Қазақстандық ер адам жұмысқа бармай қойғаны үшін 3,7 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді
Тараз тұрғыны бірлескен қызмет туралы келісімшарт жасасқаннан кейін жұмысқа шықпай қойғаны үшін 3,7 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, 2025 жылдың сәуірінде "Б" ЖШС мен азамат Г көлік құралдарын жөндеу саласында бірлескен қызмет туралы келісімшарт жасасқан. Компания қажетті нысанды ұсынып, жұмысқа қажетті жалпы құны 7,7 миллион теңге болатын құрал-саймандар мен жабдықтарды сатып алып берген.
Ер адамның үлесі жүк көліктерін жөндеу жұмыстарын тікелей орындау болған. Келісімшартқа сәйкес, пайда талапкер мен жауапкер арасында 40%-дан бөлініп, қалған 20% табыс жабдықтарды жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге жұмсалуы тиіс болған.
“Алайда, кейіннен жауапкер жұмысқа келуді тоқтатып, бір ай бұрын жазбаша хабарлама жібермеген. ЖШС оған жол берілген бұзушылықтар туралы бірнеше рет хабарлаған, кейін шартты бұзу туралы хабарлама жіберген. Жауапкер хабарламаны алғанын жоққа шығармады”, – делінген сот хабарламасында.
Осыдан кейін компания сотқа жүгініп, шартта көзделген сатып алынған мүлік құнының 50% өндіріп алуды талап етті.
Ер адам талап арызды мойындамады. Ол жасалған келісімшартты еңбек шарты деп түсінгенін айтқан. Сонымен қатар келісімге қол қойғанын және пайданың 40%-ын алуға келіскенін растады.

Сот тараптар арасында еңбек шарты жасалмағанын анықтады. Сонымен бірге ер адамның бірлескен қызметке қатысқаны және келісімде көзделген пайда үлесін алғаны расталды.
Сот келісімшарттың жауапкер тарапынан оның талаптарды елеулі түрде бұзуына байланысты тоқтатылған деген қорытындыға келді. Тараптар келісімшартты тоқтатудың шарттарын алдын ала келіскен болып шықты. Оған сәйкес, ер адам компания сатып алған мүлік құнының 50%-ын ЖШС-ке төлеуге тиіс болған.
Нәтижесінде Тараз қалалық соты жауапкерден ЖШС пайдасына 3,7 миллион теңге, сондай-ақ мемлекеттік баж өндіру туралы шешім шығарды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық әйел пәтеріндегі аяқталмаған жөндеу жұмыстары үшін төлеген ақшасын сот арқылы қайтарып алғаны туралы жазған едік.
Шымкенттегі алып қашу оқиғасы: Жігіттің туыстары оқиғаның мән-жайын айтып берді, ал қыз оны жоққа шығарып отыр