Қазақстанда зейнетақы рәсімдеу тәртібі өзгереді
Қазақстанда зейнетақы төлемдерін тағайындау және жерлеуге берілетін біржолғы жәрдемақыны рәсімдеу тәртібі өзгереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тиісті бұйрыққа еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқар Ертаев қол қойды.
Өзгерістер жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақыны рәсімдеу тәртібіне қатысты.
Жаңа ережеге сәйкес, енді зейнетақыны бір өтінішпен рәсімдеуге болады. Зейнет жасына жеткен азаматтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақтарын, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және жасына байланысты зейнетақыны бір өтініш арқылы рәсімдей алады. Бұл тәртіп композиттік қызмет деп аталады.
Жаңа тәртіп бойынша құжаттардан қате немесе сәйкессіздік анықталған жағдайда, өтініш берушілерге қателерді түзетуге уақыт беріледі. Өтініш пен құжаттарды тексеру кезінде қате, дәлсіздік немесе белгіленген талаптарға сәйкессіздік анықталса, құжаттар цифрлық күту парағы арқылы қабылдануы мүмкін. Бұл ретте өтініш берушіге мемлекеттік қызмет көрсетудің уақытша тоқтатылғаны туралы хабарлама беріледі.
Қателерді түзетуге мынадай мерзімдер қарастырылған:
- жасына байланысты зейнетақыны тағайындау үшін – 10 жұмыс күніне дейін;
- мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау үшін – 8 жұмыс күніне дейін.
Бұл кезең өтінішті қараудың жалпы мерзіміне қосылмайды.
Егер азамат көрсетілген уақыт ішінде кемшіліктерді түзетсе, құжаттар бастапқы өтініш берілген күні қабылданған болып есептеледі. Қателер жойылғаннан кейін өтінішті қарау қайта жалғасады.
Ал белгіленген мерзімде түзетулер енгізілмесе, құжаттарды қабылдаудан бас тартылуы мүмкін.
Жаңа қағидаларда өтінішті қабылдаудан бас тартуға негіз болатын жағдайлар да көрсетілген. Олардың қатарында:
- құжаттардың толық тапсырылмауы;
- қажетті құжаттардың жарамдылық мерзімінің аяқталуы;
- жеке деректердің сәйкес келмеуі;
- зейнетақы тағайындауға құқығының болмауы бар.
Сондай-ақ төлемдерді рәсімдеу үшін қажет, қолжетімділігі шектелген дербес деректерге қол жеткізуге келісім берілмесе де, өтінішті қабылдаудан бас тартылуы мүмкін.
Зейнетақы төлемдерін тағайындауға арналған мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері өзгеріссіз қалады: жасына байланысты зейнетақы – 10 жұмыс күні, ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі – 8 жұмыс күні.
Уәкілетті орган іс материалдарының электрондық макеті келіп түскеннен кейін шешім қабылдайды. Құжаттарды қарауға жасына байланысты зейнетақы үшін 5 жұмыс күні, ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі үшін 4 жұмыс күні беріледі.
Жерлеу жәрдемақысын рәсімдеу тәртібі де өзгереді
Республикалық бюджет есебінен төленетін жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақыны тағайындау қағидалары да жаңартылады.
Азаматтар жәрдемақы алу үшін мемлекеттік корпорацияға, электрондық үкімет порталына немесе ұялы телефон арқылы проактивті қызметке жүгіне алады.
Құжаттарда қате анықталса немесе қажетті құжаттар толық тапсырылмаса, өтініш берушіге кемшіліктерді түзетуге уақыт беріледі. Мемлекеттік корпорация арқылы өтініш бергендерге 3 жұмыс күніне дейін, ал электрондық үкімет порталы арқылы жүгінгендерге 1 жұмыс күніне дейін мерзім қарастырылған.
Жәрдемақы тағайындау кезінде мұқтаждық қағидатына сәйкестік те ескеріледі. Өтініш берушінің әлеуметтік жағдайын бағалау үшін отбасының цифрлық картасындағы деректер пайдаланылады.
Еске салсақ, бұған дейін 2026 жылдың 16 қазанынан бастап Қазақстанда зейнетақы аннуитетінің үлгілік шартына өзгерістер енгізілгені туралы жазған едік.
"Scopus-қа мақала шығару үшін 1,5 миллион теңге сұрайды": Қазақстандық ғалымдар докторантурадағы талаптарға наразы
