ҰҚК Bek Air компаниясының бұрынғы басшысына қатысты тергеуді аяқтады: Оған қандай айып тағылған
Қазақстанның Бас көлік прокуратурасы Bek Air әуе компаниясының бұрынғы басшысы Нұрлан Жұмасұлтановқа қатысты қозғалтқыш ұрлау ісін тергеу аяқталғанын хабарлады. Қылмыстық іс бойынша тағы бір күдікті бар. Тергеу барысында ұрланған қозғалтқыштардың бірі 2019 жылы Алматы маңында апатқа ұшыраған Bek Air ұшағынан табылғаны анықталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, 2026 жылдың 23 қыркүйегінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу департаменті Нұрлан Жұмасұлтанов пен З. Тұрсыновқа қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтаған.
Оларға қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы, яғни “аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін ұрлау” бабы бойынша айып тағылған.
Қазір қылмыстық процеске қатысушылар іс материалдарымен танысып жатыр. Прокуратура тергеу құпиясына байланысты өзге ақпаратты жарияламады. Істің сотқа қашан жолданатыны да әзірге белгісіз.
Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, оларға мүлкін тәркілеумен қатар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Ұрланған қозғалтқыш апатқа ұшыраған ұшақтан қалай табылды?
Бұған дейін Алматы әуежайының аумағында тұрған, пайдаланудан шығарылып, консервацияланған Fokker 100 ұшағынан екі авиациялық қозғалтқыштың жоғалғаны белгілі болған еді. Алайда олардың нақты қай күні ұрланғаны анықталмаған. Оқиғаға куә болғандар немесе бейнебақылау камераларындағы жазбалар туралы да ақпарат жарияланбаған.
Жоғалған қозғалтқыштардың бірінің 2019 жылы 27 желтоқсанда болған әуе апатынан кейін табылған.
Сол күні Алматыдан Астанаға бағыт алған Bek Air ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін биіктігін жоғалтып, әуежай қоршауын бұзып өтіп, ғимаратқа соғылған. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды. Тергеу мен сот процестерінің қорытындысы бойынша апатқа кінәлі деп қаза тапқан екі ұшқыш танылған.
Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, апатты техникалық тұрғыдан зерттеу кезінде мамандар ұшақтағы қозғалтқыштардың бірін сериялық нөмірі арқылы анықтаған. Оның бұған дейін жоғалған қозғалтқыштардың бірі екені белгілі болған.
Дегенмен қозғалтқыштың ұшақтан табылуы оның апатқа себеп болғанын білдірмейді. Қозғалтқыштарды ұрлау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс әуе апатының себептерін тергеуге қатысы жоқ.
Жоғалған жабдықтың қайдан жеткізілгенін және Bek Air компаниясына қалай түскенін анықтау үшін көлік полициясы бірнеше жыл бойы іздестіру жұмыстарын жүргізіп, халықаралық сұраулар жолдаған.
Күдіктілер қалай анықталды?
2026 жылы Бас көлік прокуратурасы қозғалтқыштарды ұрлау ісінің тергеуін ҰҚК орталық аппаратына тапсырған. ҰҚК тергеушілері жабдықтардың жоғалуына әуе компаниясының иелері немесе басшылығының қатысы болуы мүмкін деген болжамға келген.
Осыдан кейін Bek Air компаниясының бұрынғы басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов жауап алуға шақырылып, күдікті ретінде ұсталған.
9 қыркүйекте Алматы қаласының тергеу соты оны екі айға қамауға алуға санкция берген. Ал қылмыстық істегі екінші күдікті З. Тұрсыновқа үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Қазіргі уақытта іс материалдарымен танысу кезеңі жүріп жатыр. Сот отырысының басталу күні әзірге жарияланған жоқ.
Еске салсақ, 2019 жылдың желтоқсанында Алматыдан Астанаға ұшып шыққан Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған еді. Ұшақ ұшқаннан кейін кейін бірден биіктігін жоғалтып, әуежай маңындағы жеке үйге соғылған. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, 67 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алды. 2025 жылдың тамызында Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатына қатысты іс сотқа жолданған еді.
