Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Емдеуден гөрі алдын алу маңызды: Алты елдің сарапшылары жұқпалы емес аурулармен күресті талқылады

Душанбеде жұқпалы емес аурулардың алдын алуға арналған халықаралық ғылыми сессия өтті. Тәжікстан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь және Франция сарапшылары созылмалы аурулардың қауіп факторларын талқылап, олармен күрес тек денсаулық сақтау жүйесімен шектелмеуі керек деген қорытындыға келді.

“XXI ғасырдағы жаһандық денсаулық: жұқпалы емес аурулардың қауіп факторларын басқару және алдын алудың заманауи ғылыми негізделген стратегиялары” атты іс-шараны Тәжікстан Ұлттық ғылым академиясы Тәжікстан Республикасы Жоғарғы жиналысы Өкілдер палатасының және “Денсаулық сақтау құқығы” қоғамдық ұйымының қолдауымен ұйымдастырды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2021 жылы әлемде жұқпалы емес аурулардан шамамен 43 миллион адам қайтыс болған. Олардың 18 миллионға жуығы 70 жасқа толмаған. Жұқпалы емес аурулардың негізгі түрлеріне жүрек-қан тамырлары аурулары, онкологиялық дерттер, қант диабеті және тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары жатады.

Сессияға қатысушылар созылмалы аурулардың таралуына тек медициналық себептер ғана емес, басқа да факторлар әсер ететінін атап өтті. Негізгі қауіп факторларының қатарында темекі шегу, ішімдік ішу, дұрыс тамақтанбау, дене белсенділігінің жеткіліксіздігі, созылмалы күйзеліс және қоршаған ортаның қолайсыз жағдайлары бар.

Медицина профессоры, француз онкологы Давид Хаят патологиялық үдерістер аурудың белгілері пайда болып, диагноз қойылғанға дейін көп уақыт бұрын басталуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, атеросклероз 20–30 жаста-ақ дами бастайды, ал екінші типтегі қант диабеті ауру анықталғанға дейін 15–20 жыл бұрын қалыптасуы мүмкін. Кейбір онкологиялық ауруларда жасушалардағы қатерлі өзгерістер басталған сәттен бастап диагноз қойылғанға дейін 15–25 жыл өтуі ықтимал.

Маманның пікірінше, осы уақыт аралығы адам күрделі ем қабылдауға мәжбүр болмай тұрып, қауіп факторларына әсер етуге мүмкіндік береді. Хаят мысал ретінде темекі шегуді келтірді. Ол темекіден толық бас тарту ең тиімді шешім болып қала беретінін атап өтті. Алайда іс жүзінде көптеген адам ауыр диагноз қойылғаннан кейін де темекі шегуді жалғастырады. Мәселен, зерттеулердің бірінде өкпе қатерлі ісігіне шалдыққан науқастардың 64%-ы қауіптерді түсініп, ем қабылдау қажеттігін білсе де, өмірінің соңына дейін темекі шегуді жалғастырғаны анықталған. Сондықтан маманның пікірінше, зияны төмен балама өнімдер арқылы зиянды азайту да қауіп деңгейін төмендетудің бір жолы ретінде қарастырылуы мүмкін.

Сонымен қатар сарапшылар темекіні қыздыру жүйелері мен электронды темекілерді қоса алғанда, заманауи баламалар туралы айта отырып, ықтимал зиянның азаюы қауіп-қатердің мүлдем жоқтығын білдірмейтінін және темекіден толық түрде бас тартуды алмастыра алмайтынын атап өтті.

Беларусь сарапшысы Дмитрий Рузанов халыққа зиянды әдеттер туралы ақпарат берудің өзі жеткіліксіз екенін айтты. Адамдардың мінез-құлқына психологиялық және әлеуметтік факторлар, экономикалық жағдай, мәдени орта мен маркетинг әсер етеді. Сондықтан маманның пікірінше, аурулардың алдын алу кезінде медициналық ұсынымдармен қатар, адамның өмір салтын өзгертуіне кедергі келтіретін нақты себептер де ескерілуі керек.

Сарапшы зиянды азайту стратегиясына да жеке тоқталды. Ол темекі шегумен күрестегі халықаралық тәжірибенің оң мысалы ретінде Жапонияны атады. Оның мәліметінше, бұл елде халықтың шамамен 11%-ы темекіні қыздыру жүйелерін пайдаланады, ал темекі шегетіндердің үлесі 12%-ға дейін төмендеген.

Қазақстандық стоматолог, медицина ғылымдарының кандидаты Мейрам Раганин темекі шегетіндер мен қыздырылатын темекі өнімдерін пайдаланатын адамдардың қатысуымен жүргізілген екі клиникалық зерттеудің нәтижесін таныстырды. Оның айтуынша, зерттеулер балама өнімдердің аурулардың даму қаупін қалай төмендететінін көрсеткен. Маман бұл тәсілдерді одан әрі зерттеу қажет екенін атап өтті.

Қазақстан Құрылтайының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жұлдыз Данаева Қазақстанда жұқпалы емес аурулардан болатын мезгілсіз өлім-жітім деңгейі 25%-ға төмендегенін хабарлады. Осы нәтижесінің арқасында Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тиісті жаһандық мақсатына қол жеткізген Орталық Азиядағы алғашқы ел атанды. Сонымен қатар жұқпалы емес аурулар әлі де өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып отыр. Мұндай аурулар ел экономикасына да айтарлықтай зиян келтіреді. ДДСҰ бағалауынша, Қазақстанның жұқпалы емес ауруларға байланысты тікелей және жанама шығындары 2,3 триллион теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің шамамен 4,5%-ын құраған. Бұл сомаға емделуге жұмсалатын шығындар, халықтың еңбекке қабілеттілігінің төмендеуі және экономикалық белсенділіктің азаюы кіреді.

“Аурулардың алдын алу – болашақта бұдан да көп шығынның алдын алуға мүмкіндік беретін инвестиция”, – деді Жұлдыз Данаева.

Халықаралық сессия қорытындысы бойынша қарар қабылданды. Құжатта жұқпалы емес аурулардың алдын алу, оларды ерте анықтау, уақтылы емдеу және оңалту бағытында ұзақ мерзімді мемлекеттік саясат жүргізу қажеттігі атап өтілген.
 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 23 Қазан, 2026 16:16