Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазпошта" мен "Қазақтелеком" қазақстандық әйелге зейнет жасына дейін ай сайын өтемақы төлеуге міндеттелді

Өтемақы
Фото: magnific.com

Жамбыл облысында үстіне ғимараттың шатыры құлап, І топ мүгедегі атанған әйелге "Қазпошта" мен "Қазақтелеком" ай сайын өтемақы төлейтін болды. Сот шешімі бойынша, компаниялар жәбірленушіге зейнет жасына жеткенге дейін ай сайын 177 мың теңгеден аударуға міндетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, оқиға 2023 жылдың мамырында Жамбыл ауданының Аса ауылында болған. Қатты желдің салдарынан "Қазпошта" мен "Қазақтелеком" акционерлік қоғамдарына ортақ меншіктегі ғимараттың шатыры ұшып, көшеде өтіп бара жатқан әйелдің үстіне құлаған. Салдарынан ол ауыр жарақат алып, І топ мүгедегі атанған. Әйелдің еңбекке қабілеттілігінен айырылу деңгейі 90%-ды құраған.

2024 жылдың қазанында Жамбыл аудандық соты жәбірленушінің пайдасына "Қазпоштадан" 10 миллион теңге моральдық өтемақы және материалдық шығын өндіріп алу туралы шешім шығарған. Кейін облыстық сот материалдық шығын көлемін 4,3 миллион теңгеге өзгерткен.

Осыдан кейін әйел сотқа қайта жүгініп, ем-домға, дәрі-дәрмекке, жол жүруге және оңалту шараларына жұмсалған шығындарды өтеуді, сондай-ақ оқиғаға дейін алып жүрген жалақысын өндіруді талап еткен.

Белгілі болғандай, зардап шеккен әйел оқиғаға дейін әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеп, айына 189 мың мен 218 мың теңге аралығында жалақы алған.

Сот оның еңбекке қабілеттілігінен 90% айырылғанын ескере отырып, ай сайынғы жоғалтқан табысын 177 мың теңге деп белгіледі. Енді "Қазпошта" мен "Қазақтелеком" әйелге осы соманы зейнет жасына жеткенге дейін төлеп отыруға міндетті.

Сонымен қатар екі компаниядан бірлескен жауапкершілік тәртібімен емделуге жұмсалған шығындар мен мемлекеттік бажды өтеу үшін қосымша 1,4 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді.

Жауапкерлер сот шешіміне апелляциялық шағым түсіргенімен, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Сот актілері заңды күшіне енді.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық ашық құдыққа түсіп кеткені үшін әкімдіктен 600 мың теңгеге жуық өтемақы өндіріп алғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 05 Қараша, 2026 18:45