Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақшаны БЖЗҚ-ға қайтарудың қажеті жоқ": Отбасы банк зейнетақы жинағынан алынған қаражаттарға қатысты маңызды мәлімдеме жасады

Теңге
Фото: istockphoto.com/Nurlan Tastanbekov

Қазақстандықтарға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) тұрғын үйге пайдалануға шығарылған зейнетақы жинағындағы артық қаражатты Отбасы банкіндегі депозиттерде сақтауға рұқсат етілді. Бұған дейін бұл қаражатты алты жыл ішінде тұрғын үйге пайдалану талап етілетін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Отбасы банк зейнетақы жинақтарын пайдалану мерзіміне қойылатын талаптың алынып тасталғанын мәлімдеді.

“Әлеуметтік желілерде БЖЗҚ-дағы артық қаражат арнайы шотқа түскеннен кейін, алты жыл ішінде ипотекалық қарыз рәсімдеп үлгермеген жағдайда, бұл қаражаттың тағдыры не болатыны туралы көптеген сұрақ қойылып жатқанын көріп отырмыз. Көпшілігіңізді: "Белгілі бір себептермен баспана сатып алуға үлгермесек, қаражат қайтадан БЖЗҚ-ға қайтарыла ма?" деген сұрақ алаңдатады. Сіздерді қуантқымыз келеді: енді қаражатты БЖЗҚ-ға қайтарудың қажеті жоқ”, – делінген банк хабарламасында.

Енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді алты жыл мерзім өткеннен кейін де қаражат Отбасы банкіндегі депозитте сақталады.

Яғни, алты жыл мерзімі өткеніне байланысты жинақтар автоматты түрде БЖЗҚ-ға қайтарылмайды.

“Отбасы банкі ипотекалық қарыз рәсімдеуді кейінге қалдырмай, мүмкіндігінше осы қаражатты тұрғын үй сатып алуға арналған бастапқы жарна ретінде пайдалануға кеңес береді”, – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, бұған дейін 14 қыркүйектен бастап Қазақстанда тұрғын үй кезегіне тұру тәртібі өзгергені туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 16 Қыркүйек, 2026 20:32