Төсекте жатқан жерінен ұсталды: Интерпол іздеуіндегі қазақстандық Таиландта қамауға алынды (фото)
Таиландта Интерпол желісі бойынша халықаралық іздеуде жүрген 24 жастағы Қазақстан азаматы ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ер адам Қазақстанда алаяқтық жасады және ақша жылыстатты деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметінше, мемлекетке келтірілген шығын 560 миллион теңгеден асады.
Таиландтық БАҚ мәліметінше, қазақстандық 3 қарашада Пхукет аралындағы Патонг ауданында орналасқан жатақханалардың бірінде ұсталған.
Полиция қызметкерлері ер адамның тұратын жерін анықтап, көрсетілген мекенжайға барған. Жатақхана қызметкері оларды күдіктінің бөлмесіне бастап апарған. Есік ашылған кезде қазақстандық жасырынуға тырысқанымен, полицейлер оны қолға түсірген.

Тергеу нұсқасы бойынша, ер адам сыбайластарымен бірге жалған құжаттар жасап, 20-дан астам жалған компания құрған. Олар осы компаниялар арқылы ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, салық төлеуден жалтарған деген күдікке ілінді.
БАҚ мәліметінше, мемлекетке келтірілген шығын көлемі 560,8 миллион теңгеге бағаланған. Осыған байланысты қазақстандық Интерпол желісі бойынша халықаралық іздеуге жарияланған.
Ұсталғаннан кейін полицейлер ер адамның Таиландқа 2026 жылғы 4 наурызда келгенін анықтаған. Оның елде болуға берілген рұқсаты 2 мамырға дейін жарамды болған. Алайда ол елден кетпей, елде болу мерзімін 185 күннен астам уақытқа асырып жіберген.
Полиция оған көші-қон ережелерін бұзды деген айып тағып, тергеу органдарына тапсырған.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де жағдайға қатысты түсініктеме берді. Министрлік мәліметінше, қазақстандық ер адам бас прокуратураның сұрауы негізінде ұсталған.
"Пхукет аралында жергілікті құқық қорғау органдары Интерпол желісі бойынша халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматын ұстады. Қазіргі уақытта оны беру мәселесі уәкілетті органдармен бірлесіп, белгіленген тәртіппен пысықталып жатыр", – делінген министрлік хабарламасында.
Әзірге қазақстандықтың елге нақты қашан экстрадицияланатыны белгісіз.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтардың 100 миллиард теңгесін иемденген онлайн-казино иелеріне халықаралық іздеу жарияланғаны туралы жазған едік.
Алматының жолдарын жөндеуге қанша қаражат жұмсалды: Миллиардтаған теңгені қай компаниялар алып жатыр
