Қазақстанда төртінші ұялы байланыс операторы пайда болса, абоненттер ұта ма?
Қазақстанда төртінші ұялы байланыс операторын іске қосу мәселесі қайта талқыланып жатыр. Алайда нарықтағы ойыншылар санының артуы тарифтердің арзандауына және интернет сапасының жақсаруына кепілдік бермейді. Finprom дерегіне сенген талдауда жаңа оператордың нарыққа келуі инфрақұрылымға, инвестицияға және абоненттерге қалай әсер етуі мүмкін екені қарастырылған. Мұның мобильді интернет жылдамдығына, елді мекендердің байланыспен қамтылуына және 5G желісін енгізу қарқынына қалай әсер етуі мүмкін екенін бірге талдап көрейік.
Не болды?
Қазақстанның ұялы байланыс нарығына төртінші оператор қосу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Мұндай бастаманы қолдайтындар жаңа компания нарықтағы бәсекені күшейтіп, тарифтерді арзандатуға және байланыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді деп есептейді.
Алайда әлемдік тәжірибе осындай өзгерістің әрдайым оң нәтиже бермейтінін көрсетеді. Қазақстан – аумағы кең, халқы сирек қоныстанған ел (халық (тығыздығы небәрі 7,8%). Тұрғындардың басым бөлігі ірі қалалар мен олардың маңында шоғырланған. Осы жағдайда тағы бір оператордың пайда болуы байланыстың сапасын жақсарта қоймайды. Керісінше, қолданыстағы жиіліктер бірнеше оператор арасында бөлініп, әр желінің өткізу мүмкіндігі төмендеуі мүмкін. Соның салдарынан интернет жылдамдығы да баяулауы ықтимал.
Бүгінде мобильді байланыс – тек қоңырау шалу немесе хабарлама жіберу құралы емес. Қазақстандықтар смартфон арқылы төлем жасайды, мемлекеттік қызметтерді пайдаланады, білім алады, жұмыс істейді және кәсібін жүргізеді.
Нарық қарқынды дамып келеді: Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенген Finprom мәліметінше, 2025 жылы байланыс қызметтерінің көлемі 1,5 триллион теңгені, ал 2026 жылдың алғашқы жеті айында 913 миллиард теңге болды. Желіге түсетін жүктеме де артып келеді. Онда трафик көлемі абоненттерден түсетін табысқа қарағанда жылдамырақ өсіп жатыр. Сондықтан бүгінгі басты мәселе "бізде қанша оператор бар" дегенде емес, "ертең желіні кім, қандай қаражатқа және ең бастысы – не үшін салады" дегенге тіреледі. Дәл осы тұста төртінші операторды енгізу идеясының көңілге қонымды уәжі жоқ.
Жиіліктер – күрделі әрі қымбат дүние
Мобильді нарыққа шығу жиіліктерді алудан басталады, онсыз жеке желіні өрбіту мүмкін емес. Бұл миллиардтаған қаражатты қажет етеді. 2022 жылдың соңында 5G аукционында екі лот 156 миллиард теңгеден астам сомаға (шамамен 339 миллион доллар) сатылды. Бұл тек радиожиілікті пайдалану құқығы үшін төленетін төлем. Ал жаңа оператордың жұмысын бастау үшін мыңдаған базалық станция орнатып, көлік желісі мен серверлік инфрақұрылым құру қажет. Оған қоса, электр қуаты, техникалық қызмет көрсету және жабдықтарды үнемі жаңартып отыру шығындары бар. Демек, жаңа операторды нарыққа қосу жиілікті бөліп берумен ғана шектелмейді. Ол бүкіл ел бойынша ауқымды инфрақұрылым салуды талап ететін күрделі әрі қымбат жоба. Сондықтан оны жаңа кофехана ашумен салыстыруға келмейді. Кофеханалардың көбеюі қолданыстағы орындардың жұмысына тікелей әсер етпесе, телекоммуникация нарығында жаңа оператордың пайда болуы ортақ жиілік ресурстары мен желі сапасына ықпал етуі мүмкін.
Мұндай жобадан кімнің ұтатынына келсек, ең әуелі, жаңа желіге қаржы салған инвесторлар мен базалық станциялар, серверлер және өзге де телекоммуникациялық жабдықтарды өндірушілер пайда көреді. Алайда басты мәселе – мұның қарапайым тұтынушыға қаншалықты тиімді екенінде. Жаңа оператордың келуі шынымен тарифтердің арзандауына және байланыс сапасының жақсаруына әкеле ме? Әлде бұл қомақты шығынды қажет ететін, бірақ тұтынушыға берер пайдасы белгісіз жоба болып қала ма?
