Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұрланған қозғалтқыш апатқа ұшыраған ұшақтан табылған: Bek Air компаниясының иесі қамауға алынды

Нурлан Жумасултанов
Фото: "Время" басылымы

Алматыда Bek Air әуе компаниясының іс жүзіндегі иесі Нұрлан Жұмасұлтанов ұшақ қозғалтқыштарын аса ірі мөлшерде ұрлады деген күдікпен екі айға қамауға алынды. Тергеу нұсқасына сәйкес, әуежайда жоғалған қозғалтқыштардың бірі кейін 2019 жылғы әуе апатына ұшыраған Bek Air ұшағынан табылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, 2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының Алматыдан Астанаға ұшқан Fokker-100 ұшағы әуеге көтеріле алмай, ұшу-қону жолағынан шығып кеткен. Ұшақ салынып жатқан жеке үйге соғылып, салдарынан 12 адам қаза тапты. Кейін тағы бір адам ауруханада көз жұмды.

Бірнеше жылдан кейін апатқа қатысты қылмыстық іс бойынша ұшақ экипажының мүшелері кінәлі деп танылып, олар қайтыс болғаннан кейін сотталды.

Осы іспен қатар Алматы әуежайы аумағында сақталған Fokker-100 ұшақтарының қозғалтқыштарының жоғалуына қатысты бөлек тергеу жүргізілген.

Қозғалтқыштардың ұрланғанын растайтын бейнежазба немесе куәгерлер болмаған. Алайда кейін апатқа ұшыраған ұшақтың бір қозғалтқышы бұрын жоғалған агрегаттардың бірі екені анықталған.  оның сериялық нөмірі арқылы белгілі болған.

Осыдан кейін тергеушілер қозғалтқыштың консервацияда тұрған ұшақтан алынып, кейін Bek Air әуе компаниясына тиесілі басқа ұшаққа орнатылғанын анықтаған.

Қозғалтқыштарды кім ұрлағанын бірнеше жыл бойы Көлік полиция департаментінің қызметкерлері, соның ішінде шетелдік әріптестерімен бірлесіп іздеген.

Биыл бас көлік прокуратурасы қылмыстық істі ұлттық қауіпсіздік комитетіне берген. Комитет тергеушілері қозғалтқыштың Bek Air ұшағында болғанын ескере отырып, әуе компаниясының иелері немесе басшыларының іске қатысы болуы мүмкін деген нұсқаны қарастырған.

Нұрлан Жұмасұлтанов жауап алуға шақырылып, кейін күдікті деп танылып, ұсталған. Автордың мәліметінше, 9 қыркүйекте Алматы қаласының тергеу соты оны екі ай мерзімге қамауға алуға санкция берген. Қылмыстық іс бойынша тағы бір адам үйқамаққа алынған.

Бизнесменге Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігі, яғни аса ірі мөлшерде ұрлық жасады деген айып тағылып отыр. Бап бойынша кінәлі деп танылған адамға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған. Осы мәліметтер тергеу нұсқасына қатысты. Жұмасұлтановтың кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталған жоқ.

Еске салайық, бұған дейін 2019 жылдың желтоқсанында Алматыдан Астанаға ұшып шыққан Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған еді. Ұшақ ұшқаннан кейін кейін бірден биіктігін жоғалтып, әуежай маңындағы жеке үйге соғылған. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, 67 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алды. 2025 жылдың тамызында Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатына қатысты іс сотқа жолданған еді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 16 Қыркүйек, 2026 10:11