Қазақстандықтар InDrive жүргізушілерінің "Яндекстегі" ақау кезінде жолақыны негізсіз қымбаттатқанына шағымданды
"Яндекс" қызметіндегі ақау кезінде InDrive қосымшасы арқылы таксиге сұраныс үш есеге жуық өскен. Жолаушылар жүргізушілердің жолақысын әдеттегіден екі есе қымбат сұрағанына жаппай шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Такси жүргізушілерінің жолақысын негізсіз қымбаттатуына наразылық білдірген жолаушылар InDrive компаниясының негізін қалаушы Арсен Томскийдің желідегі жазбаларына жүздеген пікір қалдырған. Желі қолданушыларының бірі “Яндекс” қосымшасында 2200 теңге болып тұрған сапар үшін InDrive жүргізушілері 3 есе қымбат баға сұрағанына наразылық білдірді.
“Арсен, сіздердің сервистеріңізді ғана пайдаланғым-ақ келеді, бірақ әзірге inDrive көңілімді қалдырып жүр. Алдыңғы күні “Яндексте” жолақы 2200 теңге болып тұрды, бірақ қосымша кенеттен істемей қалды. inDrive-ты ашсам, ең төменгі баға – 3700 теңге. Ал жүргізушілер 7000–7500 теңгеге жеткізіп салуды ұсынды. Қатты ашуландым. Сұрағым бар: сіздерде жолақының төменгі шегі бар да, жоғарғы шегі неге жоқ?”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Желі қолданушылары тек Алматы, Астана секілді ірі қалаларда ғана емес, өңірлерде де такси бағасының күрт қымбаттағанына шағымданды.
“Атырауда inDrive-тағы жолақы күрт қымбаттап кетті. Әдетте Яндекспен 900 теңгеге баратынбыз, ал бүгін inDrive жүргізушілері дәл сол бағытқа 1800 теңге сұрады”, – дейді желі қолданушысы.
Ал енді бірі InDrive басшысынан жүргізушілерді жұмысқа қабылдау кезінде дұрыс іріктеуге шақырды.
“Арсен, енді, өздеріңіз айтқандай, "кезек сіздерде". Бұл – inDrive платформасын, яғни қосымшасы мен қызмет көрсету сапасын жақсартуға берілген мүмкіндік. Сондай-ақ жүргізушілер мен көліктердің сапасына мән беру керек. Жүргізушілердің психологиялық тұрғыдан тұрақтылығын да тексерген жөн. Өз басым сіздердің платформаларыңызды қауіпсіз деп санамаймын. Өзім пайдаланып көргендіктен айтып отырмын. Яндекс талаптарынан өте алмаған немесе ол жақта бұғатталған жүргізушілердің бәрі inDrive-қа жұмыс істеуге келгендей әсер қалдырады”, – деп жазды.
Пайдаланушылардың бір бөлігі InDrive компаниясынан сапар құнын жүргізушілердің өз еркіне қалдырмай, нақты баға белгілеуді талап етті.

InDrive компаниясының негізін қалаушы Арсен Томский жексенбі күні таңертең тапсырыстар саны күрт артқанын растады. Бірнеше сағат ішінде пайдаланушылар сапар мен жеткізу қызметтеріне әдеттегіден үш есеге жуық көп тапсырыс берген.
Томскийдің айтуынша, компания комиссия мөлшерін төмендетіп, жаңа жүргізушілерден ондаған мың өтінім алған. Олардың бір бөлігі жедел түрде жұмысқа кіріскен.
"Біз дәл қазір жаңа жүргізушілер тартуды жалғастырып, саудаласу кезінде бағаны қаншалықты көтеруге болатынын шектеп жатырмыз", – деп жазды Томский.
Ол InDrive сервисінде жол жүру құнын жолаушы мен жүргізуші өзара келісіп белгілейтінін еске салды. Тапсырыстар саны күрт артып, бос көлік жетіспеген кезде екі тарап та жоғары баға ұсына бастайды.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда "Яндекс" такси мен курьерлік қызметтер істен шыққаны туралы жазған едік.