Қазіргі операторлар саланы дамытуға жүздеген миллиард теңге инвестиция салуда. Finprom деректері бойынша, 2023 жылдан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына дейінгі Kcell-дың күрделі шығындары 411,8 миллиард теңгені, ал "КаР-Тел" шығындары 288,6 млрд теңгеге жуықтады. Tele2 және Altel брендтерімен жұмыс істейтін "Мобайл телеком-сервис" 2030 жылға дейін желіге 400 миллиард теңгеден астам инвестиция салуды жоспарлап отыр. 2023-2025 жылдары ақпарат және байланыс секторына барлығы 1,2 триллион теңге инвестиция құйылды. Аталған сома өткен үш жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп.
Осыған байланысты заңды сұрақ туындайды. Ондаған жылдар бойы салынған желіні қысқа мерзімде, одан кем соқпайтындай етіп салып шығуға жаңа ойыншының инвестициялық әлеуеті жете ме? Ал жетпесе ше? Қамту аймағы шектеулі немесе облыстар мен өңірлерге баяу тарайтын желінің абонентке не керегі бар?
География бөлшектенуді көтермейді
Қазақстан – жер көлемі жағынан әлемдегі тоғызыншы ел. Аумағы 2,7 миллион шаршы шақырымға жуық, бірақ халық тығыздығы төмен. Бір шаршы шақырымға небәрі 7 адамнан келеді. Күре жолдарды, шағын қалалар мен ауылдарды байланыспен қамтамасыз ету үшін операторлар мұнараларды абонент саны өте аз жерлерге орнатады. Яғни олар Алматыда базалық станция орнатуға қанша қаражат жұмсаса, мұнда да сонша шығындалады, бірақ осы инвестицияның өзін өзі ақтамайтынын анық түсінеді.
Шығынды ақтаудың жалғыз жолы – ауқымдылық. Ауқымды абоненттік база дегеніміз – осынау алып елдің халқы сирек қоныстанған өңірлерінде желі тарту шығынын өтеуге мүмкіндік беретін бизнес-модель.
Төртінші ойыншы мұндай ауқымды қалыптастырмайды, керісінше, оны бөлшектейді. Елдегі абонент саны артпайды: ересек тұрғындардың барлығы дерлік байланысқа қосылған. Демек, әр оператордың пайдаланушылар базасы ортаяды, ал бір шақырымға шаққандағы шығын өзгеріссіз қалады.
Мұның неге әкеп соғатынын болжау қиын емес. Бір мұнарадан түсетін табыс азаяды, өңірлердегі құрылыс баяулайды, ірі қалалардан тыс жерлерде 5G желісін күту ұзаққа созылады.
Бенчмарктер не дейді?
2026 жылдың шілдесінде GSMA Intelligence еуропалық нарықтардың зерттеуін жариялады. 2016 жылдан бастап үш ойыншысы бар елдердегі операторлар төрт ойыншысы бар елдермен салыстырғанда бір қосылымға шамамен 48%-ға көп инвестиция салды. Аустрия, Ирландия, Норвегия, Нидерланд, Испания және Румынияда жүргізілген зерттеу нарықтағы операторлар санының артуы инфрақұрылымды дамытуға кететін шығындарды 28-38% көбейткенін көрсетеді.
Зерттеу авторларының айтуынша, жаңа операторлардың пайда болуы желі сапасының төмендеуіне, ал тарифтердің аздап әрі тұрақсыз арзандауына әкелген. Осындай үрдіс Латын Америкасы елдерінде де байқалған. Атап айтқанда, үш оператор жұмыс істейтін нарықтарда компаниялар желіні дамытуға төрт оператор бар нарықтарға қарағанда әлдеқайда көп инвестиция салады.
Бұған Италияны мысал етуге болады. 2018 жылы ел нарығына арзан тарифтерімен танымал Iliad операторы шыққаннан кейін, байланыс компаниялары арасында баға бәсекесі күшейді. Соның салдарынан сол жылдың үшінші тоқсанында ұялы байланыс операторларының жалпы табысы өткен жылмен салыстырғанда 6,3%-ға төмендеді. Абоненттердің орташа шығыны да азайды. Ал Vodafone компаниясының мобильді байланыс қызметтерінен түсетін кірісі 10%-ға қысқарды. Осылайша, операторлар желіні жаңартуға және оның сапасын жақсартуға жұмсауы мүмкін қаражатты абоненттерді жеңілдіктер арқылы сақтап қалуға бағыттауға мәжбүр болды.
Абонент ұтпайды
Төртінші операторды қолдайтындар үш негізгі артықшылықты алға тартады. Тарифтер арзандайды, интернет жылдамдайды және байланыс сапасы жақсарады. Алайда бұл уәделердің орындалуына қатысты бірқатар күмән бар.
