Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аязда жылынғаны үшін жұмыстан шығарылған: Қазақстандық күзетші 2 миллион теңге өндіріп алды

Күзетші
Фото: aikyn.kz

Ақтауда жұмыс берушісі жұмыстан заңсыз шығарған күзетші сот арқылы қызметіне қайта оралып, 2 миллион теңгеден астам өтемақы өндіріп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Маңғыстау облыстық сотының мәліметінше, ер адам 2016 жылдан бері күзетші болып жұмыс істеген. Алайда 2026 жылдың ақпанында жұмыс беруші онымен еңбек шартын бұзған.

Компания бұған қызметкердің еңбек міндеттерін бірнеше рет дәлелді себепсіз орындамауын негіз еткен. Атап айтқанда, күзетшіні жұмыс орнын тастап кетіп, ұялы телефон пайдаланған деп айыптаған.

Істі қарау барысында сот тараптардың уәждерін, іс материалдары мен бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеген. Нәтижесінде жұмыс беруші күзетшінің күзетілетін аумақтан шығып кеткенін немесе нысанды қараусыз қалдырғанын дәлелдейтін нақты айғақтар ұсына алмаған.

Белгілі болғандай, 2026 жылдың 28 қаңтарында күннің қатты суытуына байланысты күзетші жылыну үшін ғимараттың ішіне кірген. Соған қарамастан ол бейнебақылау камералары арқылы аумақты қадағалауын жалғастырған.

Сот бұл әрекетті мәжбүрлі қажеттіліктен туған деп бағалады. Сонымен қатар жұмыс беруші ашық аспан астындағы күзет орнында қызмет атқаратын қызметкерге жылынуға қажетті тиісті жағдай жасамаған. Осыған байланысты күзетшіден қандай жағдай болса да далада тұруды талап ету әділеттілік пен парасаттылық қағидаттарына қайшы деп танылды.

Осылайша, сот жұмыс берушінің жұмыстан шығару туралы бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жойды. Сондай-ақ ер адамды бұрынғы күзетші қызметіне қайта орналастыру туралы шешім шығарды.

Бұдан бөлек, компанияға қызметкерге мәжбүрлі жұмыссыз жүрген кезеңі үшін 2 052 997 теңге жалақы, моральдық зиян үшін 50 мың теңге өтемақы және сот шығындарын төлеуге міндеттелді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық әйел жұмыстан шығарда ресми жалақысын алмай жүргенін біліп, оны сот арқылы өндіріп алғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 21:53