Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кәрім Мәсімовтің түрмедегі өмірі құпия: Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті нені жасырып қалды?

экс-шенеунік
Фото: Екатерина Штукина / ТАСС

Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің түрмедегі өмірі туралы ақпарат бермеді. Мемлекетке опасыздық жасағаны үшін 18 жылға сотталған бұрынғы шенеуніктің қай мекемеде жазасын өтеп жатқаны да белгісіз болып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Курсив басылымына сілтеме жасап  хабарлайды. 

Мәсімовтің түрмеде жұмыс істейтін-істемейтіні, жалақы алатыны, кітапханадан қандай кітаптар оқитыны және қамаудағы жағдайына шағымы бар-жоғы туралы ақпарат берілмеді. Комитет бұл мәліметтерді сотталған азаматтың жеке деректерін қорғау мақсатында құпия ұстаған.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Сергей Варго бұрынғы премьер-министрдің қай мекемеде және қай өңірде жазасын өтеп жатқанын нақтыламады. Дегенмен оның әлі де қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде отырғанын растады.

“Сауалда көрсетілген сотталған азамат заңды күшіне енген сот актілеріне сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеп жатыр”, – делінген жауапта. 

Мәсімовтің түрмеде жаңа мамандық меңгерген-меңгермегені, 2025–2026 жылдары дәрігерлердің көмегіне жүгінген-жүгінбегені, тәртіптік жаза алғаны немесе марапатталғаны туралы мәліметтер де жарияланбады. Сонымен қатар оның соңғы бір жарым жылда туыстарымен қанша рет кездескені және сырттан қанша сәлемдеме алғаны туралы ақпарат берілмеді.

“Сотталғандардың жеке істеріндегі мәліметтер құпия саналады және жария етуге жатпайды”, – делінген ведомствоның жауабында.

Ведомство мәліметінше, сотталған адамның жазасын нақты қай жерде өтеп жатқаны туралы ақпарат заңға сәйкес тек жақын туыстарынаберіледі.

Кәрім Мәсімовтің АҚШ-қа қашып кеткені рас па?

2026 жылы тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Қазақстаннан тыс жерде жүр деген қауесет тарады. Суретші Қанат Ибрагимов өзге адамдардан естіген әңгімелерге сүйеніп, Мәсімовтің бостандыққа шығып, отбасымен бірге АҚШ-тың Хьюстон қаласында тұрып жатқанын айтқан. 

Алайда бұл ақпаратты растайтын дәлелдер ұсынылмады. Сол кезде Ішкі істер министрлігі қауесетті жоққа шығарып, комтеттің барлық мекемесінде тәулік бойы бейнебақылау жүріп, тұрақты тексерулер өтетінін хабарлаған.

Мәсімовтің Астанадағы зәулім үйіне енді не болады?

Мәсімовке тиесілі Астананың Қараөткел шағынауданындағы зәулім үйді мемлекеттік қызметкерлерге арналған кеңсеге айналдыру жоспарланып отыр. Ғимарат Ақпарат комитеті жанындағы Ақпарат және талдау орталығына берілген.

Бұған дейін үй екі рет саудаға шығарылған. Десе де оны сатып алушы табылмаған. Нысанның бастапқы бағасы 1,8 миллиард теңге болған. Кейін бұл сома шамамен 1,6 миллиард теңгеге дейін төмендетілген.

Сатып алушы табылмаған соң, 2025 жылы қыркүйекте ғимарат республикалық меншікке беріліп, Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту орталығына бекітілген.

Кәрім Мәсімов 2023 жылы 24 сәуірде Қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық іс бойынша 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алуға әрекеттену және лауазымдық өкілеттін асыра пайдалану баптары бойынша кінәлі деп таныды. Оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазым атқаруына өмір бойына тыйым салынды.

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 23 Қазан, 2026 16:35