Баға. Жаңа оператор нарыққа орнығу үшін бастапқыда бәсекелестерінен төмен тариф ұсынуы мүмкін. Бірақ бұл ұзаққа созыла бермейді. Инвесторлар салған қаражатының қайтарымын және пайда табуды көздей бастағанда, арзан тариф саясатын жалғастыру қиындайды. Мұндай жағдайда компания не бағаны көтеруге, не шығынды азайту үшін желіні дамытуға бөлінетін қаражатты қысқартуға мәжбүр болады. Ал бұл байланыс сапасына кері әсер етуі мүмкін.
Интернет жылдамдығы. Мобильді интернеттің жылдамдығы оператор иеленетін жиілік жолағының көлеміне тікелей байланысты. Ал жиілік – шектеулі ресурс. Егер оның бір бөлігі жаңа операторға берілсе, қолданыстағы компаниялардың желілеріне тиесілі ресурс азаяды. Үш оператор пайдаланып отырған жиіліктерді төртке бөлу әрқайсысының мүмкіндігін шектейді. Соның салдарынан абоненттер көп шоғырланған жерлерде, әсіресе кешкі уақытта интернет жылдамдығы төмендеуі ықтимал.
Байланыс сапасы мен қамту аймағы. Оператордың табысы азайған сайын желіні дамытуға және жаңартуға бөлетін қаржысы да қысқаруы мүмкін. Жаңа ойыншы үшін ең алдымен табыс әкелетін ірі қалалар мен халық тығыз орналасқан аудандарды қамту тиімді болады. Ал ауылдарда, шалғай елді мекендерде және тасжолдарда байланыс сапасын жақсарту кейінгі кезекке қалуы ықтимал. Сонымен қатар нарықтағы бәсекенің күшеюінен қолданыстағы операторлардың табысы азайса, олар да инфрақұрылымды дамытуға арналған инвестициялық жоспарларын қайта қарауы мүмкін.
Осылайша, төртінші оператордың келуі тарифтердің міндетті түрде арзандап, интернеттің жылдамдап, байланыс сапасының жақсаратынына кепілдік бермейді. Керісінше, жаңа ойыншының нарыққа қосылуы қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені арттырып, желіні дамытуға бөлінетін инвестицияға әсер етуі мүмкін. Ал мұның салдарын түптеп келгенде қарапайым абоненттер сезінуі ықтимал.
Бұл неліктен маңызды?
Қазақстанның ұялы байланыс нарығында иелері әртүрлі үш тәуелсіз оператор арасындағы толыққанды бәсекелестік тек 2025 жылы ғана қалыптасты. Нарық құрылымын тағы да өзгертпес бұрын, компаниялардың саны мен тариф деңгейін ғана емес, сонымен қатар инвестиция көлемін, базалық станцияларды салу қарқынын, өңірлердегі байланыс аясын кеңейтуді және мобильді интернет сапасын да ескерген жөн. Нарықты қайтадан бөлшектегенше, инвесторлары әртүрлі үш тәуелсіз операторға өз әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік берген дұрыс.
Қазақстанға ірі қалаларда бұрыннан бар мұнараларды қайталайтын тағы бір желінің қажеті жоқ. Елімізге әрбір ауылға жететін, трафиктің артуына төтеп беретін және уақытылы 5G-ге көшетін желілер керек. Ал бұл міндет ойыншылардың санын көбейту арқылы емес, құрылысты жеделдетуге жағдай жасау арқылы шешіледі.
Операторлардың өздері құрылысқа қаржы да, құрал-жабдық та қолбайлау болып тұрмағанын айтады. Байланыс жоқ "ақтаңдақ" аймақтардың мекенжайы белгілі, базалық станциялар да қоймада дайын тұр, бірақ рұқсат алу, жер телімін рәсімдеу және электр желісіне қосылу үшін айлар бойы уақыт кетеді. Вандализм мен радиофобия – өз алдына бөлек мәселе. Тұрғындардың қарсылығы кесірінен кейде жаңа станцияны мүлдем орнату мүмкін болмаса, кейде жұмыс істеп тұрғандарын сүріп тастауға тура келеді. Дәл осы тұста нарықта тағы бір ойыншының пайда болғанынан гөрі, мемлекет пен жергілікті атқарушы органдардың қолдау көрсеткені абоненттерге әлдеқайда көп пайда әкеледі.
Түптеп келгенде, абонент мүддесін көздейтін бәсеке жарнама тақталарындағы логотиптердің санымен өлшенбейді. Ол дамның мегаполисте, шағын қалада немесе ауылда тұратынына қарамастан, тұрақты байланыстың, жылдам интернеттің және цифрлық қызметтердің қолжетімді болуы.
Алматыдағы жол жөндеуге кім жауапты: Мердігер компаниялар қанша миллиард теңгеге келісімшарт жасаған