Қазақстанда такси қызметіндегі ақаудан кейін "Яндекске" тиесілі бес компания тексеріледі
Қазақстанда "Яндекске" тиесілі бес компанияда жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Министрлік олардың азаматтардың жеке деректерін сақтау және қорғау талаптарын қаншалықты орындап отырғанын анықтамақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаеваның сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Министрліктің мәліметінше, тексеру қараша айының соңына дейін жүргізіледі. Тексеріске Қазақстанда тіркелген мына бес компания ілігеді:
- "Яндекс Қазақстан";
- Yandex Bastau;
- "Яндекс. Такси Корп";
- "Яндекс. Еда Казахстан";
- "Яндекс LLP".
Тексеру барысында компаниялардың дербес деректерді қорғау туралы заңнама талаптарын сақтау деңгейі жан-жақты зерделенеді. Атап айтқанда, азаматтардың жеке мәліметтері Қазақстан аумағында сақтала ма, сондай-ақ оларды қорғау үшін қандай ұйымдастырушылық және техникалық шаралар қабылданғаны тексеріледі.
"Тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, оларды жою жөнінде ұсынымдар беріліп, кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылады", – делінген Жаслан Мәдиевтің жауабында.
Министрлік тексеру қорытындысы туралы қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді.

Еске салсақ, қазан айының басында Қазақстанда "Яндекс" такси мен курьерлік қызметтер істен шыққаны туралы жазған едік. 8 қазанға қараған түні Ресейдің Сасово қаласындағы “Яндекс” компаниясының дата-орталығына дрондар шабуыл жасағаны белгілі болды. Соққыдан кейін нысанда өрт шығып, инфрақұрылымның бір бөлігі зақымданған. Соның салдарынан орталықтың жұмысын толық тоқтатуға тура келген.
Осы оқиғадан кейін Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі "Яндекс" сервистеріне қатысты жағдайға түсініктеме беріп, қазақстандықтардың дербес деректеріне қатысты алаңдаушылықтың еш негізсіз екенін мәлімдеді.
"Яндекстегі" ақаудан кейін Құрылтай депутаттары қазақстандықтардың дербес деректеріне қатысты тексеру жүргізуді сұраған еді.