Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кәрім Мәсімовтің зәулім үйі Мәдениет министрлігінің қарамағына өтті

Кәрім Мәсімовтың зәулім сарайы
Фото: ҰҚК

Мемлекетке қайтарылған Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім үйі енді Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты орталық қызметкерлеріне кеңсе болады. Бұған дейін үйді екі рет сатуға тырысқанымен, сатып алушы табылмаған. Кейін ғимаратты арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту орталығына берген. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

 

Зәулім үй кімнің қарамағына өтті?

Кәрім Мәсімовтің үйі Астанадағы Қараөткел шағынауданында, Ерейментау көшесі, 1-мекенжайда орналасқан.

2025 жылғы қыркүйекте Қайтарылған активтерді басқару компаниясы үйді және Мәсімовтің басқа да мүлкін сыйға тарту шартымен республикалық меншікке өткізген. Сол кезде ғимарат Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының балансына берілді.

Алайда 2026 жылы зәулім үй Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Ақпарат комитетінің Ақпарат және талдау орталығына берілген. Қаржы министрлігі мәліметінше, бұған 8 мамырдағы бұйрық пен 20 шілдедегі келісім негіз болған. Бірақ нысанды не себепті басқа мекемеге бергені туралы түсініктеме айтылмаған.

Бұған дейін онда не болды?

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің мәліметінше, ғимарат Ақпарат және талдау орталығы қызметкерлеріне кеңсе ретінде пайдалану үшін берілген. Алайда алдымен қажетті құжаттар рәсімделіп, үйді жаңа мақсатқа сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуі керек.

Жөндеу жұмыстарының нақты көлемі мен құны әзірге белгісіз. Қызметкерлердің ғимаратқа көшіп барған-бармағаны туралы да ақпарат жоқ.

Қаржы министрлігі нысанның қазір Ақпарат және талдау орталығының балансында екенін хабарлады. Оны сату немесе басқа мекемеге беру туралы шешім қабылданбаған.

 

Зәулім үй неге сатылмады?

Бұған дейін Кәрім Мәсімовтің үйі бастапқыда 1,8 миллиард теңгеге бағаланып, екі рет аукционға шығарылған. Алайда сатып алуға өтінім берушілер болмаған.

Кейін нысанды шамамен 1,6 миллиард теңгеге қайта сатуға әрекет жасалған. Үйді Астана қаласына әлеуметтік мақсатта беру мәселесі де қарастырылды. Бірақ елордалық Білім басқармасы ғимараттың санитарлық талаптарға сәйкес келмейтінін айтып, одан бас тартқан.

Осыдан кейін зәулім үй Арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту орталығына берілген еді. Енді ол мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің кеңсесіне айналмақ.

Еске салсақ, Кәрім Мәсімов — Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы. 2023 жылғы сәуірде ол мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алуға әрекеттену және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану баптары бойынша кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеумен бірге 18 жылға бас бостандығынан айырылған. Оған мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет атқаруға тыйым салынған.

Айта кетейік, бұған дейін Кәрім Мәсімовке тиесілі самурай қылышының аукционда сатылғаны туралы жазған едік.

Айнура Дарибаева
Жұма, 16 Қазан, 2026 16:49