Елімізде әр тұрғын үй ауласында өрт сөндіру көлігіне арналған орын пайда болады
Төтенше жағдайлар министрлігі аулаларда өрт сөндіру көлігіне арнайы орын белгілеп, кіреберіс жолдарды ашық ұстауды ұсынды. Министр Мұрат Мұхановтың айтуынша, тиісті ұсыныстар "Азаматтық қорғау туралы" заңға өзгеріс енгізу үшін берілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында журналист Астананың тар көшелері мен аулаларында өрт сөндіру көлігі оқиға орнына жете алмай қалатын жағдайларды көтерді. Министр мұндай кедергі әсіресе түнде жиі кездесетінін айтты. Оның сөзінше, өрт сөндіру бөлімдерінде жолды бөгеген көлікті жылжытуға арналған эвакуаторлар мен арнайы арбалар бар.
"Жыл сайын жылыту маусымы басталғанда үйлерді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіреміз. Сол кезде көлік иелерімен де сөйлесеміз. Түнде жедел жәрдем көлігіне де жол ашық болуы керек", – деді Мұрат Мұханов.
Журналист жолды бөгеген жүргізушілерге айыппұл салына ма деп сұрады. Мұханов мұндай жағдайда жауапкершілік қарастырылғанын және министрлік полициямен бірлесіп әрекет ететінін айтты. Ол айыппұлдың нақты мөлшерін атамады.

Еске салайық, 12 сәуірге қараған түні Астанада Түркістан көшесіндегі 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерде өрт шыққан. Оқиға орнында үш баланың мәйіті табылды. Өрт сөндірушілер бір әйелді құтқарып, ол күйікпен ауруханаға жеткізілді. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық адам өз бетінше ғимараттан шыққан. Қылмыстық іс қозғалды.
Алтын мен әшекей бұйымдарды қалай ажыратуға болады: Зергер көпшілік біле бермейтін белгілерді атады
