Енді қазақстандықтар зейнетақы жинағының 100 пайызын жеке компанияларға бере алады: бүгіннен бастап не өзгерді?
Бүгін, 7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар міндетті зейнетақы жарнасынан жиналған ақшасының 100 пайызын жеке компанияның басқаруына бере алады. Бұған дейін салымшы зейнетақы жинағының тек жартысын ғана жеке басқарушыға аудара алатын. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Яғни енді азамат қаласа, зейнетақы шотындағы міндетті жарнадан жиналған қаражаттың бәрін өзі таңдаған жеке компанияға сеніп тапсыра алады.
Зейнетақы жинағын жеке компанияға берудің қандай пайдасы бар?
Мұндағы басты өзгеріс – салымшыға таңдау беріледі. Ол жеке басқарушы компаниялардың бұған дейін қанша табыс тапқанын, ақшаны қайда салатынын салыстырып, өзіне қолайлысын таңдай алады.
Қазір БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтерінің басым бөлігін Ұлттық банк басқарады. Ал жеке компаниялар салымшыдан алған қаражатты өздері таңдаған қаржы құралдарына салып, табыс табуға тырысады.
Кейінгі уақытта кейбір жеке басқарушылардың табысы БЖЗҚ көрсеткішінен жоғары болған. Мәселен, 1 қыркүйектегі дерек бойынша, БЖЗҚ активтерінің жыл басынан бергі табыстылығы 4,39 пайызды құрады. Ал осы аралықта инфляция 5,7 пайыз болған.
Зейнетақы жинағын кімге сеніп тапсыруға болады?
Қазір зейнетақы жинағын басқаруға алты компания жасақталған. Олар:
• "Alatau City Invest" АҚ;
• "BCC Invest" АҚ;
• "Halyk Global Markets" АҚ;
• "Halyk Finance" АҚ;
• "Сентрас Секьюритиз" АҚ;
• "Tansar Capital" АҚ.
"Halyk Global Markets" БЖЗҚ-мен келісімін 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап тоқтататынын хабарлаған. Сондықтан компанияға зейнетақы жинағын аудару жөніндегі жаңа өтініштер қабылданбайды. Компания зейнетақы активтерін басқаратын ұйымдар тізімінен шығарылса, оның қарамағындағы салымшылардың ақшасы қайтадан Ұлттық банкке өтеді.

2027 жылдан бастап мемлекеттік кепілдік те тоқтайды
Зейнетақы жүйесіндегі тағы бір елеулі өзгеріс келесі жылдан бастап күшіне енеді. 2027 жылдан бастап зейнетке шыққан азаматтарға инфляция айырмасын өтеу үшін берілетін біржолғы төлем тоқтатылады.
Қазір мемлекет зейнетақы жинағының инфляциядан құнсызданып кетпеуіне кепілдік береді. Қарапайым тілмен айтқанда, адам зейнетке шыққан кезде оның жинағының табысы еңбек еткен жылдардағы инфляциядан төмен болып қалса, мемлекет сол айырманы өтейді.
Мәселен, 2025 жылы осындай өтемақыны 108 156 адам алған. Оларға 16 миллиард теңгеден астам қаражат төленді. Ал биыл қаңтардан шілдеге дейін 61 682 адамға шамамен 9,7 миллиард теңге берілген. Бұл төлем биылғы жылдың соңына дейін ғана сақталады.
Жеке компанияларға зейнетақы ақшасының бір бөлігін басқару тапсырылмақ
Алдағы уақытта жеке компаниялардың зейнетақы активтерін басқарудағы үлесі тағы артуы мүмкін.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстанның капитал нарығын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасын ұсынған. Соған сәйкес, зейнетақы активтерінің жекелеген бөліктерін жеке компанияларға басқаруға беру көзделіп отыр.
Бірақ бұл жолы компанияны салымшы емес, Ұлттық банк конкурс арқылы таңдайды. Басқарушылар өздерінің қаржылық мүмкіндігі мен ақшаны қалай инвестициялайтынын көрсетіп, соның нәтижесіне қарай зейнетақы активтерінің белгілі бір бөлігін алады. Алғашқы кезеңде мемлекеттік бағалы қағаздардан жеке портфель құру жоспарланған.
Төртінші қыркүйекте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
"Біз негізгі басқарушы ретінде портфельдерді бөлеміз. Қаржылық мүмкіндігі жеткілікті, кәсіби жергілікті басқарушы командаларды шақырамыз. Олар конкурс барысында өз стратегиялары мен мүмкіндіктерін көрсетіп, активтердің белгілі бір бөлігін басқаруға алады", – деді ол.
Жеке компаниялардың жұмысы ай сайын бағаланады. Егер басқарушы жақсы табыс көрсетсе, ақша сол компанияда қала береді. Нәтижесі нашарласа, активтер басқа компанияға беріледі.
"Қаламақымызды ала алмай отырмыз": Ақындар мен композиторлар Қазақстан авторлық қоғамына қарсы шықты