Қазақстандықтар 3600 орындық елордалық стадион мен "Бішкек Аренаның" қаражатын салыстырды
Әлеуметтік желіде Астандағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион мен Қырғызстанда Көшпенділер ойыны қарсаңында ашылған Бішкек Аренаның сыйымдылығы мен стадион құрылысына кеткен қаржысы талқыға түсті. Желідегілер елордадағы 3600 орындық стадион құрылысына 37 миллион доллар қаражат кетті деп шулады. Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы екі стадионды салыстыра отырып, ақпарат берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Астанадағы қайта салынған Қ. Мұңайтпасов атындағы стадион 37 миллион долларға салынды. Сыйымдылығы – 3600 орын. Бішкектегі стадионның сыйымдылығы – 51 мың адам. Оған 60 миллион теңге жұмсалды. Астанадағы стадионда спорттық мектеп оқушылары жаттығады, онда матчтар өткізілмейді. 3-4 мектептің оқушыларын жинап, орындарды толтыруға болады”, – деп видеожазба жариялады желі қолданушысы.
Жазба астында пікір қалдырғандар бұған жемқорлықтың себеп екенін айтты.
“Демек, 51 мың орынға 60 миллион доллар жұмсалды. Сонда әр орынға шамамен 1176 доллардан келеді. Ал біз 3600 орынға 37 миллион доллар жұмсадық. Яғни, әр орынның құны шамамен 10 277 доллар болды”, “Біздің елдегілер пара мен жемқорлықсыз жүре алмайды. Сондықтан бәрі таза болса, одан да арзан болар еді деп ойлаймын”, “Өйткені бізде бітпейтін жемқорлық”, “Мұны стадион деп айтуға келмейді”, – деп жазды желідегілер.
Осы тұста Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы Қ. Мұңайтпасов атындағы стадионның құрылысына қанша қаражат кеткені туралы ресми ақпарат берді.
“Нысанның жалпы ауданы – 18 951 шаршы метр. Стадион құрылысының құны ҚҚС-ты қоса есептегенде 16,7 миллиард теңгені (ҚҚС-сыз – 15,2 миллиард теңге) құрайды. Стадион UEFA-ның 2-санат талаптарына сәйкес келеді және 3 600 көрерменге арналған”, – деп мәлімдеді ведомство.
Сондай-ақ Қырғыз Республикасы президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов әлеуметтік желілерде тараған "Бішкек Арена" спорт кешенінің құрылысына жұмсалған қаражат туралы ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, 60 миллион доллар деген соманы бірде-бір мемлекеттік орган немесе ресми тарап жарияламаған.
Президенттің баспасөз хатшысы пиар мақсатында бұл цифрларды таратуды тоқтатуға шақырды. Ол сыйымдылығы 50-60 мың көрерменге арналған заманауи стадиондардың құрылысы кемінде 500 миллион доллар тұратынын, ал бұдан арзанға салынған нысандарды табу мүмкін емес екенін атап өтті.
"Бишкек-Арена" стадионының құрылысына 386 миллион доллар жұмсалды. Оның "60 миллион долларға салынғаны" туралы ақпарат – жалған. Бастапқыда стадионның құрылысы енді басталып, 30-35 мың көрерменге арналған нысан салу жоспарланған кезде Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиевтің стадион құрылысына шамамен 60 миллион доллар жұмсалатынын айтқанын естідік. Алайда бастапқыда Долон Өмүрзаков атындағы стадион секілді қарапайым спорт нысанын салу жоспарланған еді", – деді Аскат Алагозов.
Айтуынша, ел президенті Садыр Жапаров бастапқы жобаны толығымен өзгертіп, стадионның қырғыздың киіз үйі үлгісінде жасалуын тапсырған.
“Ішінде сауда орталықтары, мейрамханалар мен кафелер, супермаркет, кинотеатрлар, спорт залдары мен балалар алаңдары болуы керек. Әйтпесе стадионды күтіп ұстау бюджетке ауыр салмақ түсіреді. Болашақта стадион табыс әкелетін нысанға айналуы тиіс. Нәтижесінде жоба толығымен қайта әзірленіп, құрылыстың жалпы аумағы 194 248 шаршы метрді құрады. Ал стадионның бір шаршы метрін салу құны, белгілі болғандай, 2 мыңнан 15 мың долларға дейін өзгеруі мүмкін. Сондықтан Камчыбек Ташиевтің 30-35 мың адамға арналған стадионның құны шамамен 60-70 миллион доллар болады деп айтуы әбден мүмкін”, – деп жазды Қырғыз Республикасы президентінің баспасөз хатшысы.
"Бишкек-Арена" стадионының:
- Жер учаскесінің аумағы – шамамен 20 гектар (200 000 м²).
- Құрылыстың жалпы аумағы – 194 248 м².
- Нысанның диаметрі – 280 метр.
- Биіктігі – 70 метр.
- Қабат саны – 8.
- Көрермендерге арналған орын саны – 51 252.
Дене шынықтыру және спорт басқармасы да Қ. Мұңайтпасов атындағы стадионды Бішкек Аренамен салыстырғанда осы мәлімдемелерді ескеркді сұрады.
"Адам қанын ішіп, етін жеген": Атышулы каннибал Жұмағалиевтің қылмыстары неге жылдар бойы ашылмай келді