Ең төменгі 113 мың теңгеден асады: 2027 жылы зейнетақы мөлшері қанша болады?
2027 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зейнетақы төлемдерінің мөлшері артады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Келесі жылдан бастап зейнетақы мөлшері қалай өзгереді?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы зейнетақы үш бөліктен тұрады: базалық, ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы. Төлем мөлшері азаматтың еңбек өтіліне және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуына байланысты.

Ведомство дерегінше, базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің жыл сайын өсуіне байланысты артады. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) берілетін төлемдер жыл сайын 5%-ға индекстеледі.
2027 жылы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін берілетін зейнетақы төлемдерін 8,5%-ға арттыру жоспарланып отыр. Бұл өзгеріс барлық зейнеткерге бірдей тәртіппен қолданылады.
Сонымен қатар 2027 жылдан бастап базалық зейнетақының:
- ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы;
- ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 120%-ы.
Зейнетақы көтерілген соң ең төменгі жиынтық зейнетақы 113 541 теңге болады. Оның ішінде:
- базалық зейнетақы – 38 622 теңге;
- ынтымақты зейнетақы – 74 919 теңге.
Ал ең жоғары жиынтық зейнетақы 259 795 теңгеге жетеді. Оның ішінде:
- базалық зейнетақы – 66 208 теңге;
- ынтымақты зейнетақы – 193 587 теңге.
2027 жылы зейнетақы төлемдеріне қажет қаражат 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында қарастырылған. Қазір бюджет жобасы Құрылтайдың қарауында.
Базалық зейнетақы қаншаға өседі?
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап базалық зейнетақы мөлшері бес жыл ішінде кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Осы кезеңде ең төменгі базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70%-ына, ал ең жоғары базалық зейнетақыны 100%-ынан 120%-ына дейін арттыру жоспарланған.
1998 жылы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі жоқ және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспаған азаматтар үшін мемлекеттік базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы, яғни 38 622 теңге.
Зейнетақы жинақтары қалай өзгереді?
Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Қызметкер мен жұмыс беруші аударатын зейнетақы жарналары салымшылардың жеке шоттарында және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы шоттарында жинақталады. Осы жинақтар кейін зейнетақы төлемдерін тағайындауға негіз болады.
2027 жылы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарына қатысты талаптар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
Бұл ретте 2027 жылы зейнетақы жарналарының жаңа түрлерін енгізу жоспарланып отырған жоқ.
Зейнетақы жинағын қандай мақсатқа пайдалануға болады?
Жұмыс істейтін азаматтар бұрынғыдай зейнетақы қорындағы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге ақы төлеуге пайдалана алады.
Ол үшін азаматтың зейнетақы қорындағы жинағы ең төменгі жеткіліктілік шегінен (ЕТЖШ) асуы керек. Бұл мақсаттарға арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану тәртібі өзгермейді.
Ең төменгі жеткіліктілік шегі есептелген кезде ең төменгі зейнетақы, ең төменгі жалақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі, инфляция және инвестициялық кіріс сияқты әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер ескеріледі.
Үкімет қаулысына сәйкес, ең төменгі жеткіліктілік шегі жыл сайын өзгеріп отырады. Ол ең төменгі зейнетақы мен ең төменгі жалақы сияқты әлеуметтік көрсеткіштердің республикалық бюджет туралы заңға сәйкес индекстелуіне, ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу кезінде қолданылатын базалық мөлшерлемелердің кезең-кезеңімен ұлғаюына байланысты қайта қаралады.
Бұл азаматтардың болашақ зейнетақы төлемдеріне қажет қаражатының сақталуына және ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын жинақты тұрғын үй мәселесін шешуге немесе емделуге пайдалануға мүмкіндік береді.
2026 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегін осы жерден көруге болады.
Зейнетақы қорынан берілетін ең төменгі төлем қанша болады?
Жинақтаушы зейнетақы алуға жинақтаушы зейнетақы қорына жарна аударған азаматтардың құқығы бар. Оның мөлшері міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақ көлеміне байланысты.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берілетін зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан кем болмауы тиіс. 2027 жылы бұл сома 40 063 теңге болады.
Төлемнің ең жоғары мөлшері шектелмейді. Ол әр азаматтың зейнетақы жинағының көлеміне қарай есептеледі.
Айта кетейік, бұған дейін 7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар міндетті зейнетақы жарнасынан жиналған ақшасының 100%-ын жеке компанияның басқаруына бере алатыны туралы жазған едік.
"Роллтонның" орнына бешбармақ: Атырау тұрғыны ұлттық тағамды 5 минутта дайындау жолын тапты