Ақмола облысында 12 адам қаза тапқан дәмханадағы жарылыс: Үш адамға үкім шықты
Ақмола облысының Щучинск қаласындағы "Центр плова Loft" дәмханасында болған жарылысқа қатысты сот үкімі шықты. Қайғылы оқиғадан 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам зардап шеккен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап.
Іс Бурабай аудандық сотында қаралды. Сот алдында дәмхананы жалға алушы, автогаз құю станциясының директоры және газ баллондарын жеткізуші жауап берді.
Сот дәмхананы жалға алушыны Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ оған үш жыл бойы қоғамдық тамақтану саласында кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынды.
Соттағы соңғы сөзінде ол дәмхана жұмысын тиісті деңгейде қадағаламағанын мойындап, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмағанын айтты.
"Дәмхананың жұмысын дұрыс бақыламағаным үшін кінәм бар екенін түсіндім. Барлық құжат пен мекеменің жұмысын басқарушыға сеніп тапсырдым. Болған жағдай үшін барлығынан кешірім сұраймын және шын жүректен өкінемін", – деді ол.
Ал автогаз құю станциясының директоры Қылмыстық кодекстің 306-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталды.
Ол соңғы сөзінде тағылған айыппен келіспей, соттан өзін ақтауды сұраған. Оның сөзінше, газ баллоны сыртқы әсерден жарылған және оны бір күн бұрын газ құю станциясында толтыру мен дәмханадағы өрттің арасында тікелей байланыс жоқ.

Газ баллондарын жеткізуші де Қылмыстық кодекстің 306-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Сот оны 6 жылға бас бостандығынан айырды.
Бұған дейін прокурор дәмхананы жалға алушы мен газ құю станциясының директорын 7 жылдан, ал газ жеткізушіні 6 жылға соттауды сұраған еді.
Сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын ішінара қанағаттандырды. Сотталғандар әр жәбірленушіге 1 миллионнан 4 миллион теңгеге дейін өтемақы төлеуге тиіс.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар оған 15 күн ішінде шағым түсіре алады.
"Қаламақымызды ала алмай отырмыз": Ақындар мен композиторлар Қазақстан авторлық қоғамына қарсы шықты