Жеке басқаруға берілген зейнетақы жарналарына мемлекеттік кепілдік сақталады – Еңбек министрлігі
Қазақстанда зейнетақы жинақтарын жеке басқаруға берген кезде нақты аударылған жарналардың сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік толық көлемде сақталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлағандай, Қазақстанда зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияға берген жағдайда азаматтардың нақты аударған зейнетақы жарналарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік толықтай сақталады. Алайда өз еркімен таңдалған инвестицияға байланысты тәуекелдер үшін салымшының өзі жауап береді.
Бұл жүйеде мемлекеттік кепілдік пен инвестициялық тәуекелдер нақты ажыратылады. Яғни мемлекет жарналардың сақталуына кепілдік бергенімен, инвестициядан түсетін табысқа немесе ықтимал шығындарға қатысты жауапкершілік таңдалған басқару тәсіліне байланысты болады.
Жаңа тәртіп бойынша азаматтар зейнетақы жинақтарының 100 пайыз қаражатын жеке басқаруға бере алады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әрбір салымшының өзіне қолайлы басқарушы компанияны және инвестициялық стратегияны өзі таңдайтыны айтылды.
Зейнетақы қаражатын басқаруға беру шарттары мен мемлекеттік кепілдіктің шекті көлемі қолданыстағы зейнетақы заңнамасына сәйкес айқындалады.
Ведомство осыған байланысты азаматтарға басқарушы компанияны таңдамас бұрын оның инвестициялық стратегиясын, қаражатты басқару тәртібін және ықтимал тәуекелдерін мұқият зерттеуге кеңес берді.
Еске салайық, бұған дейін салымшылар өздерінің зейнетақы жинақтарының тек 50%-ын ғана жеке басқаруға бере алатын. Жаңа ереже бойынша барлық қаражатты 100%-ға дейін жеке басқаруға аудару мүмкіндігі қарастырылады.
"Киімдегі жалаңаш қыздар": Дене бітімін айқындайтын хиджаб үлгісі қазақстандықтардың сынына қалды
