Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда зейнетақы жинағының 30%-ын жеке компанияларға беру жоспарланып отыр

Зейнетақы
Фото: Pixabay

Қазақстанда 2030 жылға қарай зейнетақы активтерінің 20–30 пайызын отандық жеке басқарушы компаниялардың қарамағына беру жоспарланып отыр. Олар конкурстық негізде іріктеледі. Жаңа бастама зейнетақы жинақтарын басқаруға жеке компаниялардың қатысуын кеңейтуге бағытталған. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, бұл — агенттік пен Ұлттық банктің бірлесіп әзірлеген 2030 жылға дейінгі капитал нарығын дамыту бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі.

 

Жоспарға сәйкес, Ұлттық банктің басқаруындағы зейнетақы портфелінің бір бөлігі кезең-кезеңімен лицензиясы бар жеке басқарушы компанияларға беріледі. Алғашқы кезеңде мемлекеттік бағалы қағаздардан бастау көзделген.

Сонымен қатар активтерді басқару кезінде тәуекелдерді бақылауға, ішкі бақылау жүйесіне және ақпаратты ашық жариялауға қатысты бірыңғай талаптар енгізіледі. Зейнетақы активтері басқарушы компаниялардың өз қаражатынан бөлек сақталады. Оларды қорғауды тәуелсіз кастодиан — активтерді сақтау мен есепке алуға жауапты ұйым қамтамасыз етеді.

Жеке компаниялар қалай іріктеледі?

Жеке басқарушы компаниялар конкурстық негізде таңдалады. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің 4 қыркүйекте айтқан мәліметінше, бұл тетікті іс жүзінде іске қосу үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет.

Оның айтуынша, жаңа тәсілді 2027 жылдың соңына қарай іске асыру мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Компаниялардың жұмысы ай сайын бағаланады. Егер басқарушының жұмысы жақсы нәтиже көрсетіп, инвестициялық кірістілігі жоғары болса, портфель сол компанияда қалады. Ал көрсеткіштері төмен болған жағдайда активтер басқа басқарушыға берілуі мүмкін.

Мұндай тәсіл Ұлттық қордың қаражатын басқару кезінде де қолданылады.

Капитал нарығын дамытуға қатысты тағы қандай жоспар бар?

Бағдарлама аясында кәсіпорындардың қор нарығына шығуын жеңілдету де көзделген. Осы мақсатта Орталық бағалы қағаздар депозитарийінің базасында құжаттарды рәсімдеуге арналған "бірыңғай терезе" құру жоспарланып отыр. Бағалы қағаздар шығаруға қажетті құжаттар да қатар қаралмақ.

Бұл облигация шығаруға дайындық мерзімін қазіргі үш-алты айдан бір-екі айға дейін қысқартуға және компаниялардың шығынын азайтуға мүмкіндік береді деп күтіледі.

Бұдан бөлек, ұлттық рейтинг агенттігін құру және ірі жеке компанияларды IPO-ға, яғни акцияларын қор биржасында алғаш рет жария түрде орналастыруға дайындайтын бағдарлама іске қосылмақ.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов бағдарламаны Бангкокте өткен Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тобының жыл сайынғы іс-шаралары аясында халықаралық инвесторларға таныстырды.

Айта кетсек, бұған дейін зейнетақы жинағын қай компанияға аудару тиімді екенін жазған едік.

Айнура Дарибаева
Жұма, 16 Қазан, 2026 11:18