Балалардың үйірмеге қатысуын Face ID арқылы растауға жекеменшік ұйымдар қарсы шықты
4 қарашада Астана қаласы әкімдігінің алдына жекеменшік қосымша білім беру ұйымдарының 30-ға жуық басшысы жиналды. Олар балалардың сабаққа қатысуын Face ID арқылы міндетті түрде растау талабына қарсылық білдірген. Мемлекеттен қаржылай қолдау алып отырған ұйым өкілдерінің бұл әрекетін ашық айтқанда, өрескелдік демеске амал жоқ.
Мәселенің мәніне келсек, 2025 жылдан бастап Астанада балаларға қосымша білім беру бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастырудың пилоттық жобасы жүзеге асып келеді. QOSYMSHA.KZ бағдарламасы арқылы балалар түрлі үйірмеге, шығармашылық студияларға және спорт секцияларына мемлекет есебінен тегін қатыса алады.
Осы бағдарламаның аясында балалардың сабаққа қатысуын бет-әлпетін тану технологиясы – Face ID арқылы тіркеу жүйесі де енгізіліп жатыр. Мұндағы басты мақсат – қағаз жүзінде ғана бар балаларды есепке алып, мемлекеттен негізсіз қаржы алуға жол бермеу. Яғни жаңа жүйе бюджет қаражатының қайда және қалай жұмсалып жатқанын бақылауға мүмкіндік береді.
Бағдарлама бойынша мемлекеттік қаржы алу үшін баланың үйірмеге шынымен қатысқаны расталуы керек. Ол үшін QR-код пен Face ID секілді электронды тіркеу тәсілдері қарастырылған.
Астана қаласының Білім басқармасы бұл талаптың ең алдымен бюджет қаражатының ашық әрі мақсатты жұмсалуына бағытталғанын түсіндірді. Жүйе мемлекет қаржы төлеп отырған сабаққа баланың шынымен келген-келмегенін анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша, көрсетілмеген қызмет үшін ақша алу немесе балалардың қатысуын қолдан жасау мүмкіндігі шектеледі.
Ал кәмелетке толмаған балалардың жеке мәліметтері мен биометриялық деректерінің қауіпсіздігіне қатысты сұрақтарға басқарма мұндай ақпаратты жинау және өңдеу "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заң талаптарына сәйкес жүргізілетінін мәлімдеді.
Бұған қоса, қолданылып отырған жүйе 2025 жылы мемлекеттік техникалық реттеу жүйесі аясында аккредиттелген "Инфосерт" ЖШС сынақ орталығында тексеруден өткен. Сынақ қорытындысы бойынша тиісті хаттамалар жасалып, жүйенің белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар рәсімделген.
Қазір Face ID жүйесі Астанадағы екі жекеменшік қосымша білім беру ұйымында сынақтан өтіп жатыр. Ең маңыздысы, қажетті жабдықтар ұйымдарға тегін берілген. Оны сатып алуға қала бюджетінен бірде-бір теңге жұмсалмаған.
Білім басқармасының мәліметінше, пилоттық жоба басталғалы бері ата-аналар мен балалардан жүйеге қатысты шағым түспеген. Балалардың сабаққа қатысуын электронды тәсілдермен растау талабы тиісті нормативтік құжаттарда да қарастырылған.
Атап айтқанда, бұл тәртіп 2025 жылғы 28–30 мамырда уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрықтарымен бекітілген балаларға қосымша білім беру бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі пилоттық жобаның алгоритмінде көрсетілген.
Басқарма өкілдері қызмет көрсетуші ұйымдармен бірнеше рет түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін де атап өтті. Кәсіпкерлерге жаңа жүйенің не үшін енгізіліп жатқаны, оны қолданудың заңды негіздері мен балалардың қатысуын тіркеу тәртібі түсіндірілген. Тіпті ұйым өкілдеріне арнайы оқыту да ұйымдастырылған.
Мұндай электронды бақылау жүйесі тек Астанада ғана емес, Қазақстанның өзге өңірлерінде де енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында да осындай тәжірибе қолданыла бастаған.
Жекеменшік білім беру ұйымдары мемлекеттен қаржыландыру алып, бюджет қаражаты есебінен жұмыс істейді. Осыған байланысты бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау және қаржылық есептіліктің ашықтығын қамтамасыз ету мәселесі туындайды.
Мемлекет қаржысына қызмет көрсететін ұйымдар бөлінген қаражаттың қалай игерілгені туралы есеп беруге тиіс. Бұл – бюджет қаражатын тиімді пайдалану мен қаржылық жауапкершілікті қамтамасыз етуге бағытталған талап. Сондықтан мұндай ұйымдардың қызметінде ашықтық пен есептіліктің сақталуы маңызды.
Алматыдағы жол жөндеуге кім жауапты: Мердігер компаниялар қанша миллиард теңгеге келісімшарт жасаған