активі болған. Бұл қазақстандықтардың барлық зейнетақы жинағының 99%-дан астамын құрайды. Қыркүйек айында активтер көлемі 317,5 миллиард теңгеге немесе 1,2%-ға азайған.
Жыл басынан бері Ұлттық банк салымшыларға 766,32 миллиард теңге инвестициялық табыс есептеген. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айындағы номиналды табыстылық 2,91% болды.
Алайда осы кезеңде инфляция 7%-ға жеткен. Соның салдарынан зейнетақы жинақтарының нақты табыстылығы минус 3,83% болған. Яғни инвестициялық табыс түскенімен, жинақтың сатып алу қабілеті төмендеген.
Салыстыру үшін, 2026 жылдың тоғыз айында зейнетақы активтерін басқарушы компаниялар арасында ең жоғары табыстылықты "Сентрас Секьюритиз" көрсетті. Компанияның номиналды табыстылығы 11,87%, ал инфляцияны есептегендегі нақты көрсеткіші 4,54% болды. БЖЗҚ салымшыларының шоттарына компания 1,147 миллиард теңге инвестициялық табыс есептеген.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарды 50 жастан бастап алуға болатыны туралы жазған едік.
Зейнетақы жинағын аннуитетке аудару тиімді ме, әлде БЖЗҚ-да қалдырған дұрыс па? Сарапшы түсіндірді