Бір жыл бұрын салынады делінген 3,5 миллиард теңгелік футбол академиясының құрылысы әлі басталмаған: Тараз әкімдігі себебін түсіндірді
Осыдан бір жыл бұрын Тараз қаласында Футбол Федерациясының сол кездегі бас хатшысы, Жамбыл облысының қазіргі әкімі және Халық қорының өкілі балаларға арналған футбол академиясының құрылысы басталатынын айтып, капсула орнатқан еді. Алайда нысан орнында ешқандай құрылыс жұмыстарының нышаны да жоқ. Ғимарат құрылысының жай-жапсары туралы Stan.kz редакциясына Жамбыл облысының әкімдігі баяндады.
Қазақстандық спорт журналисі Аслан Қаженов Тараздағы футбол академиясының капсуласы орнатылған жерге барды. Ол осыдан бір жыл бұрын ресми таныстырылым шарасы өткен деп еске алды.
“Дәл осы аумақта 100 балаға арналған футбол академиясы салынады. Ол УЕФА ФИФА талаптарына сай болады, барлық керек жарақпен қамтылады” деген уәделер айтылды және халықтың көңілі сол кезде бір серпіліп қалды. Өйткені расында да аймаққа балалар футболын дамытатын академия аса қажет. Міне, содан тура бір жыл өтіпті, қазір мен сол жерге келдім. Аумақта ешқандай құрылыстың нышаны жоқ. Ресми мәлімдеме жасалды, бастамаға Халық қоры 3 жарым миллиард теңге қаржы бөлінгенін мәлімдеді. Ешқандай процесті байқап тұрған жоқпын”, – деді журналист.
Желі қолданушылары құрылыс жұмыстарының жемқорлықтың кесірінен тұралап тұр деп топшылады.
“Таразда ондай жобалар көбі сол күйі салынбай кеткен, таңғалмаймыз”, “Біздікілер кірпіш қойып кетудің шебері ғой”, “Билік басында алаяқтар отыр”, “Өздеріне 10 шақты футболдан стадион салып, жалға беріп, кәсіп жасап отырған шығар”, “3,5 миллиард теңгеге 1000 балаға салуға болады ғой”, "Оның ақшасы бір жерге кетіп қалған шығар, ондайды қатырады ғой әкімдер”, – деп жазды желі қолданушылары.
Футбол академиясының құрылысы қашан басталады?
Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, Тараз қаласында балаларға арналған футбол академиясы Қазақстан футбол федерациясының тапсырысы бойынша Халық қайырымдылық қорының қаржыландыруымен салынады. Құрылысқа 15,7 гектар жер учаскесі бөлінген.
“Жоба аясындағы жұмыстар бекітілген тәртіпке сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Қазір қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қажетті рұқсат беру құжаттарының бірқатары жинақталып, эскиздік жоба қалалық сәулет-құрылыс бөлімінен келісімнен өтіп, сәулет-жоспарлау тапсырмасы алынды. Жұмыс жобасы жасалынып жатыр”, – деп мәлімдеді облыстық әкімдік.
Қазақстан футбол федерациясы да қазір құрылысқа қажетті жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр. Сондай-ақ дайын құжаттар мемлекеттік сараптамадан өткізіледі деп сендірді әкімдік өкілдері.
“Аталған жұмыстар жыл соңына дейін аяқталып, 2027 жылдың басынан құрылыс жұмыстары басталатын болады. Жоспар бойынша жоба 2028 жылдың ІІ тоқсанында аяқталып, толық пайдалануға беріледі. Жоба құны – 3,5 миллиард теңге. Футбол академиясы күрделі инфрақұрылымдық нысан болғандықтан, оның құрылысына дайындық, жобалау, сараптамадан өткізу және құрылыс жұмыстарын бастау секілді әрбір кезең белгіленген тәртіп пен мерзімдерді талап етеді” , – деп ескертті Жамбыл облысының әкімдігі.

Сондай-ақ әкімдік өкілдері өз құзыреті шегінде жер учаскесін бөлу және жобаны іске асыруға қажетті ұйымдастырушылық мәселелер бойынша барлық тиісті жұмыстары атқарылғанын атап өтті.
Бұған дейін Шымкентте 1 миллиард теңге жұмсалған қоқыс зауытының жұмысы тұралап тұрғаны туралы жазған едік. Қоқыс сұрыптау зауытының құрылысы 2011 жылы басталып, 2015 жылы "Ақтас-1" полигонымен бірге пайдалануға берілді. Құны 1,3 миллиард теңге болған бұл жоба сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының бюджеті мен "Технологии-21" ЖШС-нің жеке инвестициялары есебінен қаржыландырылды.
Алайда іске қосылғаннан кейін зауыт небәрі бірнеше ай ғана жұмыс істеп, инфрақұрылымдық, қаржылық және басқарушылық мәселелерге байланысты тоқтап қалды. 2017 жылы зауытты "МПЗ Green Line" ЖШС сатып алып, бір сұрыптау желісін іске қосып, өндірісті қайта жаңғыртты. Компанияның иесі — Саян Тлепов бұл зауытты салған "Технологии-21" компаниясының бұрынғы құрылтайшысы болған. Kompra.kz деректеріне сәйкес, ол бұл компанияда 2014 жылдың соңынан 2018 жылдың ортасына дейін басшылық еткен.
Бір жыл бұрын салынады делінген 3,5 миллиард теңгелік футбол академиясының құрылысы әлі басталмаған: Тараз әкімдігі себебін түсіндірді