Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел жұмыстан шығарда ресми жалақысын алмай жүргенін білген: Ақыры оны сот арқылы өндіріп алды

Теңге
Фото: Stan.kz

Қызылорда облысында төленбеген жалақы қарызын өндіру туралы дау медиациялық келісім арқылы шешілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қызылорда облыстық сотының мәліметінше, талап қоюшы әйел серіктестіктен жалақы бойынша берешекті өндіріп беру туралы талаппен сотқа жүгінген.

Әйелдің айтуынша, ол 2022 жылы жұмысқа қабылданып, 2026 жылы өз еркімен жұмыстан кеткен. Жұмысқа орналасқан кезде онымен еңбек шарты жасалған. Құжатқа сәйкес, оның ай сайынғы жалақысы 600 мың теңгені құраған.

Алайда серіктестік жұмыс істеген айлары үшін жалақыны толық төлемеген. Осыған байланысты бұрынғы қызметкер соттан жиналған берешекті өндіріп беруді сұраған.

Істі қарау барысында сот тараптарға дауды татуластыру рәсімдері арқылы реттеу құқығын түсіндірген. Нәтижесінде тараптар өзара келісімге келіп, медиациялық келісімді бекіту туралы өтініш берген.

Келісімнің шарттарына сәйкес, серіктестік бұрынғы қызметкерге 2 миллион теңгеден астап жалақы берешегін төлеуге міндеттелді. Қарызды 12 ай бойы ай сайын 170 мың теңгеден, 2026 жылғы 25 қазаннан бастап өтеу келісілген.

Талап қоюшы келісім шарттарын қабылдап, өз талабынан бас тартқан.

Сот тараптар арасында жасалған медиациялық келісімді бекітіп, іс бойынша сот өндірісін тоқтатты.

Еске салсақ, бұған дейін үш сағат жұмысқа келмегені үшін қызметінен айырылған қазақстандық 2,5 миллион теңге өндіріп алғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 14 Қазан, 2026 21:12